«Баталы құл арымас…»

Бала болдық. Көбіне атам мен әжемнің қолында өсіп, солардың тәрбие-тәлімдерін өнеге етіп, өреме түйіп алғанмын. «Баланы – жастан» деген бар. Ес білгелі Дөдем (ата орнына айтылады) үлкендердің батасын алуға баулыды. «Үлкеннің жолын кеспе! Жолыға қалсаң, қолыңды соза жүгіріп сәлем бер! Сөзіне құлақ түр, айтқанын ескер!» деп санама әбден сіңірген. Бұл – тәрбиенің ең қарапайым түрі һәм үлкен сауаптың өзі екенін енді сезіндім…

 

Бір күні асығыс келе жатып, ауыл ақсақалын көрдім де, көрмегендей кейіп танытып пендешілікке салынғаным бар. Ол кісі де мұнымды күтпеген болар, орнында абдырап біраз тұрып қалған. Астымда екі доңғалақты шайтанарба. Содан ауыл сыртына шығаберісте оңбай құладым. Құдай қақты. Менің үлкен кісіні көре тұрып, алғаш кесе-көлденең өткенім сонда-тұғын.

Ауданға сайысқа баратын болдым аяқасты. Дайындық мүлдем жоқ. Көше ішімен жолға шығып келе жатқанымызда әлгі ақсақалдың үйіне көзім түсті. Таң бозарған кез. Шопыр ағайдан кідіре тұруын өтініп, ақсақалдың қолын алуға тұра шаптым. Қолында күміс құманы, дәрет алып, Құдайға мінәжат еткелі отыр екен. «Шыттай болып алыпсың, жүлдемен орал!» – деді де бетін сипады. Өткендегі өрескел қылығымды бетіме баспай, «көргенді баласың ғой, біліп келгеніңді сезіп отырмын, қарағым! Мен білетін Дөденің баласы – енді елдің баласы. Қанатың талмасын!» деп бір ауыз сөзге семіртіп жіберді. Сол күні жүлде бұйырған.

Содан бері үлкеннің батасын олжа санап келемін. Үйге келген қонақтардың қолына су құйып, қызмет қылуға құмартып тұрамын.

Бүгінде ініге аға боп қалдық. Қонақтардың қолына су құюға бұйырғанмын сол інілеріме. Батасын алсын деген ниетпен. Біреуі шаруасын айтып сыртқа кетті. Естілеу біреуі мұрнын тыржитады. Батаның қасиетін білмейтіндерін байқатты, үндемедім. Кейін жоғарыдағы мысалды арқау етіп, саналарына сіңіргендей болдым. Бұл енді қазақылықтың қаймағы бұзылмаған бүгінгі ауыл балаларының кейпі…

Кейде жасы үлкен ағалар қолға су құйып жүреді. Әрине, батаның жас талғамайтыны рас. Дегенмен, оны ертеңі бар балалардың алғаны жөн ғой…

Ертеде Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айырылыпты. Хақ Тағала «Тағы бір ұл нәсіп еттім. Бірақ, шарты сол қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Разысың ба?» деп сұраған екен. Іштей қынжылса да, пайғамбар ризашылығын білдірген. Көп ұзамай ұлды болады. Атын Сүлеймен қояды. Дәуіт патша болғандықтан, сарайына күніне жүздеген адам келеді. Бала Сүлеймен таңнан кешке дейін қонақтардың қолына су құйып, қалтқысыз қызмет еткен. Разы болған қонақтар ғұмырлы болуына, әділ патша болуына тілектестік білдіріп, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлеймен үлкен азамат болады. Бір күні Дәуіт Тәңірінен «Баламның қызығын 9 жыл ғана көресің, – деп едің. Бұл не хикмет?» деп сұрағанда, «Рас айтасың, балаңның пешенесіне 9 жыл ғұмыр жаздым. Бірақ, зерек ұлың қонаққа қызмет қылудан жалықпады. Үлкеннің батасын алуға құмартты. Сол себепті, көптің алғысымен ғұмыры ұзарды» деген жауап алыпты Тәңірісінен.

Батасыз жауға шаппаған баһадүр бабалар ұрпағынан емес пе едік? Балаңыздың болашағына алаң болсаңыз, бала шағынан үлкеннің алғысын алуға үгіттеңіз. Сосын зор үміт күтіңіз…

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.