Банкнот бейнесіндегі болашақ бедері

     Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойының қарсаңында бас қалада ұлттық валютамыз айналымға енгізілген күннің мән-мағынасын айшықтаған алқалы жиын өтті. Теңгенің туған күніне орай өткен басқосуда Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Мемлекет басшысының бейнесі бедерленген жаңа банкнот пен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған естелік монетаны ел назарына ұсынды.

Дәуірмен тең 25 жыл

15 қараша – Ұлттық валюта күні және еліміздегі қаржыгерлер қауымының кәсіби мерекесі екені белгілі. Биыл осы атаулы мерекелер егемендіктің ширек ғасырлық тойының аясында атап өтілді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, елор­дадағы «Қазақстан Тәуел­сізді­гіне 25 жыл: ұлттық валюта» деген тақырыппен өткен конфе­рен­цияға Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықова, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент депутаттары, танымал экономист ғалымдар, қаржыгерлер қатысқан болатын.

Жиын басында сөз алған Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықова ұлттық валютамыздың ел тағ­дырында алатын маң­ызды орны туралы баяндап, оның Тәуелсіздіктің басты символ­дарының бірі екеніне тоқталды.

Мемлекеттік туымыз, Әнұра­ны­мыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – Мемлекеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валютасы теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті, қарапайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең еді. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ал төл теңгеміз Тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дә­лел­деді, – деді Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Әбдіқалықова биылғы жылы Ұлттық валюта күні ел Тә­у­елсіздігінің 25 жылдығы аясын­да аталып өтіліп жатқанына, осы аз ғана уақыт ішінде Тұң­ғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың көш­басшылығымен елі­міз тұтас дәуір­мен тең жолды бағындырғанына назар аудар­ды. Ширек ғасыр ішінде елі­міз­де жаһандық нарықтың маңыз­ды бөлігіне айналған заманауи экономика қалыптасты. Қазақстан әлемдік қауымдастықтағы маңыз­ды әріптеске айналып, соның арқасында елімізге аса зор көлем­де шетелдік инвестициялар тартылды. Мемлекеттік үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы, экономиканы әртараптандыру, ғылыми-тех­никалық әлеуеттің ар­туы жаһан­дық тұрақсыздық кезең­інде мызғымайтын берік қор қалып­­тастыруға жол ашты. Гүл­шара Әбді­қалықова атап көрсет­кендей, бүгін­гі таңда еліміз әлем­нің 30 озық елінің қатарына қо­сылуға сенімді қадам басып, «Қа­зақстан-2050» Стра­тегиясында көрсетілген міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында бұрын-соңды болмаған ауқымды институттық реформалар жүзеге асырылуда, ал Мем­лекет бас­шы­сының Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамын құру туралы идеясы әлеу­меттік дамудың негізіне айналды.

Мемлекеттік хатшы ширек ғасыр ішінде елімізде қолға алын­ған реформалар мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын қамтығанын тілге тиек етті.

Осы уақыт ішінде ел халқы­ның әлеуметтік тұрмыс стандарты ай­тар­лықтай өсті. Денсаулық сақ­тау, білім беру, әлеуметтік қамсыз­дандыру салаларында ауқым­ды реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан халықаралық қатынас­тардың беделді қатысушысына айналды. Еліміздің бастамалары әлем­дік қауымдастық тарапынан кеңінен қолдау тауып келеді. Мем­лекет басшысының «Бейбітшілік. XI ғасыр» манифесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жа­һан­дық ядролық қарусыздану мен соғысқа қарсы қозғалыстағы көш­басшылық тұлғасын айқын­дай­ды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қар­саң­ында Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше­лігіне қабылдануы елі­міздің жоғары беделінің және елі­мізге көрсетіліп отырған зор сенім­нің белгісі болып табылады, – деп атап өтті ол.

Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Н.Назарбаевтың жалпы­ұл­т­тық бірлік пен келісім үлгі­сі Қазақстанның жарқын жетіс­тік­терінің шешуші факторы болға­нын, оған Қазақстан халқы Ассам­блеясы да айрықша ық­пал еткенін жеткізді. Мемлекеттік хат­шы айтып өткендей, бүгінде ұлт­тық валюта экономикамыздың тірегіне, берекелі де мерекелі тір­ші­лігі­міздің күретамырына айналған. Сөз соңында баршаны Ұлт­тық валюта күнімен және келе жат­қан ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдық мерей­­тойымен құттықтаған Мемле­кет­тік хатшы алдағы уақытта да Қазақ­стан­ның толағай табыстары тұғырлы бола­тынына сенім білдіріп, сөзін түйін­деді.

Баға жетпес жәдігер

Сөз басында айтып өткені­міз­дей, осы алқалы жиында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Мем­лекет басшысының бейнесі бедер­ленген жаңа банкнот пен Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына ар­нал­ған естелік монетаны барша­ның назарына ұсынды.

Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының мызғымас не­гіз­дерінің бірі – ұлттық бірлік, бейбітшілік жә­не келісім. Бүгін таныстырылатын ес­телік моне­таға осы идея негіз болды. Бар­шамыздың отанымыз бір, тағ­дырымыз бір. Тәуелсіздік тарихы – Мемлекет басшысының тарихы­мен тығыз байланысты. Сол себеп­ті, Ұлттық банк Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған, еліміздің дамуы­на Президенттің қосқан үлесін бей­нелейтін мерейтойлық банкнотты назарларыңызға ұсы­нады, – деді ол.

Данияр Ақышев Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жеткен жетістіктері, бағындырған биік­тері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен ажырамас байланыста екеніне тоқталды. Тұң­ғыш Президенттің еліміздің тарихындағы рөлі мен маңызын қара­пайым өмір құндылықтарымен өлшеу мүмкін емес. Ол өз сөзінде атап өткендей, еліміздің тарихи жетіс­тіктерінің алтын парағы болаша­ғымыз әлі айқындала қоймаған қиын кезеңде жазылды. Сол уақыт­та қабылданған шешімдер тарихи ау­қымы жағынан да, ел халқының тағ­дырына ықпалы бойынша да бұ­рын-соңды болмаған баға жетпес құндылыққа ие екендігін уақыт дәлелдеді.

Теңге – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы. Төл валютамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық эконо­­ми­­каның құрылымдарын қалып­тас­тыруды қамтамасыз ете алды. Төл ва­лютамыз ғана тәуел­сіз экономи­калық және қаржы-несиелік саясат­ты жүзеге асы­руымызға, нақты эко­но­микалық егемендікке қол жет­кі­зуі­мізге мүм­кіндік туғызды, – деді елі­міз­дің бас банкирі.

Д.Ақышев айтып өткендей, тең­гені жасау, айналымға енгізу өте күр­делі жағдайда жүргізілді. Мұн­дай ауқымды істі жүзеге асы­руға қажетті тәжірибе жоқ, ресурс мар­дымсыз, біліктілік төмен болатын. Ондаған жылдар бойы жұ­мыс істеп тұрған экономикалық қаты­­настар күйреген кезең еді. Маңыз­ды шаралар кешенін жүзеге асыру қажет болды. Ескі ақшаны айырбас­тап қана қоймай, өндіріс жаппай құлдыраған, инфляция белең ал­ған кезеңде жаңа валю­таның тұрақты­лығы мен айыр­бастылығын қамта­масыз ету қажеттігі туындады. Бұл жұмыс оңай болған жоқ, дегенмен, эконо­микалық өсіммен бірге теңге де нығая түсті. Осы жұмыс­тардың барлығын Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті өзі қадағалап, тікелей атсалысты.

Банкноттарға портреттерді салу – жаңалық емес. Ел өміріне ең маң­ыз­ды үлес қосқан тұлғалардың бейне­сін ұлттық валютаға бейнелеу – мемлекеттілік идеясын көрсе­­тудің барынша жарқын, қалып­ты және түсінікті формасы. Нель­сон Ман­дела, Мұстафа Кемал Ата­түрік, Ли Куан Ю, Уинстон Чер­чиль және бас­қа да әлемдік дең­гейдегі көшбас­шылардың бейнесі өз елдерінің заманауи купюраларында бейнеленген, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық ме­рейтойына арналған естелік монеталар мен банкнот өте шектеулі тиражбен шығарылмақ. Ұлттық банк төрағасы олардың халық үшін баға жетпес құнды дүниеге айналатынына сенім білдірді.

Тарих пен мәдени мұралар тоғысы

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов атап көрсеткендей, Ұлт­тық валютаның арқасында Қа­зақ­­стан­ның экономикалық қауіпсіз­дігі қам­тамасыз етіліп, қаржы­лық сая­сат­тың іргетасы қаланды. Теңге Қа­зақстан халқын өзара ұйыс­тыру жұ­мыстарына тікелей ұйыт­қы болды.

Ұлттық валюта дизайнында халқымыздың мәдени және тарихи мұралары, біздің Тәуелсіздігіміздің барлық кезеңдері, қоғамдағы әлеу­меттік және мәдени процестердің негізі көрініс тапты. Алғашқы сериялы банкноттардың арқасында бүкіл әлем Абайды, Шоқанды, Абылай ханды, Әбілхайыр ханды, Құрманғазыны және әл-Фара­биды таныды. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Оқжетпес тауы, Іле Алатауы сынды ең кере­мет жерлерімізді білді. 2006 жылғы банкноттар еліміздің жаңа тари­хының символдары – «Бәйтеректі», Тәуелсіздік монументін, «Ақорда» рези­ден­циясын және басқаларын көрсетті. Бұл Тәуелсіздіктің ал­ғашқы онжыл­дықтарының символы, жас мемлекеттің табыстарының айқын нышаны, халқымыздың әлемдік деңгейдегі жетістіктерге деген талпынысының бейнесі, – деді ол.

Ералы Тоғжановтың пікірінше, егемендіктің толағай табысы ре­тінде төл теңгеміз үлкен идео­­ло­гиялық рөл атқарды. Теңге қазақ­тың ұлы тұлғалары мен тари­хын, табиғаты мен Тәуел­сіздік­тің тегеу­рінді табыстарын таныс­тырды. Қа­зақстан хал­қын қа­зақтардың айналасына ұйыстыру жұмыстарына ұйыт­қы болды. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мүшелері осындай банк­нот­ты шығару туралы бір рет емес, бірнеше рет ұсыныс жаса­ған екен. Ал Ассамблея деге­німіз – бұл барлық 17 миллион ха­­лық. Демек, халықтың ойы мен ниеті іс жүзіне асты деп санауға негіз бар. Банкнотта Елбасы бей­не­сінің көрініс табуы – заңды құбылыс. Себебі, Тәуелсіздіктің дамуы мен қалыптасуы Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты. Ұлт­тық валютамыз теңге – Прези­­ден­тіміздің ерен еңбегі мен көре­ген саясатының нәтижесі. Осы­лайша, ұлттық валюта эко­номикалық дербестікке, мемлекет пен халық­тың ұйысуына негіз болды.

Бүгін біз тарихи сәтке куә болып отырмыз. Тәуелсіздікті тұ­­ғырлы етуге табанды еңбек ет­кен Ұлы Даланың ұлағатты тұл­ғасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бей­неленген мерейтойлық банкнот шыққалы жатыр. Бұл – ұлттық ва­­лютамыздың тарихындағы жаңа кезең, ел тарихындағы есте қалар сәт. Жаңа купюра Елбасымыздың Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесін айқын көрсетіп отыр, – деді Ералы Тоғжанов.

Ассамблея Төрағасының орын­­басары айтып кеткендей, Ас­та­наның 10 жылдық мерейтойы­ның қарсаңында ұлттық валютамызда халқымыздың тарихы мен бір­лігінің тұтастығын көр­се­тетін «Қазақ Елі» монументі тең­генің ди­зайнында бедерленген болатын. Ал Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Мемлекет басшысы бейнеленген мерейтойлық банкноттың шығарылуы тұрақты, мықты және барша әлемге сыйлы мемлекетті қалыптастырудағы Елбасының ерен еңбегіне деген халықтың айрықша сый-құрметін, сүйіспеншілігін көрсетеді.

Ералы Тоғжанов өз сөзінде Ұлт­тық валюта күнінде жаңа банк­­­нот­тардың таныстырылуы Қа­зақ­­стан халқының жалпыұлт­тық құн­дылықтар мен топтас­қандық негізіндегі өзара бірлі­гі­нің, та­тулығының артуына жаңа­ша серпін беретіндігіне сенім біл­­дірді. Сондай-ақ, осы оқиға қа­зақ­стандықтардың өз көшбас­шысының төңірегіне топтасуға, Отанымыздың одан әрі дамуы мен гүлденуіне үлес қосуға деген талпынысын арттыруға тиіс деп санайтынын жеткізді.

Күрделі кезеңдегі көреген шешім

Тәуелсіздіктің 25 жылдық та­рихы туралы сөз қозғағанда ұлт­тық валюта туралы айтпай кете ал­маймыз. Парламент Сенаты төр­ағасының орынбасары Бектас Бекназаров осылай деп санайды.

Бүгін – еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің туған күні – Ұлттық валюта күні. Маған дейін сөйлеген әріптестерім оның ел өміріндегі алатын орны, атқарған рөлі туралы жан-жақты тоқталып өтті. Иә, өткен жүзжылдықтың 1990 жылдарының басында Қазақстан қайта құруды, тұрақсыз қаржылық жүйені бастан өткеріп жатқан уақыт шын мәнісінде ең қиын кезең болды. Қазіргі жас буын оның бәрін кітаптан оқып білсе, біздер өз көзімізбен көріп, басымыздан кешірдік.

1993 жылдың қараша айында төл теңгеміздің айналымға енгізілуі біздің жас, тәуелсіз еліміздің тарихи жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Ол кезде менің жұбайым банкте жұмыс атқаратын. Сол күндері, ақша айырбастауға әзірлік бойынша жұмыстар жүріп жат­қанда біз оны тәуліктер бойы көр­мейтінбіз. Түнге қарай жұмыс­тан келген жұбайым қағазға ай­налған ескі рубльдерді миллиард­тап санағанын айтатын, – деген Бектас Бекназаров алғаш қолға тиген теңгенің әр банкнотына соншалықты ұқыппен қараға­нын, оны ұстағанда төл валютамыз үшін кеудесін мақтаныш кернегенін жеткізді. Одақ құлаған­нан кейін көп ұзамай төл ақша­мызды айналымға енгізу Прези­ден­тіміздің стратегиялық тұрғы­дағы көреген шешімі деп санайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен еліміз 25 жыл­дың ішінде мақсаты асқақ, дамыған мемлекетке айналды. Халық­тың бірлігі мен келісімінің, тұрақ­тылықтың арқасында біз эконо­микалық және әлеуметтік гүл­денуге қол жеткіздік, – деді Б.Бекназаров. – Бұл оңай болған жоқ. Тәуелсіздік жарияланған кезең барша халық үшін сынағы көп қиын кезең болды. Осы күрделі уақытта біз Президентке сенім арттық. Вольтердің «Бір мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адам жеткілікті» деген қанат­ты сөзі бар. Қазақстан үшін дәл сондай адам оның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің теңгені жасаудағы ерен еңбегін барша жұрт жақсы біледі, – деді Сенат төрағасының орынбасары. Бектас Бекназаров Мемлекет басшысы бейнесінің мерейтойлық банкнотта бейнеленуі – оның ерен еңбегінің мойындалуы және ха­лықтың шексіз сый-құрметінің бел­гісі деп санайтынын жеткізді.

Тарихи сабақтастық

Философия ғылымдарының док­торы, академик Ғарифолла Есім Ұлттық банк жаңадан таныстырған купюраны сонау 1993 жылы жа­рық көрген алғашқы банкнотпен сабақтастырып, өзіндік пайымын ортаға салды. Ғалымның пікірін­ше, ұлттық валютамызда әл-Фара­би бабамыздан бастап, Тұңғыш Пре­­зидент Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін­гі аралықтағы еліміздің тарихы көрі­ніс тапты деуге негіз бар.

Мемлекет басшысы ұлттық валютамызды енгізу туралы шешім шығарды. Біз оны жылы қабылдап, теңгені жақсы көріп кеттік. Бір теңгелік банкнотқа әл-Фараби бейнеленген еді. Міне, сол оқиғаға да 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгін біздің назарымызға Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген банкнот ұсынылды. Демек, теңге арқылы әл-Фарабиден бастап, Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін­гі тарих көрініс тауып отыр. Төл тең­геміздің төрге озған күні құтты болсын! Теңгеміз тұғырлы бол­сын! – деді ғалым.

Ғ.Есім айтып өткендей, теңге Қазақстан Тәуелсіздігінің ал­ғашқы жылдарынан бастап елі­міздің эко­номикалық, қаржылық және несие­лік жүйесі жетілуіне өлшеусіз зор ықпалын тигізіп келеді.

Ақшаға құлдық қатынаспен қарау сыбайлас жемқорлыққа апарып соқтыратынын біз жақ­сы білеміз. Сол себепті, өз игі­лігімізді адал еңбегіміз арқы­лы қалыптастырып, жас мемле­кетіміздің өркендеуіне үлесімізді қосып келе жатырмыз. Біз еңбекақымызды теңгемен аламыз. Егер теңге тұрақты болса, мығым болса, біздің өміріміз де мығым әрі тұрақты, – деп сөз қорытты ол.

Таныстыру салтанатында ай­тылғандай, он мыңдық купюрада сақ­тар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарих шоғырланған. Қазақ­стан­ның картасы еліміздің көп ұлтты хал­қының ортақ шаңы­рағы ретін­де көрсетілген. «Қазақ Елі» мону­ментіндегі Самұрық құс өткен күн мен бүгіннің сабақ­тастығын бей­не­лейді. Мерей­тойлық купюра Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемле­кетіміздің дамуына сіңірген ерен еңбегінің көрінісін бейне­леуге бағытталған.

5 мыңдық номиналды монетаға тоқталар болсақ, ол 925 сынамды күмістен жасалыпты. Беткі жағында «Қазақ Елі» монументі, ұлттық киімдегі әр ұлт өкілдері бей­неленген. Күн шапағының көрі­­нісімен көмкерілген монета­ның салмағы 777,5 грамға тең. Бұл бан­кнот пен монета Қа­­зақ­стан Рес­публикасының Тұң­­ғыш Пре­зиденті күні – 1 жел­­тоқ­­санда шектеулі тиражбен айна­­лымға шығады.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.