Бас тақырыпЖаңалықтар

Баспанамен қамту – басты назарда

Соңғы уақытта көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бағытында көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Аймақта ғана емес, Республика көлемінде тұрғын үй құрылысы қарқынды. Біраз отбасыға пәтер кілті де табысталды.

Мәселенің мәнісін Парламент Сенатының кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарап, мақұлдағанынан басталық. Ондағы маңызды өзгеріс – көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығының берілуі. Көпбалалы отбасылар баспана кезегінде заңмен белгіленген 11 санаттан алынып, өз алдына жеке құрылған кезек бойынша қарастырылатын болады. Сәуірдің соңғы күндерінің жағымды жаңалығы мамыр айынан басталған жалдамалы пәтер кілттерін берумен жалғасты.

Заңдағы жаңа ұғым – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй қазір еліміздің барлық өңірлерінде берілуде. Оның ішінде, біздің облыс бойынша 150-ден астам көпбалалы отбасы жалдамалы пәтерлерге қоныстанды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде жыл сайын кемінде 6 мың жалдамалы пәтер салынбақшы. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма сының мәліметтеріне сүйенсек, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасымен 10,1 млрд. теңгенің көлеміндегі тұрғын үй құрылысын жүргізу көзделген. Бұл – 4 мыңға жуық пәтер беріледі деген сөз. Оған қоса, екінші нарықтағы пәтерлерді сатып алу жұмыстары да жүргізілетін болады. Басқарма жаз айларында осы бағыт бойынша 204 пәтер сатып алуды жоспарлап отыр. Республикалық бюджеттен бөлінген 1,5 млрд. теңге осы жұмыстарға жұмсалмақ.

Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы аясында 2 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие де көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылатын бағдарламаға облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қарастырылған. Аталған қаражат 159 пәтер алуға мүмкіндік береді. Алайда, бағдарлама аймақта әлі іске қосылған жоқ. Банк консультанттары берген мәліметке сәйкес, ол әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Павлодар облысында қолданылуда. 1 млн. теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатын жергілікті билік өкілдері бөледі. Соның нәтижесінде банк ұсынған жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді. Биылғы жылы 756 отбасы арендалық үй беріледі. Оның 560-ының кілті көпбалалы отбасыларға табысталмақ. Үй кезегінде тұрған 1206 көпбалалы отбасының жартысы баспанамен биыл қамтылады. Қалған жартысы қоныс тойын келесі жылы тойлайтын болады.

Бірінші кезекте көпбалалы отбасылардың баспанамен қамтылуы әлеуметтік қамқорлықтың нақты көрінісі. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды жоққа шығару мүмкін емес.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button