Тұлға

Басылым бағын жандырған

00

Әсілінде, әр шығарылымын асыға күтіп отыратын оқырманы  бар газет – бақытты.  Жезқазған аймағына тарайтын «Подробности» газеті туралы осылай деуге келеді. Бас редакторы ретінде басылымның бағын жандыра білген білікті журналист Нина Андреевна        БАРБУТЬКО тапжылмай 20 жылға жуық басшылық тізгінін бекем ұстап, осы газетпен бірге жасасып келеді.

 

Амандық РАХҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

 

Өмірде әр нәрсенің өз себеп-салдарлары болады ғой. Ақпарат айдынындағы бұл бұралаң оқиға да Жезқазған облысы таратылып, Қарағандыға қосылған 1997 жылы орын алған еді. Ойда жоқта облыстың «Центральный Казахстан» атты орыс тілді газетінің редакциясы бүкіл қызметкерімен ешкімге керексіз болып далада қалды. Сол кездегі қала әкімі «Апта» деген жарнамалық шағын басылымды жанына жақын тартып, қаланың үнпарағына айналдырған сәтте облыстың «мүйізі қарағайдай» деген бір топ журналистерінің сеңдей соғылысып, не істерлерін білмей абдырап қалғаны есімізде. Осы дағдарыстан Нина Андреевна жол таба білді. Қала басшылығының қолдауынан күдер үзген ол сол кезеңде дүрілдеп тұрған «Қазақмыс» компаниясының президенті Владимир Кимнің алдына барып, аймаққа танымал басылым жасау туралы ой-тұжырымдарын жеткізді. Комбинаттың бұрынғы жауынгерлік парақша сияқты «За медь» көптаралымына олардың да көңілі толмай жүрсе керек. Заман ағымына сай жаңа ақпарат құралын құру туралы бастама түсіністікпен қолдау тапты. Алайда, «өзін-өзі ақтайтын басылым болуы керек» деген корпорация басшысының тосын талабы көңілдерін қобалжытып сала бергені де рас. Осылайша, 1997 жылдың қазан айында «Подробности» газеті өмірге келіп, бұрынғы облыстың қабырғалы қаламгерлері білек сыбанып, осында топтасты. Газет жұмысының «отымен кіріп, күлімен шығып» дегендей, бас редактор Н.Барбутько оқырман жүрегіне жол табу үшін барын салды. Тынымсыз ізденіп, талмай еңбек етті.

Свердловскідегі Орал мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1974 жылы бітірген соң еңбек жолын аудандық газетте  бастаған Нина Барбутьконың Жезқазған өңіріне қадам басқанына да биыл 40 жыл болыпты. Тағдырын жезқазғандық жас маманмен байланыстырған ол облыстық «Жезказганская правда» газетінде өзінің журналистік қабілетін таныта түскен еді. Тілшіден бастап бас редакторлыққа дейінгі қызмет жолдарының көбінен өтті. Арасында Жоғарғы Кеңестің «Вестник Казахстана» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып қалам тербеген кезі де болды. Таптаурын болған «Правда» атауынан бас тарту мақсатында «Центральный Казахстан» аталған облыс басылымын басқара бастаған кезінде жоғарыда айтқан жағдайды бастан өткерді. Айтып-айтпай не керек, «Подробности» өңірдегі толықтай нарық талабына бейімделген алғашқы ақпарат құралына айналды. Сол уақыттарда таралымы 12-13 мыңға жетті. Бөлшек сауданың өзінде 5 мыңдай газет сатылып жүрді. Оқырман қызығушылығын туғызу үшін өзекті мәселелерді көтерумен қатар, бұрындары жалпыға жабық саналатын тақырыптарға да барды. Бірақ, әлеуметті толғандыратын дүниелерді қамтыған негізгі бағытынан айырылған жоқ. Аймақтың белгілі басылымы ақпарат айдынында осылай қалыптасты. Экономикалық тиімділік негіздерін қаперден шығармады. Редакция полиграфиялық баспа машинасын сатып алып, 2009 жылға дейін газетті өздері басып жүрді. «Қазпоштаның» қысымынан құтылу үшін өздерінің тасымалдау қызметін құрды. Бүгінге дейін Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына «Подробностиді» өз пошташылары таратады.

Бас редактор Нина Барбутько сан-салалы ұйымдастырушылық жұмыстарымен қатар кәсіби журналист ретінде қоғамның көкейкесті тақырыптарын, өткір әлеуметтік мәселелерді өзі де жиі көтеріп, қаламының қарымын көрсетіп отырады. «Қазақмыс» корпорациясы» өндірісінің тынысын жүйелі жазатын басылым Жезқазған өңірімен қатар Қарағанды-Балқаш және Шығыс Қазақстан аймақтарына таралатын жеке газеттер шығаруды да тұрақты жолға қойды. Бүгінде экономикалық дағдарыс әсеріне байланысты таралым көлемі бұрынғыдан кеми түскенімен кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері жалпы жұртшылық оқитын «Подробности» газетіне жарнама беруден тартына қойған жоқ. Қазіргі заманның жаңа технологиясын енгізуде де редакцияның оң жетістіктері бар. Соның нәтижесінде «Сорос Қазақстанның» 1 млн. теңгелік грантын жеңіп алып, басылымның электрондық сайтын құрды.  Электрондық нұсқаның да өз жазылушылары қалыптасып келеді.

Қалай десек те, «Подробности» – көпшілік көңіліне жақын, сүйікті басылым. Бас редактор Нина Андреевнаның өмірлік ұстанымына айналған асыл мұраты да осы болатын. Иә, сарғайған газет беттерінде  күн-түн демей ізденген, талай жылғы мазасыз шақтың іздері сайрап жатыр. Ол соған қарап сүйсінеді, енді бірде терең ой иіріміне батады. Үлкен істі жолда қалдырмай, болашақта алға апаратын жас әріптестерінің де өсіп жетілгенін көріп риясыз қуанады.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button