Бас тақырыпОблыс әкімі

Басты құндылық – ел бірлігі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен «Кемеңгерліктің дара жолындағы – Ұлы Тұлға» тақырыбында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы өтті. Мәртебелі жиынға аймақтағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары және Елбасы үзеңгілестері қатысты.

Жиылған қауымды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек ел іргесін бекіту жолында Елбасымыздың еңбегі ерен екенін атап өтті.

  • Тәуелсіз Қазақстан Республикасының іргетасын қалап, босағасын бекіту Елбасымыздың еншісіне бұйырды. Осы жылдарда шекарамыз шегенделіп, алысжақынға танылдық. Бүгінгі күні Қазақ елінде жүздеген ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында тұрмыс кешуде. Егемен еліміз – ырыс пен ынтымақ мекені. Бұған ең алдымен ауызбіршілік пен Елбасымыздың салиқалы саясатының нәтижесінде қол жеткіздік, – деді аймақ басшысы.

Сессия барысында облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков пен «Вайнах» шешен-игуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлығына сайлау мәселесі дауысқа салынды. Жиынға қатысқан азаматтар қос үміткерге бірауыздан қолдау білдірді. Аймақ басшысы осыған дейін аталмыш лауазымда болған Деспина Касапиди ханымға жемісті еңбек еткені үшін алғыс білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 24 жылдың ішінде аса маңызды азаматтық институтқа айналып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосты. Бүгінде Ассамблеяның жұмысы, тек, этникалық мәселелерді шешумен ғана шектелмейді. Ол қоғамдық институт ретінде азаматтық ұйымдар мен тұрғындарды ортақ мүдде – ел дамуына, ғылым мен білімнің қанат жаюына атсалысуға шақыруда. Қарағанды облысында Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, облыстық мәслихат депутаттарының тобы және ғылыми-сараптамалық топ мүшелері жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге аймақтағы қоғамдық-әлеуметтік және саяси мәселелерді шешуге атсалысуда. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен жастардың да қоғамдық істерде белсенділігі жоғары.

«Қарағанды Еврей Мәдениеті Орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вилен Молотов-Лучанскийдің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын құру бастамасы – ел халқының тағдырына елеулі өзгерістер алып келген.

  • Көптеген адамдар менен «тарихи Отаныңа қашан қайтасың?» деп сұрап жатады. Менің тарихи Отаным – Қазақстан. Осында тудым, өстім, әскерге бардым. Менің туыстарым мен жаныма жақын жандардың зираты осы жерде. Қазір жастар заманға сай білім алып, қоғамның барлық игіліктерін сезіне алады. Елбасымызға мемлекетіміздің дамуы жолында ерен еңбегі және этностарға көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс айтамын, – дейді Вилен Борисович.

Осы орайда, белгілі меценат, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа даму жолын айқындай отырып, елімізді әлемдегі ең қайырымды мемлекеттерінің қатарына қосқанын атап өтті. Арқа жұртының Атымтай жомарты атанған азаматтың өзі де қайырымдылық шараларынан қалыс қалып көрген жоқ. Биыл Бекзат Алтынбековтің бастамасымен аймақта тәуелсіз «Тұлға» сыйлығы тағайындалған болатын. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамның түрлі саласында жоғары жетістіктерге жеткен азаматтарға беріледі.

Салтанатты шараның соңында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға және қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан этномәдени бірлестіктерге 700 мың теңге көлемінде Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы табысталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button