Батыр Баян басы жаңғыртылды

Шілденің соңғы күні Арқа даласында шалқып шарапат жүзді десе болғандай. Балқаш қаласының терістігі Қарабұлақтағы Сары-Баян жотасында қазақ батырларының сардары – Баян қорымы көтеріліп, басына ескерткіш-белгі қойылып, ас беріліп, құран бағышталды.

Сауапты шараға ұйытқы болушы – батырдың ұрпақтары. Нақтырақ айтсақ, «Баян батыр» қоғамдық қорының президенті Қайрат Кәркенұлы. «Баянсыз қанатымды қалай жаям?» деген хан Абылайдың аруақты батырларының бірегейі – Баянның басын көтеріп, ескерткіш-белгі қою – бар қазақтың қасиетті борышы ғана емес, ұлттың мерейі. Ұлыстың мәртебесі. Оны бізден бұрын сезген ұлы Мағжан Жұмабаев батыр Баян туралы тұтас поэма жазып, өлмес мұра қалдырғанын ел білуге тиіс. Басына қойылған ескерткіш-белгітасқа осы поэмадан үзінді шумақ қашалған екен. Осындай сауапты шараны ұрпақтары мен Алашқа қараған азаматтар атқарыпты.

«Шаңды жорық» ұрысында шәйіт кеткен батырдың басын тауып, жатқан орнын белгілеуші – облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, қаламгер-журналист Мағауия Сембай ағамыз. Көмескі тарихтың бетін ашып, айқындаған жазушы Төрехан Майбас: «бұл жерде жалғыз батыр ғана жерленбеген. Соңынан ерген сарбаздары да жатыр» дейді.

Ас берілуі барысында «Баян батыр» қоғамдық қорының президенті Қайрат Кәрікенұлы шарапаты мол шараға ат салысып, қорым тұрғызып, ескерткіш-белгі қоюға демеушілік жасаған бірқатар азаматтарды сардар батыр Баян медалімен марапаттады. Оның ішінде көмескіленген көне тарихты айқындап, көпшіліктің игілігіне айналдырушы қаламгер-журналист Мағауия Сембай мен жазушы Төрехан Майбас бар. Сауапты шараның шарапаты жұқсын елге.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.