Жаңалықтар

«Барып қайт, балам, ауылға…»

Барып қайттым. Кіндігіміз байланған алтын бесікке. Жалпы, мен туған ауыл – Жаңаарқа ауданындағы еңселі ауыл. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Шәбден Ералиевтің есімімен аталатын ынтымағы жарасқан ырысты мекен. Биыл – сол Шәбден атамыздың туғанына 120 жыл. Айтулы мерейтойға ауыл халқы ерте көктемнен қамданып, тарихи тұлғаға арналған мерекелік шараларды бастап та кетті. Соның бірі – Ш.Ералиев атындағы аудандық футбол турнирі.


Турнир ауыл жастарының бастамасымен ұйымдастырылды. Ауыл әкімдігі бастамаға қолдау көрсетті. Мерекелік шарадан сыртта жүрген ауыл түлектері де сырт қалған жоқ. Ауыл белсенділері Айтбек Игіліков, Балапан Жуанышбаев, Алтынбек Нағашбеков, Оңласын Қожамұратов, Жалғас Көшенов қолға алған бастамаға Нұржан Бейсенбин, Жанғали Әбішев, Құдайберген Қыдыров, Малдыбай Кәдірбаев сынды азаматтар демеушілік жасады.
Сонымен, мерейтойлық доп додасына аудан ауылдары мен көршілес Жәйрем кентінен 12 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Айтары жоқ, командалар арасындағы кездесулер тартысты өтті. Ауыл тұрғындары мектеп стадионында Әлем чемпионаты өтіп жатқандай қиқуға басты. Дүбір! Жалпы, спорт – достықтың дәнекері деп жүрміз ғой. Ауыл жастары арасындағы жарасымды ынтымақ біздің ауылдың спорт алаңынан бастау алғандай әсер етті маған. Сонымен қатар, ауыл балаларының алаңдағы алапат ойындарын көріп, Ұлттық құрама жасақтап жүрген футбол сәуегейлері ауылға неге назар салмайды екен деген ойға қалдым. Тура осы балаларды үлкен спортқа апарып, бабын келістірсе, бұлар қазақ футболының бағын жағар еді…
Күн көкжиектен арқан бойы көтерілген шақта басталған бәсеке батыстағы көкжиек қызыл шапаққа бөленген шақта мәреге жетті. Турнир жеңімпазы – Аппаз ауылдық округінің командасы. Екінші, үшінші орындарды Бидайық, Ералиев ауылдарының командалары өзара бөлісті. Түгіскен ауылдық округінің командасы төртінші орынды місе тұтты. Жеңімпаз-жүлдегер командалардың барлығына ақшалай сыйлықтар мен кубоктар тапсырылды. Марапаттау рәсіміне Шәбден Ералиевтің ұрпағы, ауыл ақсақалы Жәнібек Дуанбек қатысып, ақжолтай командаларға ақжарма тілегін жеткізді.
Бұл – 8 мамырдағы дүбір. Ұлы Жеңістің 73-ші көктемінің бір күні Ералиев ауылында осындай салтанат құшағында өтті.
***
9 мамыр. Ауыл Мәдениет үйінің ауласына жиылған халық нөпірінде шек жоқ. Бұл күні ауыл бойынша 720 тал көшеттері отырғызылды. Мәдениет үйінің ауласына «Астананың 20 жылдығына – 20 түп қарағай» акциясы аясында 20 түп қарағай, мектеп ауласына 50 түп қарағай көшеті егілді. Акцияға ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, ауыл жастары қатысып, шара басында қадірлі ақсақал Жарылқан Қызылбаев бата берді.
Ербол МӘМБЕТОВ, ауыл әкімі:
– Ауылымыз бұрыннан көк желекке оранған ауыл. Кешегі әкелеріміз егіп, баптаған жасыл желектің күтіміне жауаптымыз. Сол игі дәстүрді жалғастырмақ ниетпен биыл ауыл аумағына 720 түп ағаш көшеттерін отырғызуды қолға алдық. Өскіндер бюджет қаржысына және ауылымыздағы шаруа қожалықтарының демеушілігі арқылы сатып алынды.
Салтанатты сәтте еңбек ардагерлері Өмірзақ Мәмбетов, Есенгелді Темешбаев, Берген Қожамұратов, Аманбай Байжанов, Әбдеш Түсіпбеков, Махмут Сүйіндіков, тыл ардагері Тиыштық Жұмабекова, ардагер ұстаз Рабиға Нұрланова, ел анасы Аққайша Тәшмағанбетова игілікті шараға сәттілік тілеп, ортақ іске жұмылған ауыл басшылары мен жастарына алғыс жаудырды. Ал, жаңа егілген көшеттердің күтіміне ауыл бағбаны Қалкен Бейбітов жауапты болып бекітілді.
Ауыл орталығындағы саябақты абаттандыру жұмыстары жалғасын тауып, алдағы уақытта саябақ төріне Шәбден Ералиевтің мүсіні орнатылатын болады. Міне, біздің ауылдың келбеті!
Жолға шықтым. Көліктің радиосында ән ойнап жатыр. «Барып қайт, балам, ауылға туған, барып қайт». Барып қайттым. Арқада ажары таймаған, базары тарқамаған бір ауыл бар! Ол – Ералиев ауылы! Сіз де келіп қайтыңыз!

Ерсін МҰСАБЕК.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button