Бас тақырыпРуханият

Батыр ескерткіші рәсімделді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел көлемінде көңілге қонымды жұмыстар жүргізіліп, ұлтқа қызмет еткен тарихи тұлғалардың танымалдығы арта түсуде. Сондай санаттағы Аралбай батыр Әлібекұлы – қалмақ шапқыншылығы кезінде қол бастап, туған жерді басқыншылардан қорғау жолындағы ерен ерлігімен көзге түскен, есімі ел жадында қалған бірегей тұлға. Жуырда Жаңаарқа ауданының орталығында осыдан бірнеше жыл бұрын орнатылған батыр бабаның еңселі ескерткіші Атасу кенті әкімдігінің қарамағына ресми түрде қабылданды.

Айтулы шара құрметіне батыр ескерткішінің іргесінде салтанатты жиын өткізілді. Оған жазушы Алдан Смайыл, айтыскер ақын, ғалым Аманжол Әлтай, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов, ауданның атқарушы және өкілетті билік органдарының басшылық құрамы, ауданның Құрметті азаматтары, батырдың ұрпақтары мен жалпы қауым қатысты.

Жиылған жұртшылықты жағымды жаңалықпен ақжарыла құттықтаған мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайыл ескерткіш құжатын Атасу кентінің әкімі Амантас Түсіповке салтанатты жағдайда тапсырды. Осынау істің оңтайлы атқарылуына ықпал етіп, азаматтық ұстанымын айғақтаған аудан әкімі Юржан Бекқожинге батыр ұрпақтары мен аудан жұртшылығының атынан шынайы алғысын айтты. Салтанатты рәсімнен кейін бұқара қауымға ас беріліп, баһадүр тұлға рухына құран бағышталды.

«Өткенсіз – бүгін жоқ». Демек, бұл – тағылымды дәстүрдің жаңаша сипатта көрініс беруі, берекелі ынтымақтың айғағы, ұлттық сипатта рухани кемелденуге бет бұрудың өнегесі.

Қалкен СМАЙЫЛ,

ақын, жазушы-журналист, өлкетанушы.

Басқа материалдар

Back to top button