Жаңалықтар

Бейімбеттің биігі

     Қарағанды топырағы Қазақстан байрағын асқақтатқан небір болат білекті, түкті жүректі спортшыларды дүниеге әкелді. Ептілігі мен тектілігі ел абыройын үстемелеген сондай жерлестеріміздің бірі, самбо күресі бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Бейімбет ҚАНЖАНОВ.

Боз кілемнің үстінде бүкіл әлемді тәнті еткен кейіпкеріміз 1991 жылы 13 наурызда Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы ауылында өмірге келген. Қарағанды қаласындағы «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің түлегі. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Білім ала жүріп білек күшін қатайтқан, ілбістей епті, бөрідей бетті ұлдың бұл қасиеті ата-тегінде, туған топырағында жатыр ма деп білеміз. Арғы тегіне үңілсең – Арқаға аты мәшһүр Көкбөрі Керней Жарылғап батырға тап келесің. Ал, аруақты Жидебай батыр найзасын қадаған атыраптың аңызығы да рух пен өрліктің мандаты емес пе? Жігер мен намыс топырағына сіңген өңірді табанымен жаяу кешкен кішкентай Бейімбеттің түбі жауырыны жер иіскемес балуан болары Алладан келген пәрмендей.

Жас Бейімбеттің жауырынын қалқандай, қос білегін балғадай еткен топырақ тектілігімен қатар, тегеурінін нықтаған, бабын келтірген бабкерлерін де атап өтуіміз керек. Бұл күнде әлемнің бірнеше дүркін чемпионына айналып үлгерген Бейімбеттің білек күшін арттырып, қара күшті баладан саналы самбошы жасаған Қайдар Қанжанов пен Дәурен Адамбаевтардың еңбегі орасан зор.

Бөлтірік күнінен білікті бапкерлердің ақылының арқасында бөрілі байраған талай желбіреткен Бейімбеттің жетістіктері де аз емес. Мәселен, 2009 жылы Болгарияның Самокова қаласында самбодан өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем Біріншілігінде I орын, 2010 жылы Германияның Бремен қаласында дзюдо күресінен ұйымдастырылған 1991-1992 жылғы жастар арасындағы жарыста III орын, сол жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен ересектер арасындағы халықаралық самбо фестивалінде I орын иеленді. Бұдан әрі Әлем, Азия чемпионаттарында бірнеше мәрте топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне білді. Барлығын тізбектеп жатпалық. Тек, биылдың өзінде кейіпкеріміз Мәскеу қаласындағы Харлампиев кубогында жүлделі 2 орынға иелік етсе, 6-8 шілде аралығында Астана қаласында ұйымдастырылған самбодан әлем кубогында 1 орынды қанжығалады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button