Жаңалықтар

Балаларды өзімізден қорғайық

Ертең – 1 маусым. Балаларды қорғау күні. Күні кеше ғана Астанада Есіл өзенінен сәбидің өлі денесі табылғандығы ақпарат құралдарында айтылды, жазылды. Одан екі-үш күн бұрын Қостанайда қоқыс жәшігіне тасталған сәби тірі еді. Кейіннен шетінеп кеткендігін естідік.  Суықта жатып қалған дейді. Қыз демей, ұл демей балдырғандарға жасалған айуандық туралы да жарыса жазатын болдық. Сонда, балаларымызды қорғаған сиқымыз осы ма?


Бесікте жатып, анасының аялы алақанын білмей, иісін сезінбей кеткен сәбилердің обалы кімге? Өзі жарық дүние сыйлап, оны тартып алуға асық аналардың қатары күн санап артқаны қапаландырады. Қанша нәубетті басынан өткерген қазақ баласын өлімге қимап еді.
Бүгін айдың-күннің аманында керексіз зат секілді қоқысқа тастай салу қалыпқа айналды. Ол үшін жауапкершілікке тартылды дегенді естімейміз. Сәбиін қолына алғанда жүрегі елжіреп, алпыс екі тамыры иіп кетпесе, түбі бір өлім болса, оны дүниеге әкеліп керегі не еді деп ойлайсыз еріксіз. Үлкендердің күнәсі мен кінәсінің құрбаны болған жазықсыз шақалақ осындай өлімге лайық па? Одан да бір перзентке жете алмай жүрген отбасыларға неге бермеді екен осы баланы, ең құрымағанда, балалар үйіне неге тапсырмады екен деген ойлар келеді.
Бауыр еті – балаларын ұрып-соғып, тіпті, тепкілеп жататын ата-аналардың әрекеті жаныңыздан түңілдіреді. Тіпті, оны видеоға түсіріп, интернетке салып жіберу «мода» болғанға ұқсайды қазір. Мейірім атаулыдан жұрдай жандар сол интернет арқылы өзгеге де осындай «үлгі» беріп отырған жоқ па? Ойланатын мәселе. Туған әке-шешесі осындай еткен соң кейбір балалар үйінің, балабақша тәрбиешілері қайтсін оларды? Аузына келгенін айтып, соққыға жығатыны сол интернет кеңістігінде толып жүр.
Балалар – біздің айнамыз. Өз отбасыңыздағы тәрбиенің өресін, мәдениеттің деңгейін балаңызға қарап бағамдай беріңіз. Отбасы құндылығына немқұрайлылық опық жегізуде. Ішімдікке сылқия тойып алған әкелердің өз баласын өлтіруі, зорлық-зомбылық жасауы адамның ақылына сыймайтын жан түршігерлік жайт. Бірақ, өкінішке қарай, өмірде ондай жиі.
Аңдасақ, бала атаулы небір қулық-сұмдықты, қатыгездік пен мейірімсіздікті бізден үйренуде.
Әйтпесе, бесіктен белі шықпастан шіміркпестен шешесін өлтіре салатын қаныпезерлер, әлсізге әлімжеттік жасайтын зорлықшылар қайдан шықты дейсіз?!
Баланың психикасы, әсіресе, енді қалыптасып келе жатқан шағында өте әлсіз, әрі бәрін қабылдағыш. Отбасын, оның мүшелерін, ондағы қарым-қатынасты қалай көрсе, өскенде де солай әрекет етеді. Әлем психологтары айтып, дәлелдеп жүрген шындық қазақтың «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақалына саяды. Дер кезінде көңіл қоймай, соңында «мына баланы кім тапқан?» деп аң-таң боламыз.
Әжелеріміз, әке-шешеміз баламның табанына кірген шөңге, маңдайыма кірсін деп тілеуші еді. Әттең, қазір олай ойлайтын ата-аналардың қатары сирегені жүректі қан жылатады.
Балаларымыздың періште пәк көңілін, ақ ниетін сақтайық. Балаларымызды әуелі өзімізден, қара ниетімізден қорғайықшы.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button