Басшының білім деңгейі қандай?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы Тұңғыш Президент өзінің «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» тапсырмасында алғаш сөз қозғаған болатын. Медицинадағы жаңа жүйе содан бері жетілдіріліп, қыркүйек айынан бастап, аймақта іске қосылмақшы. Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін халықтың аталған жүйе жұмысынан құлағдар болуы қажет. Ал, одан да маңыздысы – денсаулық саласында еңбек етіп жүрген басшылар мен мамандардың өздерінің дайындық жайы.

Осы мақсатта облыстың денсаулық сақтау басқармасы аймақтағы барлық ауруханалар мен емханалар директорларының білімін тексерді. Тестілеуге қатысқан олар жаңа жүйенің іске асырылуы, тегін медициналық қызметтер тізімі, әлеуметтік сақтандыру қорында төлемдер жасау ерекшеліктері сияқты сауалдарға жауап берді. Емтихан алдында қатысушылардан ұялы телефондар жинап алынды, ал тест бейнебақылау арқылы жүргізілді.

Басқарма мамандары дайындаған 40 сұрақ бойынша білімді бағалаудың орташа нәтижесі – 70%. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, №4 емхана мен алғашқы медициналық санитарлық көмек мемлекеттік орталығының басшылары үздік үштіктен көрінді.

Тестілеуге қатысушылар қобалжу болғанын, өздерін қайтадан оқушы, студент сезінгендерін жасырмады.

– Әрине, қобалжу болды. Тақырып ауқымы – кең. Жаңа жүйе туралы арнайы оқытуға қатыстық. Берілген тақырыпты жақсы білемін десем де, сенімсіздік болды. Себебі, бұл – күрделі мәселе. Енді, жоғары балл жинағаныма қуаныштымын, – дейді алғашқы медициналық санитарлық көмек мемлекеттік орталығының директоры Татьяна Баширова.

Үш алған басшылар тестілеуден қайта өтпекші. Бұл ретте тестілеуден басшылар ғана емес, дәрігерлер мен орта және кіші персонал да өтетін болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – келесі жылдан бастап еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне енгізілетін жаңалық. Онда көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен ақылы медициналық көмек пакеті бар. Осы орайда үш деңгейлі медициналық қамсыздандыру жүйесі енгізілетінін еске сала кеткен жөн.

Бірінші деңгейі елдің барлық азаматтарына, оралмандарға және тұрақты түрде тұратын шетелдіктерге арналған мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл пакетке тіркелу орны бойынша алғашқы медициналық санитарлық көмек, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік маңызды ауруларға және негізгі созылмалы ауруларға толық медициналық көмек спектрі, оған қоса, дәрілік қамсыздандыру кіреді.

Екінші деңгей – сақтандырылған халық үшін МӘМС пакеті. Мұнда жоғарыда аталған көмектерге қоса мына қызметтер көрсетіледі: консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек пен ауру түрлері бойынша тегін дәрімен қамту, стационарды алмастыратын көмек және қалпына келтіру мен емді қайта жүргізу.

Үшінші деңгей – бұл жоғарыдағы екі деңгейге де жатпайтын ақылы медициналық қызмет түрлері. Олар ақылы түрде немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен жүргізіледі.

Аяулым СОВЕТ.