Жаңалықтар

Балқаш экологиясы: көңілді күпті қылған маңызды мәселе

Аңызды аңдатқанда

Томонимдік түбірін түгендесек, “balkas” сөзі қазақ, татар, алтай тіліндегі бір нұсқасында “томар басқан шалшық” немесе “шалшықтағы томар” мағынасын береді екен. Қазақ тіліндегі “балқыту” сөзінің этимологиясына үңілсек, қызуы бет қаратпайтын, бабымен піскен ақжалқын балқыма көз алдыңа келеді. Оны энеолит және ерте қола дәуіріндегі ежелгі металлургияның ошағы ретінде Балқаш жағалауын зерттеген академик Ә.Марғұлан экспедициясының археологиялық дерегі де дәйектейді.
Ертеректе Балқаш бойының тұрғындары көлді “Ақ теңіз” және “Жұмбақ көл” деп, екі түрлі атапты. Батыс жағалауын мекендеген жұрт — “Ақ теңіз”, оңтүстік-шығысын мекендеген ел “Жұмбақ көл” деген. Оған себеп: “Іле”, “Ақсу”, “Көксу”, “Тентек” өзені және толып жатқан жерасты суы көлге батыс жағынан құяды да, суының жартысы тұщы және сырт көрінісі мөлдір ақ түсті болып келеді. Ал, Лепсі, Аягөз өзені құятын тұстан жерасты суы көлге қосылмайды.
Көлдің қазіргі атауына қатысты бұрыннан айтылып келе жатқан әдемі әңгіме бар. Атамзаманғы аңыздың аужайын аңдасақ, аса ауқатты әрі сиқыршы Балқаш деген байдың Іле атты көрікті қызы болыпты. Қыз бойжетіп, ұзататын уақыт келгенде Балқаш оны тек өте бай, келбеті келісті әрі бұла күші бойын кернеген жігітке беретінін айтып, жар салады.
Үміткер арасында қытай императорының қымбат зат тиеген керуенмен келген екі ұлы болады. Моңғол ханының табын-табын жылқы айдап, түйеге тең-тең күміс тиеген баласы бой көрсетеді. Көз жауын алатын қалы кілем мен піл сүйегінен жасаған бұйымды үйіп тастаған бұхарлық бірнеше жас көпес келеді. Сондай-ақ, жарлы бақташы Қаратал да бақытын сынап көруге бел байлайды.
Кейінгісі қалыңдыққа қатты ұнап қалады. Сәтін салғанда Қаратал да сайыста сүрінбей, жеңіске жетеді. Бойын ыза буған Балқаш оны қуып жібереді. Қызы түн жамылып жігіттің соңынан кетеді. Оны білген Балқаш қос ғашыққа қарғысты қарша боратады. Соның салдарынан екеуі басын таудан алатын өзенге айналып кетеді. Қос өзеннің қосылмауын көздеген қатыгез әке де толқыны тулаған ашулы көлге айналып, арасына құлайды…

Тарихты тамырлатсақ

Балқашқа байланысты бастапқы тарихи-географиялық мәліметті Орта Азиямен ежелден қарым-қатынас қалыптастырған Қытай жариялады. “Ұлы Қытай қабырғасының” батысын алып жатқан байтақты “Си-Юй” (“Батыс аймақ”) деп атады. Өкінішке орай, сол дәуірде Орта Азияда орныққан 44 мемлекеттің 607 жылы құрастырылған картасы сақталмаған. Көшпенді және отырықшы халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрі араласып кеткен көл мен Тянь-Шань тауы аралығындағы аумақ VIII ғасырдан бері “Жетісу” ретінде белгілі.
Александр фон Гумбольдт, Балқаш көлі Қытайға “Си-Хай” (“Батыс теңізі”) деген атаумен белгілі болған деп жорамалдайды. 1855 жылғы атласқа солай түсірілген. Жоңғарлар “Балқаш-Нұр” деп атапты, еуропалық елшілер түсірген суретке сай Юлиус Клапрот сызған картада солай көрсетілген. Өз қонысының батысындағы барлық географиялық нысанды ақ түспен белгілеген түркі мен моңғол “Ақ теңіз” деп атаған, ал мемлекет шекарасы батысқа жылжығанда “Көкше теңіз” атауын иеленген.
Екінші шығарылған “Үлкен сызба кітабында” (1627 ж.) көл көрінбейді. Тобылдық картограф әрі тарихшы Семен Ремезов 1695 жылы “Сібірдегі бүкіл қала мен жердің сызбасы» атласында Балқашты “Теңіз” атауымен берген. Осы атау XVIII ғасырда 1716 жылы швед офицері Иоганн Ренат шығарған атласқа, сондай-ақ, капитан Филип Страленберг құрастырып, 1730 жылы Стокгольмде басылған “Ұлы Татария” картасына өзгеріссіз түскен. 1834 жылы астроном В.Федоров көлдің нақты орналасқан аумағын айқындап, жағалауын ішінара суретке түсіреді.
Балқаш көлін зерттеуге орыс географы Л.Берг елеулі үлес қосты. Орталық ғылыми-зерттеу және геололгиялық-барлау институтының аға геологы, геология ғылымының докторы, кейін саяси көзқарасы үшін 5 жыл Алматыға жер аударылған Б.Мефферт 1910 жылы егжей-тегжейлі физикалық-географиялық сипаттамасын жасайды. Ол Балқаштың солтүстік жағалауындағы Мойынты, Жәмші және Тоқырау өзен жүйесін зерттейді. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов та Балқаш алабын аралап, зерттегенін айта кеткен артық болмас.

Көні кепкен көл

Суы теңіздей толқыған, жанарды жасқаған жағалауын көкжиек көмкерген көлде қалыптасқан ахуалға қатысты тақырыпшадағыдай тұжырымға келу тым орынсыз емес пе? Газетті айтыс алаңына айналдырмай-ақ, сауалдың жауабын дерекпен дәйектеп көрейік.
Алдымен айтарымыз, Аралдағыдай апат қайталанбай ма? Оның бетін аулақ қылсын, алайда, алаңдауға бірнеше себеп бар. Біріншісі, Қапшағай су қоймасына қатысты. Міне, жарты ғасырға жуықтап қалды, оны толықтыруға Іленің суы пайдаланылуда. Осының салдарынан өзеннен келетін судың көлемі бұрынғының үштен екі бөлігіндей азайып, көлдің деңгейі төмендеді. Оның мөлшері жылына 15,6 сантиметрге жетті. Сөйтіп, 1908-1946 жылдары су деңгейінің табиғи төмендеуінен (жылына 9,2 см. — авт.) айтарлықтай асып түсті.
Балқаштың таяздануы оның онша терең емес батыс бөлігінен айқын аңғарылды. 1972-2001 жылдары көлдің оңтүстігіне қарай 8 шақырымда жатқан Алакөл құрғап қалды деуге болады. Осы кезеңде Балқаштың оңтүстік бөлігі барынша зардап шекті. Оның төңірегіндегі 16 су жүйесінен тек бесеуі ғана қалды, бассейннің үштен бір бөлігіне жуығы шөлге айналды. Кепкен көлдің түбінен көтерілген тұзды тозаң аймақ климатына кері әсерін тигізді. Ал, жағалаудың тұзданған топырағы құнарсызданып қана қоймай, сағаны сағал-сағал қылды.
Іле-Балқаш бассейнінің экологиясын тұралатқан тағы бір фактор — Балқаш комбинатына қарасты бірнеше кәсіпорын төгетін өндірістік қалдық. Өкінішке орай, көлдің түбіне тұнған мыс, мырыш, қорғасын тозаңы туралы тың мәлімет қолға түспеді. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығының алғашқы жартысында комбинат төккен өндірістік қалдық көлемі жылына орта есеппен 280-320 мың тонна болғаны, көл түбінде 76 тонна мыс, 68 тонна мырыш, 66 тонна қорғасын тұнбасы жатқаны жөніндегі мәлімет қойындәптерде жазылып қалыпты. Өндірістік қалдық қоймасынан шаң болып көтерілетіні қаншама?
Қазір Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің мол суы көлге жетпей, суармалы егістікке жұмсалады. Бұрын Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отыруға септігін тигізген Аягөз, Биен, Сарқанд және Басқан да бүгінде арнасын өзгерткен. Балқаш шөлейт және шөл белдеуде жатқандықтан, климаты шұғыл континентті. Суының булануы өте жоғары. Сондықтан, деңгейі шұғыл өзгеріп отырады. Балқаш көлі соңғы жылдары 2 метрге жуық төмендеген.
Біз бұл жерде Қытай жағынан келетін кесапатқа көп көңіл аудармадық. Екі ел арасындағы су қатынасы 2001 жылы 12 қыркүйекте қол қойылған “Трансшекаралық өзенді қолдану мен қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы” келісім аясында реттеледі.

Қаланың хәлі қалай?

Көлге “кіндігі” байланған қалада қалыптасқан хәл-ахуалды бөле-жара қараған қиғаштау келер?! Әрине, өндірістік қаланың өзіндік ерекшелігі бар. Оның үстіне, Балқаш — аттас көлдің жағалауындағы ең ірі елді мекен. Оның қадасы қайда қағылғанын жоғарыда айттық. Ендеше, екеуінің тыныс-тіршілігі бір-бірімен тығыз тамырласып жатыр.
Сонау отызыншы жылдары ашылған қуатты кеніштегі қор әзірге түгісілген жоқ: көлдің солтүстігін сағалаған Саяқ пен Қоңыратта кен әлі өндіріледі. Ал, батыс беткейінен Бішкектен басталып, Қарағандыға құлайтын автомагистраль өтеді. Сол жағалауда кеңестік кезеңде бой түзеген бірнеше әскери нысан бар.
Қаланың өткеніне үңілсек, 1938 жылы 2 сәуірде КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен “Прибалхашстрой” құрылысшылар кентіне “Балқаш қаласы” мәртебесі берілгенін көреміз. Ерекше архитектуралық құрылысы мен үлгілі құрылымы үшін Балқаш 1976 жылы одақтық Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 1987 жылы сәуірде қала Халықтар достығы орденімен марапатталды.
Балқаш — елдегі іргелі түсті металлургия ошағының бірі. Аймақта кен өндіруден басталатын, шикізат өңдеумен шектелмей, шақпақ мыс шығарумен аяқталатын өндірістік үдеріс қалыптасқан. Қуатты кеніш, байыту фабрикасы мен мыс қорыту зауытынан басқа, қала тамырына қан жүгірткен ондаған кәсіпорын бар. Соның бәрі белгілі бір дәрежеде қоршаған ортаға әсер етеді.
Қала экологиясын сауықтыру ешқашан естен шығарылған емес. Комбинатты алғаш жоспарлағанда қаланы көгалдандыру мәселесі де ескерілді. 1935 жылы КСРО Ғылым академиясының көшпелі сессиясы осында өтіп, нәтижесінде “Тораңғалықта” ботаникалық бақ ашылды. Онда өсімдікті климатқа бейімдеу бағытында ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. Мұның қаланы көгалдандыруға көп көмегі тиді.
Көлдің экологиялық жағдайын оңалтуға, қаладағы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қозғалыс аясында әртүрлі іс-шара өтіп жатады. Әсіресе, “Балқаш экологиялық орталығы” қоғамдық бірлестігі мен “ЭКОШ” ғылыми жастар экологиялық қозғалысының елеулі еңбегі мен игі ықпалын атап өткен орынды.

Шарасыздыққа қарсы шара бар ма?

Әрине, бар! Көлді қаңсытып қойып, кім қарап отырсын? Кейінгі бір ғасырдың өзінде оның жағдайын оңалтуға бағытталған бірқатар шара іске асырылды. Негізі, Балқаш көлін кешенді зерттеу 1920 жылдан басталды, көптеген экспедиция ұйымдастырылды.
Оның экологиялық жағдайын, суының химиялық құрамын, өсімдік, жан-жануар дүниесін, алабының физикалық-географиялық сипатын зерттеумен 1970-1990 жылдары. Қазақстан Ғылым академиясының бірқатар институты, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ гидрометеорология ғылыми-зерттеу институты, бірнеше жобалау институты айналысты. Нәтижесінде, көлді сақтап қалуға бағытталған нақты шара белгіленді, біразы жүзеге асырылып, көл деңгейінің төмендеуі біршама тежелді.
1980-1990 жылдары Іле-Балқаш табиғи-шаруашылық жүйесіне кешенді ғылыми-зерттеу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша берілген ұсынысқа сәйкес Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 метрге төмендетілді. Сөйтіп, көлемі 2 есеге (28 текше шақырымнан 14,5 текше шақырымға) кеміді де, жер суғаруға жұмсалатын су мөлшері едәуір шектелді.
1999 жылы “Балқаш көлін құтқару: оның бүгіні мен болашағы” атты халықаралық экологиялық форум өтті. Онда мынандай нақты шешім қабылданды: 1.Іле бойындағы өндірісте суды үнемді пайдалану. 2.Қапшағай суқоймасынан Балқашқа жіберілетін судың үлесін тұрақтандыру. 3.Күріш алқабын азайту. 4.Жерасты суын пайдалануды жүзеге асыру. 5.Суармалы жердің көлемін шектеу.
2000 жылы Алматыда  бірқатар шетелдің ғалым-экологі, сондай-ақ, билік пен бизнес өкілі қатысқан ауқымды конференция өтті. Алқалы басқосуда Балқаш-Алакөл бассейнінің экологиялық жүйесін басқарудың жаңа қағидасын қалыптастыратын қарар қабылдады. Елбасына, Парламентке, Үкімет пен халықаралық ұйымдарға Үндеу жариялады. Онда жекенің қаражатын аймақтағы жобаны қаржыландыруға жол ашатын мол мүмкіндік қарастырылды.
Көлдің экологиялық жағдайын жақсартуды қарастырған сондай халықаралық форум 2005 жылы да өтті.
Балқаш көлін құтқару — уақыттың өткір де өзекті мәселесі. Арал мен Балқаш сияқты су экожүйесінен айырылу Қазақстанды ғана емес, Еуразияны да бұрын-соңды болмаған экологиялық апат ошағына айналдыруы әбден мүмкін.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Суреттер интернеттен алынды.

Балқаш мыс қорыту зауыты.
Балқашқа ғарыштан қарағанда.

Балқашқа ғарыштан қарағанда (суретке мәтін)
1. Көлді екіге бөліп тұрған “Сарыесік” түбегі мен “Ұзынарал” бұғазы. 2.”Байғабыл” бұғазы. 3.”Балай” бұғазы. 4.”Шауқар” бұғазы. 5.”Кеңтүбек” бұғазы. 6.”Басарал” және “Ортаарал” аралдары. 7. “Тасарал” аралы. 8.”Шемпек” шығанағы. 9.”Сарышаған” шығанағы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button