СаранСпорт

Байрақты бәсекеде бақ сынайды


Сенбі күні Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай, мемлекеттік қызметкерлер арасында қалалық спартакиада өтті.
Спорттық шараның қатысушылары ша­ғын футболдан, армрестлингтен, жеңіл ат­летикадан, жүзуден, волейболдан, үстел теннисінен, кір көтеруден және шаxматтан өзара мықтыны анықтады.
Айта кетсек, спартакиаданың басты мақсаты – саламатты өмір салтын насиxаттау, мемлекет, әкімдік қызметкерлерін бұқаралық спортқа ат салыстыру, спортқа қызықтыру және үздік ұжымдарды облыстық додаға іріктеу.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағамбетов барлық қатысушыларды дене шынықтыруға және спортпен жүйелі түрде айналысуға, саламатты өмір салтын сақтауға шақырып, спортта жеңістерге жетуіне ті­лектес­тігін білдірді.
– Елбасымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиялық жоспарында дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиістігін жеткізді. Расымен де, саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Тәуелсіздігіміздің таңы атқан уақыт ішінде біздің елімізде бұқаралық спорт пен жалпы спортты дамыту жолында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қыруар жұмыстар атқарылды. Елбасы спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы зор басым бағыттар санатына қосып келеді. Әрине, мейлінше дені сау, даярлығы жан-жақты халық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да барынша үлес қосады. Сондықтан, бұқаралық спорт бүгінгі Қазақстан қоғамын алға жетелеу және ұлттық стратегиялық мүдделерге жету үшін ауадай қажет. Бүгінгі барлық қатысушыларға сәттілік серік болсын, – деді Ержан Темірханов.
Жеңілдетілген ережелер бойынша өткізілетін жарысқа Абай, Нұра, Осакаров аудандары мен Шахтинск, Саран қалаларының әкімдік қызметкерлері жақсы дайындықпен келіп, белсенді қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіліп, бірінші орын алғандар облысқа жолдама алды.
Қашанда ойнаушыны еліктіріп, көрерме­нін желіктіріп жіберетін, яғни, көпшіліктің ерек­ше ден қоятын футболда сарандықтар үздік шықты. Сондай-ақ, жүзуден жүйріктер қатарынан көрінді. Армрестлингтен Нұра ауданының қатысушылары бірінші орынды еншіледі. Волейбол, кір көтеру, жеңіл атлетика, шахматта Осакаров ауданының командасы бірінші орындарды иеленді. Үстел теннисінен абайлықтар бас жүлдені қанжығасына байлады.

САРАН қаласы.
Нұрдос Кәрім.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button