Тарих

Баубек батыр мазары

Есімі елге етене танымал батыр Баубек Бекмырзаұлының мазары Ақмола облысына қарасты Есіл ауылының іргесіндегі Қызыл ту бөлімшесінде орналасқан. Деректердің айғақтауынша, «жүрегінің түгі бар» ұлт ұланы 1824 жылы Көкшетаудың төңірегінде дүниеге келген. Әкесі халыққа белгілі бай адам болған екен. Алайда, Өмірден ертерек өтіп кеткен. Сол себепті, бала Баубек бар болғаны тоғыз жасында Кенесарыға жуық жүретін адамдардың тәрбиесіне түседі. Кейін ханның өкіл ұлына айналады. Сөйте жүріп, әскери іс-қимылдарға машықтанады. Бүгінге жеткен аңыз бойынша Баубек батыр – табиғи күшімен, төзімділігімен ерекшеленген адам.

Баубек алғашқы шайқасқа 15-16 жас шамасында қатысқан. Сол жолы атышулы қырғыз батыры Отыншыны жекпе-жек ұрыста жеңіп, содан кейін есімі елге батыр ретінде жария бола бастайды. Ол Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастыруы мен әскери іс-қимылдарын жүргізуі кезінде ханның ең сенімді көмекшілерінің біріне айналады. Кенесары мен оның інісі Наурызбай тұтқынға түскенде, Баубек те солардың қасында болады. Елім деп еңіреген баһадүрлер қаскөй дұшпан ның қолынан қазаға ұшыраған сәтте Баубек ебін тауып, жау құрсауынан қашып шығады. Содан туған өлкесіне оралады.

Кенесары көтерілісінің дауылы басылғаннан кейін Баубек өзінің туыс-туған, рулас ағайындарымен бірге Есіл өзеніне құятын Терісаққан өзенінің бойына көшіп қонады. Сол маңдағы қазіргі Терісаққан ауылы – бағзы күндердегі Баубек батырдың қонысы.

Патша өкіметіне қарсы соғысқа қатысқан, қарапайым халықтың қорғаушысы болып, олардың шексіз құрметіне бөленген жанға қатігез билік кең тыныстау мүмкіндігін берсін бе? Көп ұзатпай, саяси көзқарастары мен бұлжымас берік ұстанымдары үшін патша әкімшілігі батырды Ресейдің Түмен облысына жер аударады. Айдауға кетіп бара жатқанда жарықтық қылышпен бір саусағын шауып түсіріп, «Бұл сапардан оралмайтын шығармын. Менің көз жұмғаным жайлы хабар жетсе, мүрдемнің орнына осы саусағымды жер қойнына тапсырыңдар» деп аманаттап тастап кетсе керек. Айтқандай-ақ, ұлттың қамын ойлаған алып жүректі тұлғаға елге есен-сау оралу нәсібі бұйырмай, 1884 жылы айдауда жүріп, бақиға аттанады.

«Баубек батыр дүниеден баз кешіпті» деген сыбыс жеткенде ауылда қалған ағайын оның аманаттап кеткен саусағы мен киім-кешегін Қызыл ту ауылының іргесінде мұсылман дәстүріне сай жер қойнына береді. Тастан қалап, еңселі мазар тұрғызады.

Бертін келе, өздерінің баһадүр бабаларының есімін ұлықтауды парыз санаған ұрпақтары батыр мазарын жаңғыртып, үлкен кесене көтереді. Соның құрметіне 1993 жылғы 16 қазанда дүйім елге сауын айтып, ас береді. Бұрынғы Қызыл ту ауылы қазір Баубек батыр ауылы деп аталады.

Саяси ұстанымдарға байланысты Кенесары көтерілісіне қатысы бар адамдардың аттары ұзақ уақыт «ұмыт қалып» келгені белгілі. Сол себепті, Баубек батырдың өмірі мен баянсыз тірліктегі әлеуетті әрекеттері толыққанды зерттелмей қалған. Ол туралы тарихи материалдар тым аз көлемде сақталған. Десек те, біршама қазақ жазушылары өз туындыларында батыр бейнесін жасауға талпыныс жасады. Олардың қатарында Ілияс Есенберлин («Көшпенділер» тарихи трилогиясы) мен Сабыр Шәріпов («Ерден көлі» («Озеро Ердена» повесі) бар. Батырдың есімі сондай-ақ, белгілі тарихшы Ермұқан Бекмахановтың басшылығымен жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» («Истории Казахской ССР») жинағында аталады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button