Бас тақырыпОблыс әкімі

Бақылау – басты талап

Қарағанды облысындағы орташа айлық жалақы 172,884 теңгені құрайды. Ал, жұмыссыздық деңгейі – 4,4%. Сондай-ақ, салықтар мен міндетті төлемдерден облыс бюджетіне 320,8 млрд. теңге түскен. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс ҚА­СЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен аппарат жиналысында белгілі болды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек алдымен Қарағанды облысының экономика басқармасының жаңа басшысы Азамат Мұқановты және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жаңа басшысы Қанат Асқаровты таныстырды. Азамат Мұқанов бұған дейін Көлік және коммуникация министрлігінің ішкі бақылау басқармасын басқарса, Қанат Асқаров Саран қаласы орталық ауруханасының директоры болған.

Облыстың экономикалық жағдайын баяндаған экономика басқармасы басшысының орынбасары Айжан Дұрсын облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,3%-ға артқанын, ал, өңірлердегі бөлшек сауда көлемінің оң динамикасы байқалатынын айтады. Мәселен, тұтыну бағаларының индексі – 104,2% болса, өсімнің негізгі үлесі азықтүлік тауарларына тиесілі. Сондай-ақ, ұсынылған көрсеткіштерден азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің де көлемі артқанын байқауға болады.

 Бірақ, қара металлургия өндірісі көлемінің азаюы есебінен өңдеу өнеркәсібі 4,2%-ға төмендеген. Өңірде химия және жеңіл өнеркәсіп, резеңке және пластмасса бұйымдары, өзге де металл емес минералдық өнімдер мен машина жасау көлемі азайғанымен, түсті металлургия мен фармацевтикада өсім бар.

– Металл кендерін және түсті металдарды өндіруді ұлғайту есебінен таукен өнеркәсібінде өсім – 12,9%. Бірақ, көмір мен темір кенін өндіру төмендеді. Оның себебі – Балқаш, Теміртау және Бұқар жырау аудандарында өндіру көлемі, Сәтбаев қаласында өңдеу көлемі, Саран мен Шахтинск қалаларында өнеркәсіп көлемінің қысқаруы, – дейді Айжан Дұрсын.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі өткен жылдың деңгейінде, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында өсім бар. Құрылыс жұмыстарының көлемі жыл басынан 2,1 есе өсіп, 351,2 млрд. теңгені құраған. 354,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 есе өсіп, 611,2 млрд. теңгені құраған. Көшті кейін тартқан – Приозерск, Саран, Сәтбаев, Шахтинск қалаларында осы көрсеткіштер бойынша оң динамика жоқ.

«Жыл қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімін 5,2%-ға қамтамасыз ету қажет» дейді Айжан Дұрсын.

Облыс әкімі осы орайда өнеркәсіптегі көрсеткіштердің төмендеуіне алаңдаушылық білдірді. Дегенмен, Жеңіс Махмұдұлы химия өнеркәсібі мен басқа да бірқатар салаларда өсім жоспарланып отырғанын айтып, барлық мәселелерді бақылауда ұстауды тапсырды. Одан бөлек, аудан және қала әкімдерінен «Ауыл – Ел бесігі», «Нұрлы Жол» және «Нұрлы Жер» бағдарламалары бойынша қаражатты дұрыс әрі уақытылы игерумен қатар, жұмыстың нәтижелі орындалуын да қамтамасыз етулерін талап етті.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button