Бас тақырыпОблыс әкімі

БАҚ-тың бағы мен бабы таразыланды

Кеше Қарағандыдағы Достық үйінде облыс әкімі Ерлан Қошановтың қатысуымен «Аймақтық БАҚ. Даму бағдарлары» тақырыбында облыстық форум өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында ұйымдастырылған алқалы жиында облыс әкімінің БАҚ өкілдеріне берілетін дәстүрлі «Алтын сұңқар» сыйлығы да табысталды.

АЛТЫН КӨПІР

Форум жұмысына қатысқан қадірлі қонақтар қатарында отандық журналистиканың ардагері, сөз зергері, өлкетанушы Екатерина Кузнецова, «Kazakh TV» телеарнасының директоры Майя Бекбаева, «Informburo.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Михаил Дорофеев, «Ulus» цифрлық журналының бас редакторы Ержан Қалымбайұлы болды. Сондай-ақ, келелі кездесуге облыс орталығы мен қала және аудандардағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де арнайы ат басын бұрған екен. Айта кетейік, форум модераторы ретінде «Qazaqstan» Ұлттық арнасының «Апта» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі, белгілі журналист Мейіржан Әлібекұлы мен «Saryarqa» арнасының редакторы, журналист Азиля Жұмабекова болды.

Форум жұмысында аймақ басшысы алдымен Арыс қаласындағы апаттық жағдайға тоқталды. Салмақты сөз қозғап, мәселенің ақ-қарасын ашып айтқан БАҚ өкілдеріне ризашылығын білдірді. Халқымыз сын сағатта елдің, біртұтастықтың ерен үлгісін танытқанын тілге тиек етті.

– Биыл біз Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылатын алқалы жиынның форматын форум ретінде түрлендіруді ойға алдық. Өңірдегі барлық журналистерді қамтуға тырыстық. Облыс орталығынан тыс аудандар мен қалалардағы, шалғайдағы журналистер қатысып отыр. Форум тақырыбы осында отырған азаматтар үшін таңсық емес.

Өз сөзінде, аймақ басшысы өңірдегі көптеген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тікелей танитынын, атқарып жатқан ауқымды жұмыстарынан құлағдар екенін жеткізді. Мәселен, өткен жылы аймақ басшысы жоғарыда аты аталған Екатерина Кузнецовамен бірге «Долинка» кентінде сапарда болып, нәтижесінде мыңдаған бала жерленген «Мамочкина» қорымында мемориал тұрғызу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, экономика, өндіріс саласындағы өзекті мәселелерді өндіртіп жазып жүрген әріптесіміз, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Қызғалдақ Айтжанова мен белгілі блогер Ләззат Қожахметованың есімі де атаусыз қалмады. Облыс әкімі осы тектес өңірдегі бірнеше БАҚ өкілін тілге тиек етті.

Президент атап өткендей, тұрғындармен ашық әрі жемісті байланыс орнату қажет. Бұл ретте, билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуда, екіжақты бірлескен жұмыс жасауда журналистердің алар орны айрықша. Алтын көпір десе де болады.

АУЫЛ ЖАСТАРЫНА – АРНАЙЫ ГРАНТ

Ерлан Жақанұлы аймақтағы журналистика мектебінің жоғары деңгейде екенін де жеткізді. Арқаның білім және тәжірибе ұстаханасын көрген журналистер Ресей, АҚШ, Қытай, Франция елдерінде қызмет етуде. Алайда, облыс орталығынан шалғай орналасқан қала және аудандық газеттерде маман тапшылығы мәселесі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Бұл ретте, аймақ басшысы жағымды жаңалықпен бөлісті. Яғни, бұдан былай жыл сайын облыстық бюджет есебінен журналист болғысы келген ауыл жастарына арналып, ҚарМУ-дың журналистика бөліміне қосымша гранттар бөлінетін болады. Шарт бойынша, аталған грантты иеленген жастар өз қала-аудандарында кемі 3 жыл қызмет етуі қажет. Осы күні облыс әкімінің Қаулысы әзірленуде.

Сондай-ақ, «Сарыарқа-Ақпарат» холдингі аясында журналистерді даярлайтын және қайта даярлайтын медиа мектеп құрылды. Бұл ретте, облыс әкімі өңір журналистері бас қосып, пікір алмасатын, шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізетін орын белгілеу қажеттігіне тоқталды. Бұл – жас журналистер үшін де аса маңызды. Бұған қоса, баспасөз мәслихатын өткізетін тұрақты алаңның жоғы да айтылмай қалмады. Сондықтан, облыс әкімі журналистерге арналған медиа коворкинг орталығын ашуды ұсынды. Орталық кеңсе заттарымен, жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтылмақ. Қалалар мен аудандардан облыс орталығына іссапарға келген журналистер де осы орталықта жұмыс жасауға мүмкіндік алады.

МАМАН ПІКІРІ – МАҢЫЗДЫ

Сондай-ақ, форум жұмысы барысында осы саланың жілігін шағып, майын ішкен тәжірибелі мамандар да аймақтағы БАҚ саласын дамытудың байыпты бағдарын баяндады. Мәселен, Майя Бекбаева өңірдегі тележурналистиканы алға бастырудың тиімді жолдарын тілге тиек етсе, Михаил Дорофеев ақпараттық порталдардың артықшылығын алға тартты. Сондай-ақ, Ержан Қалымбайұлы да өңірлік журналистиканы жетілдіруге қатысты өз ойымен бөлісіп, Екатерина Кузнецова өлке тарихының өзекті тұсына тоқталды. Бұқар жырау ауданындағы «Бұқар жырау жаршысы» газетінің бас редакторы Әлия Жұмақаева да аудандық басылым жайын ашық айтты.

Мінберге шығып, сөз алғандар қатарында облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Директоры – Бас редактор Қамбар Ахметов те болды. Басылым басшысы газеттегі тың бастамаларға, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға, алдағы уақытта жүзеге асатын жүйелі жоспарға тоқталды. Журналистиканың осы саласына қатысты бүгіні мен ертеңіне шолу жасап, баспа ісінің басым тұстарын тарқатып айтты. Өзекті мәселелерді өткір көтере отырып, оны шешу жолдарын да ортаға салды.

ТҰҒЫРДА – ТӨРТІНШІ БИЛІК ӨКІЛДЕРІ

Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы күні облыс әкімінің БАҚ өкілдеріне берілетін дәстүрлі «Алтын сұңқар» сыйлығы да табысталды. Осымен 13-ші мәрте өткізіліп отырған сайысқа биыл аймақ тынысының айнасына айналған жүзден астам бұқаралық ақпарат құралдары мен оның өкілдері қатысыпты. Бұл ретте, осы «Орталықтың» мектебін көрген қос қаламгер жеңіс тұғырынан көрінгенін айта кету қажет. Соның бірі – газеттің ардагер журналисі Аман Жанғожин болса, екіншісі – белді басылымның бүгінгі жауапты хатшысы Нұрқанат Қанафин. Ендігі ретте, 12 аталым бойынша үздік деп танылған журналистермен таныс болыңыздар:

«Мамандыққа адалдығы үшін» – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аман Жанғожин. «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» – теміртаулық белсенді азамат Олег Гусев.

«Ауыл тақырыбын үздік жариялағаны үшін» – аудандық «Қарқаралы» газетінің тілшісі Бану Мұқашева.

«Объектив шебері» – «Взгляд на события» газетінің фототілшісі Дархан Мусин.

«Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялағаны үшін» – «5 канал» телеарнасының журналисі Бақытгүл Матуова.

«Өндірістік тақырыпты үздік жариялағаны үшін» – «Бірінші Қарағанды» телеарнасының бас редакторы Алмас Мұсабеков.

«Алғашқы табыстары үшін» – аудандық «Жаңаарқа» газетінің тілшісі Мөлдір Қасымова. «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» – «Saryarqa» телеарнасының режиссері Айжан Әбдірахманова.

«Мәнер мен атқарымдылығы үшін» – облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Нұрқанат Қанапия.

«Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялағаны және насихаттағаны үшін» – «Қазақстан» телеарнасының жаңалықтар қызметінің шеф редакторы Жанар Алпысбаева.

«Дін тақырыбын үздік жариялағаны үшін» – облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымы.

Ал, жүлде қоры 1 млн. теңгені құрайтын «Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» атты басты аталымын Жезқазған қаласындағы «Дидар» телеарнасының ұжымы жеңіп алды.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Суреттерді түсірген: Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button