Бас тақырып

Балабақшада да бақ шаба ма немесе онлайн кезектің олқылығы неде?

Балақайды балабақшаға орналастыру кезіндегі машақат біраз адамды әбігерге салып тұр. Таң біліне телефон мен компьютерге телмірген ата-ана осылай дейді. Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге негізделген онлайн-кезектің олқылығы мен басымдығы неде? Аталған саланың «жілігін шағып, майын ішкен» маман пікірін де, баламды қайтсем бақшаға беремін деген әке-шеше жанайқайын да қаперге алып көрдік. Сонымен…

Баланы білім бөлімдеріне барып кезекке тұрғызу мәселесі күн тәртібінен түсті. Бұрынғыдай табан тоздырып, сағаттап кезек күтудің қажеті жоқ. Бар болғаны http://garden.kargoo. gov.kz порталына, egov.kz электрондық үкімет порталына, не болмаса, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, өтініш беру қажет. Сондай-ақ, осы күні кезектің реттік саны да маңызды емес. Бірінші болып таңдау батырмасын басқан адамға орын да бірінші болып беріледі.

Байқауымызша, артықшылық – автоматтандыруда екен. Бір балабақшаға ғана кезекке тұруға болатын бұрынғы қағида жойылып, жалпы кезек пайда болғаны да көңіл көншітеді. Десек те, таяқтың екі ұшы барын жоққа шығара алмай-ақ қойдық. Мәселен, жоғарыда аталған кезектің барлығы http://garden. kargoo.gov.kz порталына автоматты түрде тіркеледі. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиырына» (Б.Майлин) айналған да осы портал жұмысы болып тұр.

Байбалам салмас бұрын, істің байыбына барайық деп сауалды алдымен облыстың білім басқармасындағы мектепке дейінгі тәрбиелеу және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Гүлдана Нұрсұлтанға қойдық

– 24 сағат жұмыс жасайтын портал арқылы ата-ана балабақшалар саны, орналасқан мекен-жайы, төлем құнымен таныса алады. Сондай-ақ, баланы кезекке тұрғызуға, кезекті бақылап тұруға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, бұл электронды кезек сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Компьютер қолдана білмейтін атаәжелер білім бөлімдеріне келіп, ата-анасы жоқ балаларды маман көмегімен кезекке тұрғызуына мүмкіндік қарастырылған. Әрине, осы күні компьютері болмаса да, ғаламтормен жұмыс жасауға болатын ұялы телефоны жоқ ата-ананы кезіктіре қою қиын. Баланы осы ұялы байланыс құралы арқылы да бақшаға орналастыруға болады, – дейді Гүлдана Нұрсұлтан.

Смартфон мен гаджетті еңбектеген баланың өзі еркін меңгерген заманда жас отбасылар қолдана білмейді деген расымен ойға қонымсыз. Алайда, телефонға да толық сенім жоқ.

– Электронды кезек ашылады деген күннен бастап порталдан көз алмайтын болдым. Ақыры, алғашқылардың бірі болып баламды балабақшаға орналастырдым. Компьютерге жүгінгендіктен, айтарлықтай қиын болған жоқ. Ал, құрбым порталға смартфон арқылы енген еді. Бірақ, телефонда сайт толық ашылмауы салдарынан, порталдың төменгі тұсында тұрған тексеру кодына қол жеткізе алмапты. Тиісінше, қалаған балабақшаға жолдама алып үлгермеді. Соған қарағанда, ең абзалы ноутбук немесе жеке компьютерді қолдану керек, – дейді Арай Ержанқызы есімді ана.

Ендігі мәселе – балабақшаға ең алдымен орналастырылатын балалар мен кезексіз жолдама алатын балалардан қалған орынды иеленіп үлгеру. Айта кетейік, ең алдымен бақшаға заңды өкілдері мүгедек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасынан шыққан және ерекше білім беруді қажет ететін балалар жолдама алады. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің, соның ішінде, қызмет барысында қайтыс болған, арнайы мемлекеттік органдарда қызмет ететін, соның ішінде, қызмет барысында қаза болған, із-түссіз жоғалған атааналардың балалары кезек күтпей бақшаға орналасады.

Аталған жеңілдік санатындағы балалар бақшамен қамтылғаннан соң барып қана жалпы кезекте тұрғандар орыннан үмітті бола алады. Оның да өз уақыты бар. Басымдылық берілетін мерзім аяқталғанын тағатсыздана күтіп, таң біліне ата-аналардың телефон мен компьютерге телміруінің сыры – осында. Бір қызығы, ол мерзім көбінекөп таңғы 6.30-дан тәмамдалатын көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай, кезектің реттік саны маңызды болмағасын, босаған орынға кімнің көзі бірінші түсіп, таңдау батырмасын кім бірінші басып үлгерсе, орын – соныкі.

Алайда, оның өзі машақатсыз болмай тұр. Портал жұмысы тежеліп, кейде мүлде қызмет етпейтін кездер де орын алады. Мәселенің мәнісін ІТ саласының маманы Нұрлыхан Қалқаманұлы түсіндірді.

– Балабақша кезегін күткен ата-ана көп. Олардың барлығы жолдаманы бірінші болып алуға тырысады. Яғни, кезек ашылған бетте сайтқа жүздеген, тіпті, мыңдаған адам кіруі мүмкін. Сәйкесінше, сайт дұрыс жұмыс істемей қалады. Бұған бірнеше жайт кедергі болуы ықтимал. Біріншіден, порталдың қорғаныс жүйесі бір сәтте әртүрлі ІР-адрестен келген сұранымдарды сайтқа жасалған DDOS шабуыл деп түсінеді және қауіптің алдын алу мақсатында жұмысын уақытша тоқтатады. Екіншіден, порталдың техникалық мүмкіндігі мұндай жүктемеге лайықталмауы ғажап емес. Яғни, бір уақытта іске қосылған PHP және CGI скриптер саны, кесте бойынша берілген тапсырмалар мен консольдік сессиялар санынан асып кетеді, – дейді ол.

Маманның айуынша, мұндай жағдайда сайт қолданушылар саны шекті межеге дейін азайғанша дұрыс жұмыс істемейді. Порталдың техникалық ахуалына жауапты мамандар белгілі бір уақыт аралығында сайтқа адамдардың өте көп кіретініне дайын болуы тиіс. Сол кезде мұндай кемшіліктерді жоюға болатын көрінеді.

 Осы күні облыс орталығында бас-аяғы 110 балабақша бар болса, соның 60-ы мемлекеттік те, қалған 50-і жекеменшік. Аталған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында азды-көпті 19439 орын болғанымен, бос тұрған орындар саны – 1427. 2012-2019 жылдар аралығында балабақша кезегіне барлығы 25928 бүлдіршін тіркеліпті. Әрине, статистикалық көрсеткіш күн санап өзгеріп тұрады. Ендігі ретте, көрсеткішпен бірге балабақшаға жолдама алу жолы да өзгерсе, олқылықтың орны толса деген ұсыныс бар. Себебі, балабақша кезегін автоматтандыру алдымен адамдарға қолайлы болсын деп жасалған жоқ па? Ойланарлық жайт.

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button