Жаңалықтар

Бала неге ұмытшақ?

    Мектептегі мұғалімнен үйдегі ата-­анаға дейін «…балаға сабақ түсіндіре алмай-ақ қойдық» дегенді көп естиміз. Тіпті, әлеуметтік желілерде сабақ оқытамын деп жүйкесі жұқарған ата-ана, шошынған бала, қабырғаның әр жағында бастауыштың бағдарламасын жатқа айтқан көрші, қайталап айтып берген үйдегі ит туралы әзілдер де көп. Күнде кешкілік барлық жігерді бойға жинап, үй тапсырмасын орындауға отырған кез келген ата-ананың осы проблемамен кездесері анық. Балаға қарамады деп ата-ананы кінәлаған мұғалім, оқыта алмады деп, мұғалімді кінәлаған ата-ана… Айналып келгенде, таяқ­тың ұшы тиетіні де, миына сабақ кірмеді деп, сөгіс еститін де сол бала.

Әр жылдары өмірге келетін балаларды психологтар үш буынға бөледі екен. 1960 жылдары дүниеге келіп, асқан жауапкершілік пен тұрақтылықты басты қағидалары еткен Х ұрпағының орнын 1980 жылдардан бері қарай дүниеге келген Ү ұрпағы басты. Технологияның, гаждеттің, планшеттердің даму кезеңінде дүниеге келген ұрпақ тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн, жылына 365 күн желіден табылады. Өз еркінше өмір сүріп, бір демде барлығына қол жеткізуді мақсат еткен ұрпақтың орнын енді Z ұрпағы баспақ. Демек, 2000 жылдан бері қарай дүниеге келген балалар. Қазір, өзіміз есте сақтау қабілеті нашар, ұмытшақ деп ат қойып, айдар таққан мектеп оқушылары. Технология қанына сіңіп туған «Онлайн» ұрпақ цифрлық әлемде өзін «судағы балықтай» сезінбек. Ал бір қызығы – дәл осы ұрпақтың бойында Х ұрпағындай жауапкершілік пен тұрақтылық, еңбекқорлық бола қоймайды дейді ғалымдар.

Демек, бұл – заманауи баланың интеллектісі төмендегені емес, керісінше – аға буынмен білім жарысына түскендігі. Ал, есте сақтау қабілеті қажеттілік болудан қалды десе де болады. Кез келген ақпаратты кез келген уақытта таба алу қабілетіне ие балалар өткен ұрпақ, тіпті, армандай да алмаған мүмкіндікке ие. Сонда, технология қанында бар, болашақты бір демде жасау қолынан келетін ұрпақтың ұмытшақ болуына не себеп? 9-сыныпта ежелеп оқып, 11-сыныпта шығарма жазудан мақұрым болатын мектеп оқушыларына білімді игеруге қиындық тудыратын қандай жағдай?

Бұған табиғаттың тылсым құбылысы немесе, гендік өзгеріс ретінде қараудың қажеті жоқ. Баланың даму қабілеті қандай білім беру бағдарламасымен оқитынына байланысты. Демек, бағдарлама нашарласа, оқушының да интелеллектісі төмендейтіні сөзсіз. Балаларын жаһандық қоғамдастықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелейтін жапондықтар ең бірінші санау мен оқуға үйретеді екен. Сан мен әріпке жастайынан көзі қаныққан сәби, мектепте де қатесіз жазуға үйренетіні содан болар.

Кейінгі жылдары еліміздің білім беру саласында бірқатар өзгерістер енгізілді. 2010 жылы болашақтың мектебі қандай болатыны айтылған 2020 жылға дейінгі білім беру бағдарламасы қабылданды. Біліммен қаруланамын деген оқушылар дербес планшеттер, интерактивті тақталар арқылы оқитын болды. Тіпті, біраз мектептер жобаға еніп, 12 жылдық білімді бастап та кетті. Бірақ, жарқын күндерге дейін жылы жабылған бұл бағдарламаның орнын басқасы басып, 2016 жылдан барлық бірінші сыныптағылар мүлдем жаңа бағдарламамен оқуға кірісті. Яғни, 2026 жылы өскелең ұрпақ оқытудың жаңа стандартына толықтай көшетін болады.

Жаңалықтың болғаны жақсы. Бірақ, мектеп бағдарламасы қиын, өзіміз де түсіне бермейміз деген наразылық айтылып та жүр. Оның үстіне үй тапсырмасының өзі баланың ойнауға деген уақытын алып, толыққанды тұлға болып қалыптасуына кедергі келтіретіні анық. Ал, ойынның бала денсаулығына, тіпті, ой-өрісінің дамуына үлкен әсерінің бар екені анық. Бұған күнделікті баратын әр түрлі қосымша сабақтарын қосыңыз. Жас баланың жүйке жүйесі сыр бермес үшін артық ақпаратты жоюға қабілетті ағза осылай жасауға мәжбүр.

Демек, қазіргі бала ұмытшақ болған жоқ. Жауапкершілік пен тынымсыз еңбек басты қағидасы болатын мектептегі Х ұрпағынан білім алатын оқушының ұмытшақ болудан басқа шарасы жоқ. Себебі, толассыз ақпарат легін түгел есте сақтап тұру мүмкін емес.

Кезінде қаласы бар, даласы бар, бір ғана бағдарламамен ортақ оқулықтан білім алса да, ешкім ештеңеден кенде қалған жоқ. Ал қазір ше? Әр мектеп әр түрлі оқулық, бір мектепте бірнеше бағдарламамен білім алып жатқан оқушылар. «Екі кеменің басынан ұстаған суға кетеді» дейді емес пе?! Олай болса, мұғалімнің де, баланың да берекесін алып, әр нәрсенің ұшығына жармасқанша, бір ғана бағдарламаны дұрыс жолға қойып, істің нәтижесін талап еткен дұрыс сияқты. Яғни, не нәрсеге оқытып жатқанымызды және қалай оқытып жатқанымызды қайта қараған жөн.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Сурет интернеттен алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button