Бас тақырыпРуханият

Балуанның бешпеті

Жауырыны жерге тимеген балуан, Арқаға есімі танымал тұлға Моншақбай Жантулақовтың  бешпеті табылды.

Бешпет Қарағанды қаласының тұрғыны Жұмагүл Жаңбырбайқызының үйінде тұр. Шибарқыттан тігілген. Киімнің өлшеміне қарап, балуанның зор денелі кісі болғанын аңғарасыз.

Жұмагүл апаның сөзінше, 1968 жылы Моншақбай бал уан қайтыс болғанда анасы Дәметкен тәбәрік ретінде бешпетін алыпты. Кейін қызына табыстаған екен. Сол уақыттан бері Жұмагүл апай балуанның киімін көзіндей көріп келеді.

Моншекең 1902 жылы Ақтоғай өңірінде дүниеге келген. Қараменде би Шақаұлының жетінші ұрпағы. Ел ішінде күресіп, аты шыққан балуан. Тоқырауын аумағында большевиктер партиясының қатарына алғашқылардың бірі болып қабылданған. Соғыстан бұрын Кіндікті ауылының төрағасы, одан кейін «1 май» ұжымшарында басқарма төрағасы болған. Сондай-ақ, 1950-1955 жылдары «Чапаев» ұжымшарында басқарма төрағасының орынбасары, 1955-1956 жылдары Жамшы ауылының басшысы қызметін атқарған. Ұлы Отан соғысы кезінде әскерге танк сатып алуға 60 мың сом аударып, жәрдем көрсеткен. Тыл ардагері Елеубек Байсерікұлы бір естелігінде 1944 жылдың 7 қарашасында Қарқаралы қаласының шығыс жағындағы Жырым өзенінің жағасында аудан еңбекшілерінің Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атануына орай өткен тойда Моншақбай балуанның түйе балуан атанғандығын тілге тиек етеді. «Ат мінген ердің қасын алтындатып, Ақ үйде қымыз ішкен салқындатып. Алаштың қас батыры, таспа тілі – Моншақбай Жантулақов» деп ақын Абзал Бөкен жырына арқау еткен балуан өмірін ешкім әлі дендеп зерттей қойған жоқ. Бұл тұрғыда кейін тарқатып жазуға тырысамыз. Әзірге, балуанның бешпетін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Алдағы уақытта Жұмагүл Жаңбырбайқызы бешпетті музейге өткізбекші. Сөйтіп, кез келген адам жәдігерді емін-еркін тамашалау мүмкіндігіне ие болмақ.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button