Бас тақырыпЖаңалықтар

«Баланы – жастан…»

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыз. Біздің басылым өзінің туған күнінде жас тілшілерін қанаттандырады, оқуға, жазуға баулиды.

Осымен үшінші жыл «Орталық Қазақстан» өзінің ең кішкентай оқырмандарын, газеттің «Балбөбек» қосымшасына тұрақты түрде хат жазып, мақала жолдап жүрген балғындарды дипломдармен марапаттады.

Бейсенбі, 4 қазан күні облыстың әр қаласы мен ауданынан 11 оқушы өздерінің ұстаздарымен, ата-аналарымен бірге басылым қабырғасында бас қосты. Басылымның бас редакторы Мағауия Сембай оқушыларды қарсы алды.

– Бұл шараны ұйымдастырудағы басты себеп – қазіргі жастар кітап, газет оқымайды. Смартфон, компьютерге байланған.

Өз өмірбаянын жаза алмайтын адамдар бар. Осы олқылықтың орнын толтыру, өскелең ұрпаққа серпін беріп, биіктерге ұмтылдыруды мақсат еттік. Кезінде өзіміз де «Балдырған» журналынан бастадық. Сонда жазбаларымыз шықса, керемет қуанатын едік. Кітапты көп оқыңдар, үнемі осылай жазып тұрыңдар,– деп тілегін білдірді газет басшысы.

Қарқаралы ауданынан келген №3 мектептің 2 сынып оқушысы Санжар Жақсыбайдың әкесі Жасұлан Рахымбеков өз кезегінде газет ұжымына осындай үлгі етерлік шараны ұйымдастырғандары үшін алғысын білдірді.

– Осындай шараларыңыз арқылы сіздер өсіп келе жатқан жас буынға, олардың ұстаздарына сенім ұялатасыздар. Ұстаз бен ата-ана еңбегінің жемісі – оқушысының жетістігі, баласының белесі. Шығармашылық табыс тілейміз, халық көңілінен орын таба беріңіздер, – деген лебізін білдірді. Оқушылар да бірінен кейін бірі өлең оқып, осы марапатқа лайық екендерін көрсете білді.

Санжармен қатар, Нұра ауданындағы С.Талжанов атындағы мектептің 3 сынып оқушысы Әділжан Тілеулес, Шет ауданы, Еркіндік орта мектебінің 5 сынып оқушысы Айзере Ағыбай, Бұқар жырау ауданы Көкпекті орта мектебінің 4«а» сынып оқушысы Мәдина Нұркен, Ақтоғай ауданы Ж.Ақбай атындағы мектептің 6 сынып оқушысы Нұрила Ахан, Жаңаарқа ауданынан келген О.Әлібаев атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы Асылан Қойшыбай, Ұлытау ауданы №1 мектептің 3 сынып оқушысы Ерсұлтан Боранбай, сондай-ақ Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның 5«а» сынып оқушысы Ақерке Марат, облыс орталығындағы №34 мектептің 5«а» сынып оқушысы Айдана Өмірзақова, №45 гимназияның 3«ә» сынып оқушысы Әлихан Рымбай, №74 мектептің 2«а» сынып оқушысы Арлан Дәулет дипломмен марапатталып, балаларға арналған энциклопедия табыс етілді. Ұстаздары болса, Алғыс хат пен М.Сембайдың қаламынан туған «Жерұйық» кітабына ие болып тарқасты.

 «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген даналық сөз бар. Баланың пәк көңіліне үңіліп, өз қабілетіне сеніп, оны дамытуға мүмкіндік берген «Орталықтың» игі дәстүрі жалғасын табады.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button