Жаңалықтар

Бала саулығы – басты тілек

Әдетте, «балам ауырғанша, өзіміздің ауырғанымыз дұрыс» дейміз. Бұл – өзіңе жамандық тілегеннен емес, балаңа жаның ашығаннан туындайтын ой. Оның үстіне қай жері ауырғанын анық жеткізе алмайтын баланы әуелі түсініп, кейін тиісінше ем қолдана алатын педиатрлардың тапшылығы себеп.

Елімізде кейінгі жылдары бала денсаулығы педиатрдың емес, жалпы практика дәрігерінің қолында. Емханаларда үлкені де, кішісі де бір кезекте тұрады. Сондықтан, мүмкіндігі барлары бірден жекеменшік клиникаларға жүгінеді. Былтырдан бері Қарағанды қаласындағы №3 емханада ашылған педиатриялық орталық осындай мүмкіндікті емдеу мекемесіне тіркелген барлық тұрғындарға беріп отыр. Жаңа туған нәрестеден бастап 6 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын жеке орталық бала денсаулығына ғана жауапты.

Педиатриялық орталық меңгерушісі Жанар Жакулина мұнда педиатрлардың қабылдауынан бөлек баланы дамыту кабинеті, жас аналарға көмек көрсететін ресурстық орталық жұмыс жасайтынын айтты. Басқа қалалардан келген мамандармен біліктілік арттыру курстарын өткізіп, аналармен кездесулер ұйымдастырып келеді.

– Бізде 16 учаскеде барлығы 40 маман жұмыс істейді. Окулист, оториноларинголог, хирург, логопедіміз бар. Тағы да үш жас маманды күтіп отырмыз. Олар – педиатрия бойынша оқыған мамандар. Балалардан қан алатын арнайы кабинетті өзімізден аштық. Бастысы, балалар мен ата-аналарға ұнайды, – деді ол.

Бұл тұжырыммен қабылдауға келіп отырған Мәди Рысбеков пен Инабат Бейсенбаева келіседі.

– Орталық біздің көңілімізден шығады. Ішінің балалардың көңілін аулайтындай безендірілуі, дәрігерлердің қабылдауы, барлығы ұнайды. Кішіміз – 8 айлық Абылайды ай сайын медициналық тексеріске алып келеміз. 2 жасар Мединамыз ептеп ауырып қалды. Дәрігеріміз Динара Сәрсенбекқызы толықтай қарап шықты, – дейді И.Бейсенбаева.

Ол кісілер айтып отырған Динара Нұрышева – медициналық оқу ордасын бітірген жас маман. Алғашқыда жалпы практика дәрігері болып, кейін педиатрия бойынша біліктілігін арттырған екен. Бүгінде өз учаскесіндегі 540 баланың денсаулығына жауапты.

– Балалармен жұмыс еш қиындық туғызбайды. Бала деген тәтті ғой, олар қалай шаршатсын? Бірақ, кейбір ата-аналармен жұмыс жасау қиынға соғады, – деп ағынан жарылды білікті дәрігер.

Баланы мазалаған кінәратты тауып, атаананың алаң көңілін басу – дәрігердің басты міндеті. Бұл міндетті педиатрия орталығы орнықты орындап отыр.

 Білімі мен тәжірибесі толысқан мамандар ғана жағдайды толық әрі жан-жақты зерделеп, балаға жеткілікті көңіл бөліп, ата-анасына егжей-тегжейлі түсіндіріп бере алады. Педиатрлар легінің үзіліп қалған дәстүрін осы мамандар жалғайды деген үміт бар.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button