Бас тақырып

Бейбіт күннің батырлары

Біз тәртіп сақшыларын қоғамда көрініс тапқан құқық бұзушылықтарды реттеп, олардың салдары мен себептерін анықтайтын қызметкер деп түсінеміз. Алайда, полиция қызметінің қаншалықты күрделі һәм қауіпті екеніне мән бермейміз. Бейбіт елде ғұмыр кешіп жатқанымызбен, түрлі айтып келмейтін апаттардың кесірінен қызмет бабымен жүріп қаза тапқан сақшылар қаншама. Күнделікті өмірде адам жанын ажалдан арашалап, тосыннан келетін тілсіз жаудан сақтап қалған сақшылардың ерлігі – ерен. Міне, осындай өз қызметтерінде жасаған ерліктерін, ерлік емес басты міндетіміз деп жүрген полиция қызметкерлерін бүгінгі күннің батырлары деуге әбден лайық.

Сондықтан, полиция қызметкерлерінің алдағы 23-ші маусым төл мерекесі күндеріне орай осындай ерлігімен көзге түскен бірнеше батырлардың ісін дәріптеуді жөн көрдік. Апатты оқиғалар кезінде өз өмірлерін тәуекелге тіксе де, қарапайымдылығымен ерліктері жария болмай жүрген полицияларымыздың саны аз емес. Олардың қатарында қарағандылық аға полиция сержанты Сержан Танатов және жергілікті полиция қызметінің бөлімшелік инспекторы, полиция лейтенанты Асыл Жұманов бар. Олар жанып жатқан үйден адамдарды құтқарып, көзсіз ерлікке барды. Тарқата айтсақ, 2017 жылы 23 желтоқсанында Қарағандының Сұрыптау ауданында тұтанған өрттен үш бірдей адамның жанын арашалап қалды. Олардың сөзінше, көшелерді аралап жүріп, жеке үйлердің бірінен шығып жатқан қара түтінді көрген. Қызыл жалынға оранған үйдің есігі жабық болған. Тәртіп сақшылары металл торды сындырып, терезе арқылы ішке кірген. Түтінге тұншығып, есінен танып жатқан бір ер адам мен екі әйел адамды көріп, далаға алып шыққан. Осылайша жеке басына төнген қауіпке қарамастан, үрей мен қорқынышты ысырып тастап, адам өмірін құтқарып қалды.

Осы орайда тілсіз жаудан автобустағы 51 жолаушыны аман алып қалуға көмектескен полиция лейтенанты Мұрат Нұрмағамбетов пен жол-патрульдік полициясы батальон қызметінің инспекторы полиция аға лейтенанты Жасұлан Егеновті айтпай кетуге болмас. Оқыс оқиға қос сақшы «Алматы – Екатеринбург» тасжолында қызметте жүргенде орын алған. Олар өздеріне қарсы өткен «Neoplan» автобусының артқы бөлігі өртеніп жатқанын байқап қалған. Көліктерін кері бұрып, автобусты тоқтатып, салоннан дереу 51 жолаушыны шығарып, содан кейін өртті сөндіруге кіріскен. Осылайша, полицейлердің қырағылығының арқасында адамдар қатерден аман қалған. Сонымен қатар, жолаушылардың үйлеріне жетуіне жедел қызмет көрсеткен.

Бұл көрсеткен көмектері ерлік болса да, қос сақшы мұны тек қызметі деп санайды. Олардың айтуынша, қызмет барысында қиын сәттер көп кездескенімен, еңселерін түсірген емес. Керісінше, өмір жолында кездескен қиыншылықтар бойларына рух, саналарына сенімділік ұялатып, алдағы армандарына ерекше құштарлықпен жетелеген. «Қазақ қашанда арды жанынан биік қойғандықтан, менің мақсатым – елімнің арын бұлқынған намыс пен жұлқынған жігермен ақтық демім қалғанша қорғау», – дейді Жасұлан Егенов.

Қызметтен бөлек уақыттарда да қарағандылық сақшылар ерліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Осы айдың басында полиция майоры Дастан Азанбаев Қарағандыдағы Федоров су қоймасында батып бара жатқан ер адамды ажал аузынан аман алып қалғаны елдің есінен шыққан емес. Дастанның сөзінше, түс мезгілінде бауырымен бірге жеке көлігімен кетіп бара жатқанда суға малтыққан адамды байқап қалған. Дереу көлікті тоқтатып, суға батып бара жатқан адамды құтқарып, өмірін сақтаған.

Иә, мұндай қызметке адалдық, тазалық пен өз ісіне деген шынайылық нағыз ерліктен туындайды. Ал, Абайша айтқанда, «Ерлік жасай білу – жүректегі қайраттан!» екендігін қарағандылық сақшылар талай мәрте дәлелдеп берді. Бұл тұста біз, қызметтік міндеттерін адал атқарып қана қоймай, кей сәттерде жанын қиюдан да жасқанбайтын жерлес жігіттермен мақтана аламыз. Ел сенімін ақтап, «жаным арымның садағасы» деп, үлкен абыроймен қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты іс. Міне, сондықтан, иықтарына таққан погонға дақ түсірмей жүрген сақшыларды жас ұрпаққа үлгі тұту мақсатында олардың ісін дәріптеуді басты міндет санадық.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button