Сұхбат

Бахтиар БЕКМҰРЗАЕВ: “Егер ісім өнсін десең, ретін тап”

Аймақтың қоғамдық тынысы сөз болғанда Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) қызметін қамтамасыз етіп, түрлі ұйымдар мен этномәдени бірлестіктерге қолдау көрсетуде тындырымды әрекетімен танымал облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі бірден еске түседі. Оның этносаралық татулықты нығайтуды айтпағанда, билік пен халық арасында ашық диалог орнатудағы қызметі де – көл-көсір. Мекеме міндеттері аясында қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, ғылыми шаралар өткізу, тілдерді дамыту, жастармен жұмыс мәселелері де қарастырылған. Мереке қарсаңында өздеріне тиесілі жұмыс ауқымын мінсіз атқарып келе жатқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Бахтиар БЕКМҰРЗАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік…

– Бахтиар Перналыұлы, елдің тұтастығы мен тыныштығы – өркендеу факторы. Сол істе өлшеусіз еңбегі бар ҚХА – әлемде баламасы жоқ құрылым. Сөз басында Ассамблеяның аймақтағы қызметіне тоқтала кетсеңіз…

– «Қоғамдық келісім» мекемесіне басшылыққа келгеніме аз ғана уақыт өтсе де, біраз жайтты бағамдап үлгердім. Өзіңіз жақсы білетіндей, Ассамблея – азаматтық, саяси мүдделерден жоғары тұратын ұйым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі қасиетті қара шаңырақ болса, барша этностар – сол шаңыраққа қадалған уықтар» деп елдегі тұрақтылық пен бірліктің маңызын айқындап берген болатын. Осынау баға жетпес байлығымызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге ҚХА зор үлес қосып келеді.

 Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымыз ынтымақ пен бірлікті бəрінен биік қойған. Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те, берекесін ыдыратпаған, қазанын ортайтпаған. Талбесік пен жербесік арасындағы өмірде ешкімді өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, орамды оймен, терең кемеңгерлікпен ғұмыр кешкен. Пейілі ешқашан тарылмаған. Біздің қазіргі міндетіміз – сол ұстанымнан таймау, жалпы қауымды соған бейімдеу.

– «Жас келсе – іске» деген бар. Мекеме басшылығына келгеніңізге көп уақыт өтпегенін айтып отырсыз… Жеке тұлға ретіндегі ұстанымыңыз, жаңа лауазымдағы басты мақсатыңыз қандай?

 – Жеке тұлға ретіндегі ұстаным – азаматқа лайықты қасиеттерден арылмау, ел мүддесі үшін ерінбей еңбек ету. Ал, қызмет мақсаты әрі бірінші кезектегі міндет – мәдениетті дамыту, өзгелерді ұлттық мәдениетімізді тануға тарту. Этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне барлық жағдайды жасау – қастерлі парыз. Дәстүр мен мәдениетті, мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстанда тұратын барлық этностар үшін ортақ шарттылық, зор жетістік екеніне әр қазақстандықтың көзін жеткізуіміз керек.Сол мақсатта, яғни, ынта-жігерді ояту бағытында дәйекті жұмыстар жүргізе беретін боламыз.

– «Қоғамдық келісім» өз жұмысында жастардың патриоттық тәрбиесіне және олармен жүргізілетін жұмыстар мазмұнына ерекше көңіл бөлетінін білеміз. Осы орайда, қандай жұмыстар жоспарда тұр?

– Ең бастысы, жас өрендер арасындағы жұмыстың пәрменді жүргізілуіне басты назар аударылады. Олардың жан-дүниесіне қазақстандық патриотизм сезімін дарытып, жаңа болмыста өсіп келе жатқан жаңа қазақстандықтарды ұлтына, діни нанымсеніміне қарай бөлектемей, барлығымыздың Қазақстан атты «үлкен үйде» тұратынымызды жеткізе білу қажет. Мемлекттік тіл – елдегі барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіруші күш екенін, ертеңгі күні мемлекет мерейін үстем етіп, абыройын асқақтататын басты ерекшелігіміздің бірі екенін санасына сіңіру – міндетті қажеттілік.

 Бұл – уақыт талабы, мезгілдің өзі меңзеп отырған табиғи заңдылық. Жалпақшешейлікпен жағдайды түзей алмаймыз. «Тауларды аласартпай, төбелерді биіктетейік» десек, бұл бағытта табанды әрі қайратты күш-жігер жұмсауымыз керек.

– Қазақтың қанына сіңген қайырымдылық қасиеті бүгінгі таңда ерікті атауымен егіз ұғым саналады. Биылғы жыл – Еріктілер жылы. Осы бағытта айтарлықтай ауқымды жұмыс атқарып жатқандарыңыздан жақсы хабардармыз…

– Иә, қазақ халқының бойына біткен ерекше бір қасиет – кез келген жанға қайырымдылық жасауға ұмтылып тұратындығы. Ал, қайырымдылықтың ешқашан ұмыт қалмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Бұл бағыттағы ілкімді шаралар жалғасын тауып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде еріктілерге ерекше ілтипат білдірді. Еріктілер қатарының көбейе түсуіне ықпал етумен шектелмей, нақты істерді нақты жүзеге асыру біздің Достық үйінің негізгі бағыттарының біріне айналмақ. Бүгінгі таңда осы бағытта этномәдени бірлестіктер өкілдерімен бірлесе белсенді жұмыстар жүргізудеміз.

– Бірлікті ту еткен қаншама ұлт пен ұлыстардың этномәдени бірлестіктері Достық үйінде шоғырланғанын білеміз. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы қысқа әрі нұсқа ғана айтсаңыз?

 – Облысымызда 100-ден аса этнос өкілдері ғұмыр кешіп, еңбек етуде. Аккредитациядан өткен 55 этномәдени бірлестік бар. Оның 22-сі – облыс орталығындағы Достық үйінде орналасқан. Әр бірлестіктің жабдықталған кеңсесі бар. Олардың ұлттық нақышта безендірілген кеңселері – тіл үйренуге, жиындар мен дөңгелек үстелдер өткізуге өте қолайлы. Этномәдени бірлестіктер өкілдері – азаматтық бастамалардың басы-қасындағы қоғам белсенділері. Барлығы дерлік аймақтың экономика, медицина, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік және тағы да басқа салаларында тиянақты жұмыс атқарып жүр деп айтуға толық негіз бар.

– «Қоғамдық келісім» мекемесі түрлі жобаларды қолға алып, табысты жүзеге асырып келеді. Мәселен, «Social Trust» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі, «Даланың дара данасы» атты байқау, одан бөлек, «Елтану» экспедициясы тәрізді жобаларыңыз көптің көңілінен шықты. Олар биыл да жалғасын таба ма?

– «Social Trust» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі – өз бизнесін ашуға талпынған кезкелген жастағы және мүмкіндігі шектеулі топтағы азаматтарға бағытталған жоба. «Green TAL» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы және ST ӘКМ тренері Эмин Аскеров бұл салада біраз жұмыс атқарды. Кәсіпкерлік мектепте өткен семинарда 286 азамат кеңес алғанын айту керек. Жоба сұранысқа ие, жалғасын табады деген ойдамыз.

Одан бөлек, мәдени-тілдік ортаны үйлестіруге, рухани ортақ құндылықтардың, мақсаттар мен міндеттердің бірлігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған «Қазақтану», «Мәміле», «Мың бала», «Бұқарекең жырлайды», «Даланың дара данасы», «Күлтегін жыры. Ұлы Дала дастаны», «Елтану» және «Қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы байқау» – облыстық Ассамблеяның дәстүрлі де ілкімді жобалары. Қоғамдық келісімді және Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін дамытуды көздеген «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы да жыл сайын өтіп келеді.

– Барлық қазақстандықтарды біріктіретін күш – қазақ тілі. Облыстағы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі қандай? Тіл үйренуге қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Дұрыс айтасыз, мемлекеттік тіл – басты да өзекті тақырып. Бізде қазақ тілін білсем, үйренсем деп жүрген этнос өкілдері баршылық. Достық үйінде мемлекеттік тілді үйретуге арналған лингафон кабинеттері бар. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып «Мәміле» сұхбат клубын ашқан – Қарағандының Достық үйі. Клубтың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, этностар арасында ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру. Тіл үйренуге күніне 20-25 адам келеді. Жас ерекшеліктері де әртүрлі. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты бұл сабақтар әлеуметтік желіде бейнеформат түрінде өтіп жатыр. Яғни, тіл үйрену жалғасуда және оған еш кедергі жоқ.

– Достық үйі – сәулет көркемдігі жағынан облысымыздағы бірегей нысандардың бірі. Қалай ойлайсыз, осындай әсем ғимарат татулық пен тұтастықтың, достықтың ордалы орталығы ретіндегі функциясын мінсіз атқарып келе ме?

– Иә, Қарағандыдағы Достық үйі – республикадағы ең көпфункционалды және бірнеше саланы қамтыған ғимарат. Мұнда этномәдени бірлестіктерден басқа, мұражай, кітапхана, тіл ресурстық орталығы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиалы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, «Арқа» – айтыс мектебі, «Күй-керуен» орталығы, «Белсенді өмір» орталығы орналасқан. Бұған қоса, облыстық, қалалық деңгейдегі көптеген шаралар осынау еңселі ғимаратта өтеді. Сондықтан, Достық үйі тек, этнос өкілдеріне ғана емес, жалпы облыс тұрғындарына қызмет етуде. Ол – мәдениет үйі емес, бағалы азаматтық бастамалар орталығы.

– Бахтиар Перналыұлы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің алдағы жоспарларына тоқтала кетсеңіз…

– Халқымызда «Егер ісім өнсін десең, ретін тап» – деген дана сөз бар. Өмірдің өзінен туындап отырған кез келген қиыншылықтар мен шешімін күткен мәселелерді еңсеру үшін орын алған жағдаяттардың себебі мен салдарына тереңнен талдау жасауымыз қажет. Содан кейін барып нақты істерді жүзеге асырып, тиісті шараларды қолға аламыз. Облысымыз, негізінен, өндірісті аймақ болғанымен, ауыл шаруашылығы саласы да кеңінен дамыған аймақ. Аталған салаларды дамытуға түрлі ұлттардың еңбек әулеттерінің қосып отырған үлесі – қомақты. Сондықтан, біз алдағы уақытта «еңбек майданының» алдыңғы шебінде жүріп, өзгелерге үлгі-өнеге таныта білген құрыш қолды металлургтер, жеті қат жер астынан қара алтын өндірушілер мен Арқа атырабын төрт түлік малға, қамбасын дәнге толтырған ауыл шаруашылық еңбеккерлерін жұртшылыққа кеңінен танытуды, олардың еңбегін дәріптеуге ерекше мән беруді жоспарлап отырмыз. Мәселен, біз «Кәсіпқойлар отбасы» жобасын іске қосу керек деп ойлаймыз. Соның аясында Тұңғыш Президент – Елбасы айтқан Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын насихаттап, аймақта өмір сүріп жатқан этностардың, басқа да діни наным-сенімдегі азаматтардың мемлекет құраушы қазақ халқымен бірлесе, ортақ істі еңсеру бағытындағы тату-тәтті тірлігі мен тындырымды еңбегі туралы әңгімелейтін боламыз. Алдағы уақытта тағылымы мол, игі шараларды іске асыру бағытында межелеп отырған бастамаларымыз аз емес.

 – Уақыт бөліп, әсерлі әңгіме айтқаныңыз үшін рахмет!

 Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button