Байыпты бағдарлама

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша бірқатар салаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның міндеті – халық тұтынатын «Қарапайым заттар экономикасы» тауарларын, шикізат пен алғашқы өңдеу өнімдері өндірісін қолдауға бағытталған.

Бағдарламаның өңдеуші өнеркәсіпті және шикізаттық емес секторды қолдауға бөлінген қаржы көлемі 600 млрд. теңге болса, оның ішінде, 400 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне және қызметтерге, 100 млрд. теңгесі – агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өңдеуге арналған.

Бағдарламаға негізгі қатысушылар – басым тауарлар тізбесінде айқындалған жобаларды іске асыратын шағын, орта және ірі кәсіпорындар. Оған 365 тауар атауы түрлі енгізілген, оның ішінде, ауыл шаруашылығы (49) және тағам өнімдері (69); азық-түлік емес өнеркәсіптік тауарлар (247); қызметтер (9).

 Қатысу үшін осы тізбедегі тауарлардың кемінде бір түрін шығаруды ретке келтіру жеткілікті. Халық тұтынатын тауарлар өндірісінде жеңіл және химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, жиһаз, электр тауарлары мен жабдықтар өндірісі басым.

 Қолдауды талап ететін қызметтер ретінде мынадай қызмет түрлері айқындалған: тамақ өнімдерін сақтау және сату жөніндегі көтерме-тарату орталықтарын құру, студенттік жатақханаларды, білім беру ұйымдарының мекемелерін салу және қайта жаңарту, сондай-ақ, туризм (қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс лагерлері, тау шаңғысы курорттары, кемпингтер және т.б.). Қарағанды облысы бойынша туризм саласын жеңілдікпен несиелеу мүмкіндігіне Балқаш курорттық аймағы ғана қол жеткізіп отыр. Өйткені, бұл аймақ – мүмкіндігі зор нүкте ретінде қаралып, республикалық туристік картаның ТОП-10 тізіліміне енгізіліпті.

Несие мерзімі – 7 жылға дейін. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мүмкіндіктерін қоса есептегенде несие берудің соңғы мөлшерлемесі өңдеу өнеркәсібінде 8%-ды және АӨК-де 5%-ды құрайды. Жаңа өндірісті ашуға немесе қолданыстағы өндірісті кеңейтуге несие беру сомасы (инвестициялық мақсаттар) қарыздың кемінде 70%-ын құрайды. Айналым қаражатын толықтыруға 30% көлемінде беріледі. Жекелеген жағдайларда несие шартын мақұлдау үшін салалық министрліктің оң қорытындысы талап етіледі (ИИДМ, АШМ). Бұл – өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласында 10 млрд. теңгеден астам сома және АӨК 500 млн. теңгеден астам сома жобалары

Несиелендірудің нақты тәртібі бар. Өңдеуші өнеркәсіп жобасын іске асыратын бағдарламаның әлеуетті қатысушысы құжаттардың толық пакетімен Екінші деңгейлі банктерді қаржыландыруды ұсыну өтінімімен жүгінеді. Қаржы-экономикалық тиімділігін бағалағаннан кейін оң шешім қабылданған жағдайда банк бұл туралы өтініш берушіге жазбаша хабарлайды. Одан әрі кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-на (Қарағанды қ., Ермеков көш., 29) өтініш-сауалнамамен жүгінуі керек. Бағдарламаның қаржы операторы өз кезегінде банкке және кәсіпкерге хаттама үзіндісінің көшірмесін жібереді. Қор, екінші деңгейлі банктер және кәсіпкер арасында жасалған үш жақты субсидиялау шарты несие берудің құжаттамалық негізі болып табылады.

АӨК саласындағы айырмашылығы тек банктерге жобаны несиелендіруге дайын болған жағдайда кәсіпкер субсидиялау шартын жасау туралы ұсыныспен «Даму» қорына емес, жергілікті атқарушы органдарға жүгінеді.

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске асыру мониторингі үшін өңірлік Жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларының, «Даму» қоры мен Кәсіпкерлер палатасының басшылары енді.

Дайындық кезеңінде «Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетті қатысушылары қатарынан облыс компанияларының тізбесі анықталды. Олар – тағам, жеңіл және жиһаз өнеркәсібінде мамандандырылған 2 800-ден астам кәсіпорын мен өндіріс.

 Қазіргі таңда Бағдарламаға қатысу ниетін өңірдің 35 компаниясы растады. Жобалардың жалпы құны 13,6 млрд. теңге. Екі жоба (2,1 млрд. теңге) банктер мен «Даму» қоры тарапынан мақұлданды.

Бағдарламаға 9 екінші деңгейлі банктер – «Халық банкі» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Нұрбанк» АҚ қосылған.

 Өз тілшімізден.