Тарих

Байқоңыр

2014 жылдың Арқаның қараша қазы қайтар май тоңғысыз байқоңыр күзі еді. Әлі де шүлдірінен ажырай алмай жатқан кеншілер қаласында бір жақсы шара өтейін деп жатыр деген хабар елді кәдімгідей елең еткізген. Әңгіме Бүркіт Ысқақовтың 90 жылдығы туралы екен…

Ел көлемінде аталып өтетін шара еді ғой дейді бір ойым…

Ол кісі қазақ баласының рухы еді ғой деймін іштей қарсылық білдіріп.

Менің түсінігімде бұл кеште ел ырғын болу керек еді. Алматыдан, Астанадан аузымен құс тістеген дүлділдеріміз келер деп тон пішкем.

Мына таяқ тастам жердегі Нұрадан үзеңгілесі Махмет аға Темірұлы келер деп ойлағам…

Шынтақтасып жатқан Шеттен Бүркіт ағаның ізбасары Кәмел ағам Жүністегі келеді деп ойлағам…

Өйткені, әңгіме қазақ рухы жөнінде ғой!

Бұл қазақ арыстарының есімдерімен қатар аталатын есім емес пе?!.

Әрі-беріден соң Арқа төсінде «ЕСЕП» партиясын – Елін Сүйген Ерлер партиясын құрған тұлға емес пе еді?!

Қазақ арыстары ұйыстырып, қазақ баласының ертеңі үшін жан алып, жан беріскен партиялар аз болмаған. Солардың ішінде осы «ЕСЕП» партиясы ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қойған партия емес пе еді?!.

Есептіктер 5 миллион қазақтың мүддесін 250 миллион советтіктердің мүддесінен жоғары қойды!

Біздің бір бақытымыз Айтбай Нәрешевтен дәріс алдық. Айтбай аға есімі – қарағандылықтар үшін аяулы есімдердің бірі. Қазақ сөз өнерінің көмбесі еді.

Айтекең ректор Бөкетов құрметтеген ағалардың бірі еді.

Отырып келген адам болатын.

Не үшін отырып келгенін, әрине, ішіміз сезеді. Сөйткен ұстазымыз Бүркіт аға Ысқақовты оқытқан екен!

Айтбай ағаның алашшыл інісі Рамазан аға да осы Қарағандыда тұрды. Ағайынды Дәулетбек, Қыздарбек Әкімбековтер де осы тізімде тұрды. Бұлар да нұралықтар еді. Жаппар Өмірбек, Оңайбек Құдышұлы ағаларымыз өз алдына жатқан бір-бір мектеп еді-ау!.. Бұл кісілер қасиетті Қарқаралы топырағынан еді.

Өзім туып өскен Шет топырағынан ешкімнің шықпағаны қалай деп жасып жүремін. Бір ретінде осы ойымды Айтбай ағаға жеткізгем.

– Бәле, – деген ағамыз, «Жүсіп Алтайбаев, Қажымұхаммед Ахметов ағаларың бар емес пе» деген, «өзің араласып жүрген Зейнолла, Кәмел, Рымқұл ағаларың бар емес пе» деген, «бір құдықтың суын ішкен Мұрат, Сәбит ағаларың бар емес пе» деген.

Жаным семіріп қоя берген.

Кәмел ағамызбен де топырағымыз бір. Ағамыздың есімін сонау алпысыншы жылдардың соңында естідім. Сол жылдары мектебімізге Сәбит Адамин есімді жас мұғалім келген. Сөйлеген қара сөзінің өзі өлеңге бергісіз төгіліп тұрған, іші-сырты бірдей ағаларымыздың бірі еді. Ол кісінің аузынан естігенімізді кітаптан таппаушы едік. Сәбит мұғалім есімі аталған жерде үлкендер жағы бір түрлі айтып отырған сөздерінен жаңылып қалатын. Кейін білсек, оқуға тыйым салған «Сәбет өкіметінің жауы» атанған Нарманбет ақынның өзінен диплом қорғаған екен.

Ол кісінің айтуында Зейнолла, Кәмел, Рымқұл ағаларымыз да ақын екен. Олар да Нарманбет ақынша өлең жазыпты. Сол өлеңдері өкіметке жақпаған…

Мені Айтбай ағаға жақындата түсетін осындай есімдер, әрине. Біреуін білсем, біреуін білмей жатам. Түптеп сұраудың жөнін таба алмаймын. Өйткені, ол кісі де бұл тақырыпқа бара бермейді.

Айтбай ағамыз Махмет Темірұлын да оқытқан екен. Айтбай ағамыз Кәрім Сауғабай ағаны да оқытқан екен.

Сол ағамыздың дәрісін тыңдағанымызды өзімізге дәреже көреміз, бақыт санаймыз.

Айтбай аға «Үндістан ұранын» асықпай бабымен жатқа оқитын.

Ал, біздер болсақ, іштей ілесіп отырар едік.

Ұстазымыз «Үндістан…» деп аузын аша бергенде, біздер «Қазақстанды» қойып үлгеретінбіз-ді.

«Ағылшынның құлысың» дегенше біз «Еуропаны…» да аттап өтіп, «Русияны…» қойып үлгерер едік.

Әсіресе:

О, Үндістан, ұлысың,

Туды бүгін ұлы сын!

Оят, тұрғыз ұйқыдан,

Ұлдарыңның тірісін!.. – деген жолдар оқылғанда ішімізге ит түсіп кеткендей қыңсылап қалар едік.

Біздер де ел тани бастаған, жер тани бастаған, көшбасшы ағаларды іздей бастаған жиырма деген жасымызға жетіп қалғанбыз. Біздің жасымызда ағаларымыз орыс орманына ағаш аралауға аттаныпты. Ал, біздер Қарағанды қаласында қазақша сөйлеуге жарамай пұшайман болып жүрдік.

Кеңестік қызыл машина Кәмел Жүністегі, Зейнолла Игіліков ағаларымызға келгенде басын маңдайшаға ұрғызған шалқұйрықтай қалт тоқтаған жоқ па? Саяси айыптау тағып, Қарағандының азаттық бесігі екендігін мойындады.

Кәрім Сауғабай, Мақсым Омарбеков, Рымқұл Сүлейменов, Нариман Ысқақов (Бүркіт ағаның інісі), Ерғали Есімғалиев, Мұрат Кәрменұлы, Сәбит Адаминов, Төлеубек Тұрысбекұлы ағалар репрессиялық жазалауға ұшырады. Осылайша, қызыл империяның өзі Қарағандыда азаттық мектебінің барлығын мойындады!

Қызыл сот саяси статья қоюға мәжбүр болды!

Бұл қайдағы бір үштіктердің қаулысы, болмаса шешімі емес еді!

Бұл қаһарлы КГБ – Кыгыбының үкімі еді.

Енді сол үкімге көз жүгіртелік.

Жүнісов Кәмел (Жунусов Камель), 1939 жылы туған, қазақ.

Туған жері: Қарағанды обл., Шет ауд.

Білімі: орта.

Тұтқындалғанға дейінгі тұрған жері: Қарағанды обл., Шет ауд., АқсуАюлы кенті. Шет ЛКЖО АК.

Кім және қашан тұтқындады: 17.12.1962 ж., Қарағанды обл. КГББ.

Кім және қашан соттады: Қарағанды облсоты, 29.03.1963 ж.

Бап: 58-10 РСФСР ҚК, бас еркін 3 жылға айырып, жазасын ЕТЛ өтеуге кесілген.

Ақталған күні және ақтаған орган: 05.05.1993 ж., ҚазССР Прокуратурасы.

Істі тоқтату себебі:1993 жылғы14 сәуірдегі ҚР Заңы.

Игіліков Зейнолла (Игликов Зейнолла), 1937 жылы туған, қазақ.

Туған жері: Қарағанды обл., Қарағанды қ.

Білімі: орта.

Тұтқындалғанға дейінгі тұрған жері: Қарағанды обл., Шет ауд., Ақсу Аюлы кенті.

Кім және қашан тұтқындады: 11.12.1962 ж., Қарағанды обл. КГББ.

Кім және қашан соттады: Қарағанды облсоты, 29.03.1963 ж.

Бап: 58-10 РСФСР ҚК, бас еркін 3 жылға айырып, жазасын ЕТЛ өтеуге кесілген.

Ақталған күні және ақтаған орган: 05.05.1993 ж., Қаз ССР Прокуратурасы.

Істі тоқтату себебі: қылмыстық құрамы болмағандықтан.

Бұл үкімді де қолға әзер түсіргенбіз. Айтары жоқ, қолымыздағы қағазымыз өзі сөйлеп тұр еді.

Асыл ағаларым бір күнде ұсталған, бір күнде сотталған, бір күнде ақталған…

Олардың соңынан бақылау қойылды. Өле өлгенше үш әріптің бақылауында болды. Кәмел ағам бүгін де қарауыл ұшында тұр деп ойлаймын. Ол кісі әлі де басына азаттық алды деп толық айта алмаймын.

Кәмел ағамыздың есімін білгеніме жарты ғасыр уақыт болса, оның ширек ғасырында аға-іні болып араластық. Ағамыз азаттық тақырыбына аңдап барады. Қазір ойлап отырсам, біреуге зияным тиіп кетер ме екен деп «аузын буады» екен ғой.

Бүгінде Кәмкеңмен аралас-құраластығымыз үзілген емес. Мен жетелеймін. Ол кісі жетекке көнбейді. Үзеңгілестері қатарынан тек Зейнолла ағаның есімін атар еді. Қалғаны табу!

Тіпті, Рымқұл ағаның да есімін атай қоймайды.

Осы жайтты Рымқұл Сүлейменов ағамның өзінен сұрағам. Бұл кісіге еркіндеу келетінім – аталаспыз, оның үстіне бірге қызмет істедік. Ақадыр ауданында. Ол кісі бас редактор, мен орынбасары болдым.

Бұл да бір айтылмай келген әңгіме еді. Соны айтудың реті енді келген сынды. Сонымен, мен не сұрадым, ағам не айтты?!

…Зейнолла ағаң бірінші болып ұсталды. Екінші болып қақпанға Кәмел түсті. Менің де түсуім кәдік еді. Мені құтқарып жіберген Кәмел еді. Мен болсам Ерғалы, Төлеубектерді құлақтандырып үлгердім. Зейнолланың да Кәмелді құтқаруына болатын еді ғой. Міне, әңгіме қайда?!

Шын мәнінде, Зейнолла да, Кәмел де өз сөздеріне берік болды. Бізді Сібірдің орманынан аман алып қалды.

Бұл ағаларың орыс орманынан аманесен оралды. Қудалау көргенімен бұйырған нанын тауып жүрді. Зейнолладан гөрі Кәмелдің соқпағы озғындау болды. Басшы қызметтерге ілікті. Кітаптары шығып жатты. Міне, осыны қайсыбір замандастарымыз көре алмады. Соңдарынан сөз ертті. Тіпті, Кәмкең отырған адамға ұқсамайды деген әңгіме де шығарды.

Кәмкеңнің кеуде қаққанын көрген адам бола қоймас. Әлгіндей себептермен өзін қоңыр ұстайды. Жоғарыда айтқан кешке Махмет ағам да, Кәмкең де келмеді. Себеп – біреу. Біреуге зиянымыз тиіп кетер ме екен деп шегіншек.

Сол қоңыр тірлігімен де Кәмкеңнің бітірген шаруасы шаш етектен. Ондаған тарихи туындылар берді. Оның арасында Қалихан Ысқақ ағамыз жоғары бағалаған «Едіге» романының орыны бір бөлек болса керек. Шортанбай жыраудың академиялық жинағын түзді. Ел, жер тарихынан түзген шежіре кітаптары бір төбе. Аруақты бабалардың мәңгілік бесіктерін тауып, белгі қоюдағы еңбегі де айтулы дүние. Арқаның шертпе күй шеберлерінің галереясын жасады, ел қолындағы домбыралар үлгілерін жиыстырды.

Енді…

Ағамыздың алдында үлкен шаруа тұр. Азаттық аңсар, азаттық мұрат тұлғаларының галереясы. Ол роман бола ма, ол эссе кітабы бола ма – анығы іздеп жүріп оқитын туындымыз болады деп ойлаймын.

Орыстың Солженицыны болғанда, қазақтың Жүністегісі неге болмайды?!

Архипелаг Гулаг болғанда, Сарыарқа Гулаг неге болмайды?!

Ағамыз бүгінде сол Шет ауданында жүріп жатыр. Қоңыр тірлігінен ажырай қоятын түрі көрінбейді. Оның өзінде – байынан. Қоңыр болғанда – байқоңыры. Қанық қоңыр. Бүркіт ағаның бауыры Нариман Ысқақов ағамыз да ұлтжанды тұлға еді. Сол ағамыз айтып отырушы еді:

– Бүркіт ағам арманын өзімен бірге ала кетті, – деп.

Жоқ, мен білсем, ол кісінің арманы жалғасын тауып жатыр. Керекуден атойлап Нығмет Ахметов, Арман Қани, Қарағандыдан Есен Өтенов, Болат Дүйсенбаев сынды азатшыл, алашшыл бауырларымыз шықты.

Өткенімізге құрмет жасасақ, ұлт тұлғаларына жасайық. Бүркіт Ысқақов бастаған Махмет Темірұлына, Жаппар Өмірбекке, Кәрім Сауғабайға, Рымқұл Сүлейменге, Зейнолла Игіліковке, Кәмел Жүністегіне жасайық.

Бізде ұлт ұраншысының атаулы күні жоқ. Алайда, ол да қолда тұрған шаруа емес пе? Сол аяда Махмет ағаның күндерін өткізейік. Зейнолла, Кәрім ақындардың ұлтты ұйыстыратын өлеңдерін оқиық. Рымқұл, Сүлеймен оқуларын ұйымдастырайық!

Айта берсек әңгіме көп.

Соның ең бастысы – жастар жүрегінде жүрген Кәмел ағамызды өлтіріп алмайық.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

Басқа материалдар

Back to top button