Бар сыйлық — балаларға

Нұра ауданындағы Изенді ауылына қарасты Топаркөл бөлімшесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ауданның 90 жылдық мерейтойына орай, «Көкжиек» балалар ойын алаңы ашылды.

«Құрмет», «Қазақстан даңқы» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қанат Отарбаев басқаратын «Отқанжар» ЖШС демеушілігімен жүзеге асқан игі іске 2,5 млн. теңге қаражат жұмсалған.

Салтанатты шараға арнайы келген аудан әкімі аппаратының басшысы Дәулет Серіков аудан әкімінің атынан ауыл тұрғындарын ойын алаңының ашылуымен құттықтап, ауыл ақсақалы Сейдуали Әлжановпен бірге алаңның тұсауын кесті. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, балаларға базарлық үлестірді.

– Мен Астанада тұрамын. Туған жерім – осы елді мекен. Изенді ауылының бөлімшесі болғандықтан, сол жерде интернатта білім алдық. Бүгінге дейін осы ауылдан шыққан жігіттер бір-бірімізден қол үзген емеспіз. Сол бала күні орнаған достық күні бүгінге дейін жалғасуда. Әрқайсымыз әр түпкірде елдің өркендеу жолында еңбек етіп жүрсек те, достығымыз сол тұнығында. Соның куәсі болса керек, бүгінгі қуанышты күнге деп, Қуатай Қаңтарбаев, Амангелді Шахарбаев, Мұратбек Оңғарбеков, Ақан Бұлқайыров, Гүлзада Шахарбаева бар, бәріміз жиналып, балаларға батут, балмұздақ сыйға әкеліп отырмыз, – дейді осы бөлімшеде туып-өскен Алдабай Қаңтарбаев.

Баланы да, басқаны да қызықтырмай қоймайтын алаңға қойылған ойын бөлшектері элементтерінің басым бөлігі қолдан құрастырылған. Қыстың қытымыр суығына, шілденің аптап ыстығына төтеп берері сөзсіз.

Жерінің гүлденуін, ауылының түрленуін ойлап, ел мәселесіне иығын тосып жүретін аптал азамат Қанат Отарбаев та сөз кезегінде бүгінгі шараға арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді. «Туған жерге туың тік» демекші, ауылдан ұшып, қанаты қатайып, Елорда төсінде еңбек етіп жүрсе де, ауылдың қамын ойлап, ағаш отырғызып, бүгінгідей шараға базарлығымен келген ауыл жастарының ісіне береке тіледі. Осы ауыл тумасы нұралық сазгер, әнші Амангелді Шахарбаев «Нұрлы Нұрам» әнімен мерекелік шараның ажарын ашты.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.