Руханият

«Бауыр тойы – ауыл тойы»

Жаңаарқа топырағы – небір өресі биік өнер иелерінің кіндік қаны тамған жер. Ал, сол өнер десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқы қашан да табиғаты таза, болмысы бөлек, тұлғасы ерек ұл-қыздарын үкілеп, алақанына салып келді емес пе? Міне, ауыз толтырып айтарлық сондай кесек тұлғалардың бірі һәм бірегейі, әуезі бөлек әнші, сазгер бүгінде ердің жасы елуді еңсеріп, ел сүйіспеншілігіне бөленіп отырған Сайдалы Сары Тоқаның ұрпағы – Балтабай Әбілқасымұлы ҚЫЗЫРОВ.

Дауысы алты қырдан әрі асқан бұл дәстүрлі әншіңіз дәуірінде бүкілодақтық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанып үлгерген еді. Ол аз десеңіз, дарынды актер ретінде танылып, ұлағатты ұстаз бола білгені тағы бар. Сонау 1964 жылдың сарыала күзінде кіндігі кесілген Балтабай Қызыров дүние есігін ашарда әкесі Әбілқасымның түсіне Айбалта, Бибі-айша анасының түсіне үкілі домбыра кіріп, аян берген деседі. Нәрестенің әнші болуын арман еткен ата-ана азан шақырып, есімін Балтабай қойды. Қолына үкілі домбырасын ұстатты. Дегенмен, бала Балташтың ата-ана қасындағы базарлы күндері тым ерте түгесілді. Небары 11 жасында сұм ажал екеуінен бірдей айырады. Тоғыз баланың кенжесі ретінде ағаларына арқа сүйеп, кішкентайынан нағашысы Қайрат Байбосыновқа еліктеп жүріп ер жетті.

Есейе келе аудандық, қалалық, облыстық, республикалық және бүкілодақтық байқауларға қатысып, шығармашылығын шыңдады. Марқұм Жақсылық Мағзұмов және Мағаз Әбдіғазымов сынды ауылдағы ұстаздарынан тәлім ала жүріп, 1982 жылы Молдова астанасы Кишиневте өткен Бүкілодақтық байқауға қазақстандықтардың атынан қатысты. Бағы жанып, лауреат та атанады. Ақыры, бойындағы бұлқынған өнері Балтекеңді Мәдениет үйі сахнасына алып келді. Әншілігі һәм актерлік өнерді қатар ұстаған Балтекең Жаңаарқа халық театрымен бірге Мәскеуде сахналанған «Қыз жібек» қойылымында рөл сомдады. Сондай-ақ, «Жаралы гүлдер», «Күйеу табылса қыз дайын», «Алтын көрсе періште жолдан таяр» спектакльдерінде де жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Кейін Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына орай сахналанған «Сұңқар торда» спектаклінде Сәкеннің рөлін сомдаса, қазіргі таңда «Шырмауық» спектаклінде түрмедегі қылмыскердің, «Сәкеннің аманаты» спектаклінде Мирзоянның рөлдерін ойнап, ел ықыласына бөленуде.

Сондықтан, бүгінгі екі ұл, екі қызының бойына өнер нәрі әкесі Балтабайдың қанымен келді деуге әбден тұрарлық. Бос уақытын бала тәрбиесіне бөлетін Балтекең әншілігі мен актерлігі аздай, арқасы қозғанда өлең шығаратын, оған өзі ән жазып қоятыны тағы бар. Тіпті, кейінгі толқын арасынан әнші шәкірттер тәрбиелеп, ән айту мәнерін, мақамын үйретіп, қамқорлық танытатын ұстаздығы да жоқ емес. Солардың қатарында марқұм Биғазы Тұтқабеков та бар еді ғой…

Ендігі сөз етпегіміз – Балтекеңнің шығармашылық кеші һақында болсын. Жақында ол өнерді бағалай, талантты саралай білетін Сәкен ауылында «Аңсағаным – ауылым» атты шығармашылық ән кешін өткізіп, «Иманақтың» бауырын сыйқырлы сазға бөлеген болатын. Кешегі сал-серілердің ізін жалғаған бүгінгі Балтекеңді өнер сүйер халқы ерекше бағалайтынын бұған дейін де білетін едік. Бұл жолы да сол ғадетінен таймапты. Бесігін ән тербеген ауыл адамдары залға лық толды. Келбеті келісті, өнері өрісті Балтекең алғашқы әнін Абайдың «Сегіз аяғымен» бастап, әрмен қарай Сәкеннің «Тау ішінде», «Мақтымқұлдың термесі», «Қайыптың термесі», «Айтбай», «Өмір толғауы» әндерін әуелетіп әкете барды. Көңіл кептерлерін аспан әлеміне самғатты. Иығына ақ шапанын жамылып, үкілі бөрігі үкілі домбырасымен үндестік тапқан Балтекеңді көріп, құдды бір Сәкен бабамызды көргендей болып едік-ау. Әнді ән жалғап, кеш иесі туған ауылына деген сағынышын ақын Әйкен Асан апамыздың сөзіне жазылған «Иманағым ауылым» әнімен әуелете жөнелгенде Иманақтың басынан ән ұшырғандай күйде қала бердік. Өз кезегінде, әнші ұлын ауылдастары да айрықша құрмет-қошеметке бөлеп, абыройын аспандатып әкетті.

Игілікті іс кімді де болсын қуанышқа бөлейді ғой. Ендеше, «Бауыр тойы – ауыл тойы» деген асыл сөзді ел-жұртының өзі-ақ дәлелдеп берді. Кеш соңында ауыл ақсақалдары ақ батасын жаудырып, ізгі ниет-тілектерін білдірді.

Жазыбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

Сәкен ауылының тұрғыны.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button