Руханият

Бақыт ошағы

Қазақ елі осымен бесінші рет қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күнін тойлап келеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен күнтізбемізге енген мерекелік күн отбасы құндылығының құнын түсірмей, неке институтын нығайтуға бағытталған.

Берік отбасы Отанымыздың берік іргетасын құрайтыны анық. Сондықтан да, Отанның бастауы отбасы екенін ата-бабаларымыз айтып кеткен. Ата Заңымызда неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қамқорлығында екені анық көрсетілген. Елбасының әр отбасының әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған саясаты оны қорғау мен қолдаудың үлгісі. Мәселен, Елбасының биылғы жылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіндегі «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болу мүмкіндігі осы бағыттағы маңызды бастама. Әсіресе, жас отбасылардың өз баспанасына қол жеткізудің тиімді тетігін ұсынған Елбасының бұл бастамасы қаншама шаңырақты шайқалтпай, өз отауларын тігуіне негіз болады. Олай дейтініміз, қоғамда ажырасу дерті белең алып барады. Әрине, оның себептерін санамалап тере беруге болар еді. Десек те, тұрмыстық мәселелер көп жағдайда кикілжіңнің басы болатыны белгілі. Себебі, «сананы тұрмыс билейді» емес пе?

«Отбасы – шағын мемлекет». Әр мемлекеттің өзіндік басқару жүйесі болатыны сияқты әр отбасының өзіне тән тіршілігі, тәрбиелеу үлгісі бар. Дәл осы тәрбие беру отбасының маңызды да басты қызметі. Ұрпақты өмірге әкелу ғана емес, адами құндылықтарды санасына сіңіру әкешешенің басты міндеті. Һакім Абай өзінің он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады…» дейді. Баланың дүниені танып білуінде отбасының орны зор. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні ақиқат. 1961 жылы Альберт Бандура деген ғалым Бобо қуыршағымен тәжірибе жасаған екен. Бірнеше топқа бөлінген балалардың көзінше әуелі қуыршақты ұрып-соғады, келесі топтағы балалардың көзінше ешқандай әрекет жасамайды. Кейін бақылаусыз қалған 5-7 жасар балалардың үлкендер көрген ісін қайталағаны дәлелденді. Ызақорлық жағынан балалардың қуыршаққа деген зорлығы үлкендердің әрекетінен асып түскен тіпті. Одан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де тәжірибенің өзегі жойылған жоқ. Бүгінгі қоғамда балалар мен жеткіншектер арасында қылмыстың артуы отбасындағы тәрбиенің осалдығын айғақтайды. Шайқалған шаңырақта шаттық қайдан болсын? Өзара мәселелерін шешіп біте алмайтын әке-шешенің балаға тіпті де уақыты жоқ. Бұл орайда, ақылды ата-ана өз арасындағы мәселесінің балаға зиянын тигізуге жол бермеу керектігін айтады психологтар. Оған құлақ асып жатқан атаана қане? Жалпы, бүгінгі тәрбие бағыттары да бөлек екенін аңғару қиын емес. Бұл батыстан келіп жатқан «сән». Жақсысымен қоса жаманын да сіңіріп жатыр балаларымыз.

Мағжан Жұмабаев бір ғасыр бұрын «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» деп кеткен екен. Бұл бүгінгі біздің заманның тәрбиесіндегі басты қағида іспетті. Әлем жаңарып, онымен қоса қатынас та, технология да, құндылықтар да алмасуда. Сондықтан да, заманның талабына сай білімді баланы бүгінгі күннен бастап тәрбиелеу керек. «Сән» қуамыз деп жүріп, рухани байлық пен адамгерлілік негіздерін ұмытып кетпесек болды.

Жансая ОМАРБЕКОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button