Бас тақырыпЖаңалықтар

Бар жақсылық – балаларға!

Қазақ «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» дейді. Неге? Өйткені, бала – алдымен, ізбасарың. Бергеніңді бағалайды. Айтқаныңды тыңдайды. Сүйкімді үнімен, былдырлаған тілімен жүректі жаулайды. Мейірім сыйлайды. Осыны ескерген дана халқымыз сәбиі дүниеге келген әр ата-анаға «ұзағынан сүйіндірсін» деп бата береді. Облыстың статистика департаментінің мәліметінше, өткен жылы аймақта 22950 нәресте өмірге келген. Оның ішінде, қалалық перзентханаларда – 18938 сәби, ауылдық жерлерде – 4512 нәресте жарық дүние есігін ашқан екен. Ендеше, қарағандылық бүлдіршіндердің «жазғы демалысты қалай, қайда өткіземін» деген сауалына жауап іздеп көрейік. Әлде, қошақанды көру үшін «жазда апамның ауылына» аттансақ па екен?..

«Факелде» қымыз іш!

Балқаш қаласына жақын Бектауата шатқалында орналасқан «Факел» маусымдық балаларды сауықтыру лагері бүлдіршіндерді жазғы демалыстарын киелі әрі сұлу жерде өткізуге шақырады. «Киелі Қазақстан» бағдарламасы аясында балалар осы аймақта демалып қана қоймай, бекітілген жоспарға сәйкес күн сайын саяхат жасап, тренингтер мен ойындар, түрлі кештер мен сайыстарға қатыса алады. Олар үшін арнайы асхана, наубайхана, монша, қазіргі заман талабына сай жабдықталған спорттық ойын алаңдары жұмыс істейді. Сондай-ақ, би алаңдары, тауға өрмелеу алаңы (скалодром) да балаларға қызмет көрсетуге дайын.

Өткен жылы лагерьге күн сайын күбіден жаңа қотарылған балғын қымыз жеткізіліп тұрған екен. Алдымен, лагерьдің медицина қызметкерлері қымыз сынамасын алып, тексерістен өткізгеннен кейін сағат 10.00-де барша демалушы балалар 200 грамдық сусын түріндегі дәруменді екінші таңғы асы ретінде ішті. Сөйтіп, балаларды қымызтерапия тәсілімен емдеу шаралары жүргізілді. Бұдан соң балалар жанын сергітіп, ұйқысын қандырып демалады. Ойлау жүйесін дамытады. Лагерь маусымы аяқталған соң, оқу жылына белсенді әрі еңбекке құштар болып барады. Бұл жоба биылға да жоспарланыпты. Ендеше, балалар, денсаулық үшін қымыз ішіп, белсенді әрі бақытты болыңыздар!

Бізде – «Балалар пойызы»

бар Қарағандыдағы балалар теміржолы 1956 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл – Қазақстан бойынша жұмыс істеп тұрған жалғыз балалар пойызы.

Балалар теміржолының басшысы Виктор Луценконың айтуынша, биыл пойыз толық жөндеуден өткен. Жаз айларында бүлдіршіндерге қызмет көрсетуге дайын. Балалар пойызбен суретке түсіп, айналасында алаңсыз демалуына болады. Әсіресе, сенбі және жексенбі күндері пойызбен жүргісі келетіндердің саны көбейеді. Сондықтан, үш жасқа дейінгі балаларға пойызбен жүру – тегін.

Айта кеткен жөн, Қарағандының орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан балалар теміржол пойызы демалыс күндері сағат 11.00ден – 19.00 аралығында, бейсенбі және жұма күндері сағат 12.00-ден – 19.00 аралығында жұмыс істейді. Билет құны – 200 теңге.

«Шахтерде» футбол ойна!

Осы күні облыс орталығындағы «Шахтер» футбол стадионында тірек-қимыл аппаратының жұмысы бұзылған балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында футболдан жаттығулар өтуде. Онда тірек-қимыл аппараты жұмысында ақауы бар балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 9-14 жас аралығындағы 30 тәрбиеленушісі ойнап жүр. Жаттығу сабақтары аптасына екі рет өтеді. Бапкер Евгений Свешниковтің айтуынша, балаларға арнайы курстардан өткен жаттықтырушылар сабақ береді. Жаттығулар балаларға оң әсер етуде.

Айта кеткен жөн, мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері арасында балалар футболын дамыту бойынша «Nur Otan» партиясы, Қазақстанның және Қарағанды облысының футбол федерациялары, облыстың спорт басқармасы және «Шахтер» ФК арасында меморандумға қол қойылған болатын. Алдағы уақытта футбол федерациясы әр өңірден келген командалар арасында чемпионаттар өткізуді жоспарлап отыр.

Ата-аналар балаларын жаз бойы аталған футбол курстарына апарса, балалары «Шахтер» футбол клубының үздік ойыншыларымен танысуға мүмкіндік алар еді.

Өз жұлдызыңды жақ!

Өнердің сан саласына қызығушы талантты балалар үшін жаз айында республикалық «Қазақстан – мейірімділік мекені», «Табиғатты аялайық», «Жол қозғалысындағы жас инспектор», «Жұлдызай» атты тәрбиелік, танымдық шаралар ұйымдастырылатынын айта кеткеніміз дұрыс.

Балалар өнер сайыстарында бағын сынап, жеңімпаз атанып, жаңа достар табуға мүмкіндік алады. Оған қоса, сайысқа қатысу арқылы балалар Қазақстанның киелі жерлерімен танысып, саяхат жасайды.

Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде мектеп оқушылары үшін «Жасыл ел» іске қосылады. Жастарға аулаларды, жасыл желекті көгалдандырып, «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік бар

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button