Жаңалықтар

Бас банкир күмәнді сейілтті

          Теңге бағамы 4 пайызға нығайды. Ал, теңгенің құнсыздануы туралы түрлі қауесеттер  – негізсіз. Қаржы саласына жетік емес сарапшы болжамдарының бүгінде бірде-біреуі дәл келген жоқ. Бейсенбі күні тікелей эфир арқылы аймақтармен онлайн-мәслихат өткізген елдің Бас банкирі, Ұлттық банк төрағасы  Данияр АҚЫШЕВ қаржы секторындағы ахуал туралы мәлімдеді. Мәслихатқа дейін әлеуметтік желілер, мобильдік қосымшалар арқылы банкирге 300 сауал жолданыпты. Бұған қоса, онлайн тәртіпте аймақтардағы БАҚ өкілдері, Астана, Алматы қалалары тілшілерінің сұрақтарына жауап берді. Сонымен, қаржы саласында бұқараға тікендей қадалған түйткілдер жария етілді. Ол түйткілдер  – банк секторын дамыту, несие мөлшерлемесі,  зейнеткерлердің қаржысын сақтау, криптовалюта, теңгенің бағамы, кибершабуылдар, жалған ақша, валюта айырбастау пункттері, Ұлттық банктің екінші деңгейлес банктерге қатысты жүргізілетін саясатқа ықпалы сынды өзекті жайттарды қамтыды.

«Елбасы сыны  – орынды»

Мемлекет басшысының қаржы институтының жұмысына қатысты айтқан сын-пікірінің орынды екенін айтады Данияр Ақышев.

«Ұлттық банк 2008-2009 жылдардан бері қордаланған мәселелерді шешуде қаржылық реттеуші ретінде кешігіп қалғаны рас. Статистика  нашар кредиттер портфелінің 90 пайызы 2006 жылдан бастап берілгенін көрсетіп отыр. Яғни, несие ресурстарын дұрыс басқармаған банктердің жұмысы бірнеше жыл бойы қордаланып,  жақында ғана жария болды. Дағдарыс қайталанбас үшін Ұлттық банк банктердің жағдайы нашарлаған кезде превентивті әрекет ету құралдарын жетілдірмек. Біз Ұлттық банктің бақылау функцияларын күшейтетін заң жобасын жасадық. Заң жобасы талқылануда»,  – дейді ол.

«Теңге құлдырамайды»

Банкир қазір теңгеге қатысты түрлі болжам мен жорамал жасайтын сарапшылардың көптігін айтады. Алайда, олардың барлығы бірдей білікті еместігін де жасырмады. Соның салдарынан қоғамда теңгеге қатысты сан аулан болжамдар жасалады. Оның ішінде, жағымсыз сипаттағы болжамдар жиі. Бірақ, Төраға бұл болжамдардың негізсіз екендігін атап отыр. Оның айтуынша, теңгенің жағдайы  – бір қалыпты. Құлдырамайды. «Алаңдауға негіз жоқ. Осы нарықта пайда көргісі келетін азаматтар мен кәсіпорындарға тағы да қайталап айтарым, валюта бағамы өзгерген кезде айырбастау бекеттеріне жүгіріп, одан табыс табуға тырысудың еш қажеті жоқ. Өйткені, ұтылып қалуыңыз мүмкін. Себебі, макроэкономикалық жағдай жақсы, теңге бағамы күшеюі де әбден мүмкін. Сондықтан, қазір валюта сатып алып жатқандар ұтылады. Қоғамға негативті болжам ұнайды. Бірақ, бүгінде болжам жасап жүрген сарапшылардың көпшілігі қаржы саласын толық білмейді. Долларға қатысты теңге бағамы 400 болады деген болжамдардың бірі де орындалған жоқ»,  – дейді төраға. Жыл басынан бері теңге 4 пайызға нығайған. Теңгеге сұраныс қаңтарда өсіпті. Қаңтар айында екінші деңгейлес банктер 830 млрд. теңге көлемінде несие берген. Несие бойынша пайыздық көрсеткіш 14,7% шамасында.

 Төраға қаражатты банкте сақтауға кеңес береді

Мәслихат барысында төраға қаржы пирамидасының құрығына ілігіп қалмау қажеттігін де еске салды. Банкирдің айтуынша, қаражатты сақтап, көбейтудің сенімді жолы банктер. Өйткені, заңнама бойынша кепілдік беретін бірден-бір ұйым – осы ұйымдар.

«Қаржы пирамидаларының жұмысы өте жақсы ұйымдастырылған. Олар неше түрлі әрекетке барады. Ұлттық банктің сайтында қаржы пирамидасының тұзағына түсіп қалмаудың арнайы жадынамасы көрсетілген», – дейді Данияр Ақышев.

Қаржы пирамидаларының, біріншіден, Ұлттық банктен депозит ашу туралы арнайы лицензиясы жоқ. Оған қоса,  мемлекеттік тіркеу туралы жарғысы, ұйымның қаржылық ахуалы туралы ақпараты жоқ. Қаржының сақталуы туралы кепілдік берілмейді.

 

Криптовалютаның ешқандай құны жоқ

«Криптовалютаның ешқандай құны жоқ. Ол үшін ешкім мойнына жауапкершілік алмайды. Криптовалюта нарығын толықтай және тиімді реттеу мүмкін емес. Өйткені, криптовалюталар шекараға қарамайды. Ұлттық банктің бұл процесті реттейтін еш мүмкіндігі жоқ. Криптовалюта жекелеген елдердің заңдары аясынан тыс саудаланып жатыр. Мен өз азаматтарымызға бұл валютаға ақша салмауға кеңес берер едім. Өйткені, салынған инвестициялардың жоғалу қаупі тым жоғары. Криптовалютаға салған ақшаны сақтайтын еш кепілдік жоқ»,  – дейді банкир мырза.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button