Баспаналы болудың бірегей мүмкіндігі

Қазақ халқы «үйі бардың күйі бар» деп бекер айтпаса керек. Бұл ретте, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер иесі атанудың ең тиімді шарттарын ұсынады. Бүгінгі таңда отандастарымыз жаңадан салынған пәтерді займның жылдық мөлшерлемесі небәрі 3,5-5% аралығында ала алады.

Өткен жылдың қаңтар айынан бастап қолға алынған мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігін уақыт өзі-ақ дәлелдеп отыр. Мұндағы негізгі мақсат – халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру еді.

Жалпы, өткен жылы облысымыздың 1650 отбасы «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болғанын да айрықша атап өткіміз келеді. Яғни, орта есеппен 1 күнде кемі 7 отбасы қоныс тойын тойлады деген сөз. Ал, 1 отбасында аз дегенде 4 адам болды дегеннің өзінде, 6600 жерлесімізге баспаналы болу бақыты бұйырған. Бұл – аз көрсеткіш емес.

 Ендігі кезекте, банк қызметі бұл қарқынды бәсеңдетпейтінін ерекше ескерте кеткім келеді. Өткен жылдың өзінде ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірімізде 744 пәтер берілді.

Бұл ретте, облыс әкімдігі тарапынан да қаржылай көмек көрсетіліп, шаршы метр құнын төмендету бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Балқашта 1 шаршы метрі 90000 теңгені құрайтын 90 пәтердің құрылысы қолға алынса, Жезқазған қаласында 1 шаршы метрі 100000 теңгеге тең 30 пәтер салынуда.

Әрине, мұндай жұмыстар облыс орталығында да жүзеге асып жатыр. Айтайық, Қарағанды қаласында 7 үйден тұратын «Трилистник» деп аталар тұрғын үй кешені бой көтеруде. Мұнда 1344 пәтер бар. Ал, оның 1 шаршы метр құны – 140000 теңге. Мұндай бағаны нарықта мүлде кездестірмейсіз. Себебі, нарықтағы пәтердің 1 шаршы метрі шамамен 200000 теңгеге тең. Яғни, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер иесі атанудың ең тиімді шарттарын ұсынады деп отырғанымыз – осы.

 Жоғарыда айтылған «Трилистник» тұрғын үй кешеніндегі 1 бөлмелі пәтер құны орта есеппен – 5600000 теңге. 40 шаршы метрден тұратын мұндай 1 пәтерге қол жеткізу үшін пәтердің жалпы құнының 20%-ын, яғни, 1120000 теңге салу қажет. Бастапқы 8 жылда жылдық мөшерлемесі 5% деп есептегенде зайым алушы айына 37893 теңгені, кейінгі 15 жылда бұл жылдық мөлшерлеме пайызы 3,5%-ға дейін төмендеп, ай сайынғы займ мөлшерлемесі 14 293 теңгені құрайтын болады.

Бұдан бөлек, үй алудың «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынатын өзге шарттар да бар. Мәселен, жаңадан салынған үйге қатысты «Өз үйім» бағдарламасы жұмыс жасайды. Бұл бағдарлама бойынша да зайым алушы пәтер құнының кем дегенде 20%-ын салуы керек. Бастапқы 3 жылда жылдық мөлшерлеме 7%-ды құраса, кейін 5%-ға дейін төмендейтін болады.

 Бұл ретте, төмен сыйақы мөлшерлемесі турасында да айта кеткен жөн болар. Жалпы, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жаңа үйлермен қатар, бұрын қолданыста болған пәтерді сатып алуға да несие қарастыратыны белгілі. Өз кезегінде, несие бойынша артық төлем барынша аз, ал, займның жылдық мөлшерлемесі ең төмен, яғни 3,5-5% аралығында болуы үшін жерлестеріміз банк салымшысы атанып, шотқа керек соманың кем дегенде 50%-ын жинау керек. Сонымен қатар, шоттың ашылғанына кем дегенде 3 жыл болуы және ең төменгі бағалау көрсеткішіне қол жеткізу қажет. Бұл көрсеткіш – салымшының қаржылық тәртібін білдіретін коэффициент.

 Ал, егер 3 жылдан аз уақыт ішінде алғашқы жарнаны, яғни 50%-ды шотқа бірден салып тастасаңыз немесе депозитіңізге үй бағасының жартысын жинап үлгерсеңіз, бірақ 3 жыл күткіңіз келмесе, банктен аралық заем ала аласыз. Бұл жағдайда несиенің жылдық мөлшерлемесі аздап жоғары – 7,5-8.5% аралығында болады.

Сонымен қатар, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «депозит» ашқан әр салымшыға 2% жылдық мөлшерлеме көлемінде банктен сыйақы және мемлекет тарапынан жыл сайын 20% шамасында мемлекеттік сыйақысы есептелетінін де ерекше атап өту қажет. Қазіргі күні «депозит» ашу қызметі де тегін жүргізіледі.

 Ендігі кезекте, ең төменгі бағалау көрсеткішіне жету үшін не істеу керектігін айтайық. «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» ең төменгі бағалау көрсеткіші 16-ға тең. Банк салымшысы осы көрсеткішке қол жеткізсе, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын тұрғын үй займын алу құқығына ие болады. Бағалау көрсеткішіне жету үшін депозитке тұрақты түрде ақша салып отыру қажет. Ал көрсеткіш бұдан да жоғары болсын десеңіз, біріншіден, шот енді ашылған кезде кезектен тыс салым жасап отыру қажет. Екіншіден, алғашқы бір-екі жылда барынша үлкен сома аударып тұру керек. Кейінірек сома көлемін азайтсаңыз болады.

Бағалау көрсеткішінің мәні тұрғын үй займының мөлшерлемесі мен мерзіміне тікелей әсер етеді. Мысалы, бағалау көрсеткіші 16-ға тең клиент жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несиені 6 жылға дейінгі мерзімге ала алады. Бағалау көрсетіші 20-ға жетсе, жылдық мөлшерлеме 0,2%-ға төмендейді, яғни 4,8%- ға дейін түседі. Ал, несие мерзімі 7 жылға дейін ұзартылады. Бағалау көрсеткіші 48-ге жеткен клиент жылдық мөлшерлемесі 3,5% болатын тұрғын үй займын ала алады.

Бұл ретте, несиелендіру мерзімін де ұмытпайық. Барлық заем түрлері тек теңгемен беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі бүкіл заем мерзімі бойында бірдей болады. Несиелендіру мерзімі 6-25 жыл аралығында.

Салымшы «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» несие алуға өтініш берерден бірнеше ай бұрын дайындық жұмысын бастап кеткен жөн. Басқа банктердегі тұтынушылық несиелерді мүмкіндігінше жауып тастап, артық шығындарды қысқартқан дұрыс болады. Нәтижесінде, салымшы кейін төлем қабілеттілігін растап, заем өтей алатынын дәлелдейді.

Клиенттің несие алу туралы өтініші 3 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Бұл іске банктің заңгерлері, риск-менеджерлері, қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері қатысады. Банк салымшысының өтініші мақұлданса, оған 6 жұмыс күні ішінде заем беріледі.

 Бір мысал қарастырып көрейік. Пәтер сатып алуды мақсат қылған банк салымшысы ай сайын 50 мың теңгеден жинап отырады делік. Құны 8000000 теңге болатын пәтер алу үшін оған қанша уақыт ақша жинау керек? Айтайық. Ақша жинау мерзімі шамамен 7 жылды құрайтын болады (ай сайын 46400 теңгеден салынып отырса). Осы уақыт ішінде салымшы шотына үй бағасының 50%-на тең қаражат жинайды. Ал оның бағалау көрсеткіші 35-ке тең болады. Бұл клиентке жылдық мөлшерлемесі 4% болатын тұрғын үй займын алу құқығын береді. Өз кезегінде, несие бойынша ай сайынғы төлем 40800 теңгені құрайды. Ал, егер салымшы депозитіне 46400 теңгеден көп ақша салып отырса, онда ол қажетті бағалау көрсеткішіне бұдан да ерте жетеді, сәйкесінше қолжетімді несиені банктен ертерек алады.

Қадірлі оқырман! Баспаналы болғысы келген барлық жерлестерімізді «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» шақыра отырып, өзге де ақпарат алу үшін банктің колл центр нөмірі 300 немесе www.hcsbk.kz сайтына кіріп, банк кеңесшісін шақыруға болатынын да айта кетейін.

Бауыржан ЖУАСПАЕВ,

 «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қарағанды облыстық филиалының директоры.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.