Жаңалықтар

Бейбітшілік белгісі- бәтуалы жиын

Еліміздің Конституциясы күні қарсаңында Долинка кен­тіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұра­жайында республика көлемінде өтіп жатқан «Ақ орамал» акция­сын атап өтті.

Шараға қала әкімі Сержан Аймақов және қалалық мәслихаттың хатшысы Жамала Мамерханова бастаған мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары, кент тұрғындары, ұлттық мәдени орталықтар мен мектеп оқушылары қатысты. Бұл шараны республика көлемінде өткізуге Қазақстан халқы Ассамблеясы бастама жасаған болатын. Акцияның басты мақсаты-елдегі барша азаматтардың «Ақ орамал» акциясын өткізуге өз үлестерін қосуға үндеу, этностық шығу тегіне, әлеуметтік діни ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясында өткізе отырып, болашақ ұрпақтың жүрегіне ізгілік ұялату, қазақ елінің көркеюіне атсалысуға шақыру және насихаттау, сондай-ақ, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда Қазақстанның әрбір азаматы бірдей жауапкершілікті сезіну және Отанға өзара құрмет көрсету болып табылды. Сондықтан да, бүгінгі шара талай ұлт өкілдерінің мұң мен зарына куә болған осы мұражайда өтіп отырғандығының өзіндік мәні бар.

Осындай мақсатты көздеген акцияда Аналар кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Әмина Сатоваға сөз берілді. Халық қалаулысы өз сөзінде бұдан 25 жыл бұрын Елбасымыз Н.Назарбаев адамзатты ядролық қарусыздандыру, бейбіт атомды дамыту мәселесіне тарихи шешім қабылдағандығын айтып, Семей полигоны салдарынан 40 жыл бойы зардап шегіп келген қазақстандықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүріп, тұрмыс кешуіне жағдай жасалғанына өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар, ақ орамалдың қадір-қасиетін, мән-маңызын терең толғаған ол жас ұрпақтың санасына әсерлі әңгімемен ой салды.

Осыдан кейін акцияның өту мақсаты, әсіресе, ақ орамал жайлы кең түсінік беріліп, жылы лебізін білдірген татар-башқұрт ұлттық бірлестігінің басшысы Нина Евстегнеева да тереңнен сөз қозғап, тарихымызға қысқаша шолу жасады. Жиын барысында қазақ ұлттық мәдени орталығының мүшесі Гүлбаршын Тажмағамбетова да ақ орамал – ақ жүректік пен ақ көңілдің, бейбіт өмірдің нышаны екенін жеткізіп, жас буын өкілдерін ананы құрметтеуге, үлкенді сыйлауға шақырды.

Акция барысында мектеп оқушыларынан құралған аппақ киімді биші қыздар ақ түстің қасиетін, пәктікті насихаттап өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен бірге, олар би арқылы ақ орамал бейбітшілік пен тыныштық символы екенін айқындады. Шара соңында жиналған жұртшылық ескерткіш басына гүл шоқтары мен оқ орамал қойып, тағзым етті.

А.ТҰРЖАНОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button