Тарих

“Базарың құтты болсын, ардақты елім!”

1848 жылы жаз айларында Қарқаралы көпесі Варнава Ботов тауар тиелген көшімен Қу болысының Қоянды атанған нулы да, сулы жеріне сол болыстың управителі Ақайдың Хасенінің келісімімен қонып орналасады. Осы өлкені Қаракесектің Жарылқап, Наманай, Құдайберді ұрпақтары көшіп-қонып жайлайтын еді.

Қоянды мекені Қарқаралы қаласынан 50 шақырымдай жерде – Тоқпан тауының баурайында, Талды өзені мен Қарасар өзенінің бір-біріне құяр тұсы, сол заманның көлік қатынасына қолайлы (Қараөткел, Семей, Кереку) үлкен қара жолдардың түйіскен жері және бірдей қашықтықта орналасқан еді. Осы күн қазақ даласында аты шыққан Қоянды жәрмеңкесінің алғашқы ұйымдасқан күні деп есептелінді. Жәрмеңкенің қазақ даласында көтерме сауданың және тауар айналымының қандай әсері болатынын осы уақытқа шейін көптеген тарихшылар, ғалымдар, жазушылар жазып кетті. Үлкендердің айтқанындай, жәрмеңке Жарылғап бабаның тікелей ұрпағы Қу болысы (1872 жылдан 1916 жылғы аласапыранға дейін) Ақайдың Хасенінің рұқсатымен және қатысуымен өтеді екен.

Жәрмеңкенің атағы тек қазақ даласында ғана емес, бүкіл Орта Азия елдеріне, Қытай мен Ресейге белгілі болып, саудагерлері сауда-саттықпен айналысқан. Қазақ елінің саяси өміріне, мәдениеті мен өнеріне, экономикасына үлкен серпіліс берген Қоянды жәрмеңкесінің маңызы өте зор деп есептеймін. Жәрмеңке туралы кезінде өлкетанушы Алаш арыстары Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, жазушылар С.Бегалин, С.Ләмбеков, өлкетынушы Ю.Попов, әуесқой тарихшы Т.Жақыпжанов жазды. Ал, өзім оқырмандарға куә болған және бүгінде арамызда жоқ 100 жастан аса өмір сүрген ауылымның ақсақалы Бектемір Кінібаев атамыздан естіген жәрмеңкеге қатысты әңгіме естеліктерін, 1930 жылы соңғы жәрмеңкеден кейінгі ауылымның тағдыры және жерлестерімнің Кеңес заманындағы өмірін сөз етпекпін.

Қоянды жәрмеңкесінің сауда құрылғылары, үйлері Балықтыкөл ауылдық кеңесіне қарасты «Қоянды» қолхозының меншігіне берілді. Коллективтендіру науқанына белсене кіріскен менің ауылдастарым бірігіп мал бағып, ортақ меншікке жұмыс істеп, жемшөп дайындап, колхоздың экономикасын көтеруге кіріседі. Алайда, алда қолдан ұйымдастырылған 1931-1932 жылдардағы ашаршылық нәубеті ауылды айналып өтпеді. Қолдағы бар малдан айырылып, ел жан-жаққа босып, қырғынға ұшырады. Сол кездегі тарихи құжаттар көрсеткендей, Қоянды елі 95% төрт түліктің барлық түрінен айырылып, ашыққан ел үлкен жұтқа ұшырады. Бұл Қоянды елінің алғашқы тоқырауы еді.

1933 жылы Қазақстан үкіметі ашаршылықтан аман қалған елді жинап, алдарына аздаған мал салып, тұқыммен қамтамасыз етіп, ортақ меншікті одан әрі дамытуға күш салды. Берілген көмектің арқасында, береке-бірліктің арқасында Ұлы Отан соғысының алдында мал басы өсіп, ел аз да болса аяғына тұрып, ауыздары аққа тиіп, болашаққа үмітпен қарай бастады. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында адал еңбектерімен, өздерінен артылғанның барын «Отан үшін», «майдан үшін» деп, майдан даласына жіберіп отырды. Тылдағы жерлестерінің, аналары мен әпкелерінің ерен еңбектері туралы мен кезінде Ұлы Жеңістің 60 жылдығына қарай «Орталық Қазақстан» газетіне жазғанмын («Орталық Қазақстан» 24.04.2005 ж). Колхоздастыру кезеңінде, Ұлы Отан соғысы кезінде таңның атысы, кештің батысы бел шешпей еңбек еткен Бектемір, Адан Қапан, Іргебай, Зейтін, Мәну, Исабек, Ғазиз, Кәрім, Жаңғал, Асқар аталарымыз ауылдың тарихында, ұрпақтарының есінде қалды. Қоянды елінен Ұлы Отан соғысына 20-дан астам аптал азамат аттанды.

Ұлы Отан соғысынан кейін Қоянды ауылының орнында Қоянды МТС-і құрылды. Алғашқы директоры Мясников, портком хатшысы Қ.Әукетаев болды. МТС-тің негізгі міндеттері – ірілі-ұсақты колхоздарға машина, трактор және ауыл шаруашылығы техникаларымен егін егіп, мал азығын дайындау, егін орағын өткізу науқанына көмектесу болды. Бұл міндетті Қоянды МТС-і абыроймен атқарды деп ойлаймын. 1954 жылы Кеңес үкіметінің тың және тыңайған жерлерді игеру деген жалпыхалықтық ұраннан менің жерлестерім де қалыс қалған жоқ. Осы науқан Қоянды жұртын екінші рет тоқырауға ұшыратты. Қоянды МТС-і таратылып, оның барлық дүние-мүлкі Арқалық МТС-і құрылған Ақтасты ауылына көшірілді. 1955 жылы бір кезде орта мектебі, дүкені, дәрігерлік пункті, мәдениет ошағы болған Қоянды жерінде 4-5 отбасы ғана, ғимараттардың бәрі бос қалды. Екі қабатты үйлер, мешіт, шіркеу және қоймалардың ешкімге керегі жоқ болып қалды.

1955 жылы жаңадан құрылған тың совхозы комсомолға Қоянды жәрмеңкесінің айналасындағы бір кездегі ат ойнатып көкпар тартқан, бәйгіде тұлпарлардың тұяғы дүрілдеткен боз даланы тың игеруші келімсектерге беріп, ел басшылары қасиетті жердің ту-талақайын шығаруға рұқсат берді. Тоқпақ тауынан Қарасор көліне шейін, Қызыл төбеден ауылдың іргесіне дейінгі кең алқапты алдыртып, 6 мың гектардан астам жер игерілді деп мақтаныш мәлімет жіберілді. Келесі жылы осы жерлерге егін себілді және сол жылы қос қабатты үйлер, қоймалар бұзылып, тастары және басқа да материалдары астық қоймаларын салуға жұмсалды.

Келімсектер мешітті де аяған жоқ, алайда христиандар болғасын ба, орыс шіркеуіне тиіскен жоқ. Егіндібұлақ өңірінде миллионер тың совхозы комсомолдың тың игерушілері төрт жыл бойы аларын алып, жердің табиғи құнарлылығын төмендетіп, кеуделерін орден, медальдарға толтырып тайып отырды. Сөйтіп, 1961 жылы бұрынғы К.Маркс колхозын ірілендіру есебінен «Қоянды» совхозы құрылып, оның алғашқы директоры Х.Тоқпаев болды. Осы жылдарда қалған тас ғимараттар бұзылып, қоймалар шеберхана үйлер салуға құрылыс материалдары пайдаланылды. Жәрмеңкеден қалған ескі ескерткіш, орыс шіркеуі мен көпестің қоймасының жартысы бұзылып, сол кезде біздің өткенге көзқарасымыздың қандай болғанының куәсі болдық. Сонымен, бүгінгі күнге жеткен сол көпестің қоймасының жұрнағы мен мұндалап тұр. Өкінішті-ақ.

Қоянды жәрмеңкесінің құрылғанына биыл 170 жыл толып отыр. Өзінің үшінші тоқырауына тәуелсіздік жылдарында ұшырады. Кеңшар тарап, дүние-мүлік ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетті, тіпті, он мыңдаған қой жайылған, үйір-үйір жылқы айдаған Шоқай бөлімшесі орталығымен, қыстауларымен құрдымға кетті. Бір кездегі 1,5 мың халық тұрған ауылда бүгінгі күні 500-ден астам халық өмір сүріп жатыр. Арнайы жобамен салынған үлкен орта мектепте 60-қа жуық жеткіншек білім алуда. Мәдениет үйі, дүкендер, наубайхана, дәмхана бұзылып, жекешелендірілген. Бүгінгі ауылдың нағыз патриоттары туған жерден алшақтамай, тіршілік қамын жасап, өмір сүруде. Бірді-екілі шаруа қожалықтары болмаса, мыңғыртып мал айдап, гектарлап егін сеуіп жатқандар некен-саяқ. Аудан басшылығы мал шаруашылығын дамытуды қолға алатын инвесторларды тартса, жер қорын дұрыс пайдаланса, ауылды өркендетуге, тұралап қалған елдің еңсесін көтеруге үлкен көмек болар еді. Ауылды өркендетеміз деген бауырларым Қалтай Омаровтың немересі Нұрлан, Мәдікен Қыдырбеков ағамыздың баласы Қуат, Тарғын Әбішевтің балалары тіршілік жасап, ауылға көмектерін аямауда. Аты бар, ізі қалмаған Шоқай бөлімшесін жалға алған баянауылдық кәсіпкер Батырбек деген азамат әлеуметтік көмектерін жәрмеңке еліне жасап жүрген көрінеді. Қашан да қонақжай қалпынан айнымаған, бауырмал, ақкөңіл, даламның кеңдігіндей жомарт ауылдастарым сырттан келген жұмыскер болсын, қызметкер болсын, құшақ жая қарсы алып, бауырына тартты.

«Дүние-ай, қадіріңді құрт ұқтырып, Барасың күннен-күнге ынтықтырып. Көлбеген көк белдерге, туған жерге, Қараймын көздің жасын сүртіп тұрып» деп ақындар айтқандай, менің туған елге деген сағынышымның бір белгісі – осы жазбам. Жоғарыда атап өткенімдей, 4 тамызда 170 жылдығын тойлағалы отырған Тоқпан тауының бауырындағы Қоянды жәрмеңкесінің тарихы туралы қаза берсең, шежіреге толы, қатпар-қатпар тереңіне бойлап, қопара жаза алмадым. Тек, 170 жылдық асу беліне шыққан көне тарихи мекен жайлы тұсаукесер болсын деген ниетпен өзімше парызымды өтемек болдым. Ауылымның тойы жалғасын тауып, аудан көлемінде атқарылатын істерге ақ жол тілеп, тарихындағы жарқын беттер көбейе берсін, лайым!

Төлеу ЖАҢҒАЛОВ,

зейнеткер, еңбек ардагері.

 БҰҚАР жырау ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button