Руханият

Баба жыры жаңғырды

«Бұқарекең жырлайды» облыстық байқауы елдегі қазіргі жағдайға байланысты орайы табылып, онлайн түрде өтті. Сөйтіп, қоғам кеселін тамыршыдай тап басқан Бұқар бабаның толғаулары қайта жаңғырды. Анығында жаңғыртты. Ұйымдастырушы тарап facebook, instagram парақшалары арқылы өткізіпті байқауды. Қазан айында дәстүрлі түрде қайта өтеді деген жоспар бар. Ал, бұл онлайн сайыс ел көңілінде ерекше әсер қалдырсын деген ниетпен ұйымдастырылыпты. Иә, біздің газеттегі «Онлайн-айтыс» секілді.

Баба атындағы байқау үш кезеңде өрбіді. «Бұқар жырау оқулары», «Жыршы жыраулар», «Әлемді түгел көрсе де». Жалпы онлайн сайысқа 100-ге жуық қатысушы ниет білдіріп, бақтарын сынаған. Бұқар баба жырларына қызығушылық бар, демек.

 Онлайн сайыстың өтуіне ұйытқы болған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов ағамыз жастардың ұлттық өнерге деген ықыласын жоғары бағалап отыр.

«Осы сайысты өткізу барысында 100 отбасы қарап отырмай, рухани жаңғырды. Оның үстіне жастардың қызығушылығын көріп, тәнті болдым. Негізі бұл шараны үйдегі халықтың көңілін аулау мақсатында қолға алып, ұйымдастырған едік. Өз жемісін берді. Әлеуметтік желі арқылы жұрт Бұқар бабаның жырымен тағы бір мәрте тыныстады» – дейді Айтбай Ботпайұлы.

Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің Халықаралық одағы» Қарағанды облысы филиалы, Бұқар жырау ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен онлайн шараның жеңімпаздары анықталып, жүлделі сыйлықтар табысталыпты. Қатысушыларға «Бұқар жырау тағылымы» атты кітап беріліпті.

Айтпақшы, қатысушылардың өнерін сіз де тамашалай аласыз. Әлеуметтік желі парақшалары арқылы #Бұқарекеңжырлайды, #Бұқаржырау, #РуханиЖаңғыру хэштегтерін терсеңіз, өнерпаздардың бейнежарияланымдарын кезіктіресіз. Сіз де баба жырына құлақ түріп, сырына үңіліңіз.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button