Ақтоғай

Бағасы қалтаға қонымды дүкен

Ақтоғай ауылында «Adal» дүкені тұрғындарға есігін айқара ашты. Дүкенде негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланады.

Көрнекі сурет

«Кәсіп түбі – нәсіп» дейді дана халқымыз. Қазіргі нарық заманында тырбанып тіршілік қылып, болашағың үшін қам-қарекет жасамасаң, басыңа берекелі бақ орнамасы анық. Бүгінде сан салалы кәсіптің бір пұшпағын ұстап, адал еңбектің нанын жеп жүрген аудан жастарының тындырымды тірлігі қуантады. Бірі тігін шеберханасын ашса, енді бірі шаштараз, компьютер жөндеу, көлік жуу қызметтерін іске қосқан. Солардың бірі – жас кәсіпкер Дамир Омаров аудан орталығында ауыл шаруашылығы тауарларын сататын «Adal» дүкенін ашты. Біраз жылдан бері аудан басынан ауыл шаруашылығы өнімдері дүкенін ашу мәселесі көтеріліп келген болатын.

«Жақсыны көрмек үшін» демекші, жаңа нысанға бардық, жұмысымен таныстық. Дүкендегі мұздатқыштар ауыл еңбеккерлерінің өнімдеріне сықа толып тұр. Балқаштың балығын, сары май мен құрт секілді сүт өнімдерін, жіліктелген ірі қара, қой еттерін де осы жерден табасыз. Бағалары да көңілге қонымды. Нақты айтсақ, сазанның 1 келісі – 1000 теңгеге бағаланса, жайынның 1 келісі – 1200 теңге. Сондай-ақ, 1 келі құртыңыз – 1500 теңге, сары май – 3000 теңге тұрады. Ал, еттің бағасы әр түрлі. Мәселен, сан етінің келісі – 2100 теңге болса, омыртқа – 1700 теңге. Қаладағы еттің бағасымен салыстырсақ 200- 300 теңгенің мұғдарында арзан.

  • Біз құрт пен май, ет өнімдерін аудан төңірегіндегі шаруа қожалықтарынан сатып аламыз. Ал, балық Балқаштан жеткізіледі. Ашылғанымызға бірнеше күн ғана өтсе де, келушілер қарасы қалың. Өздеріңіз көріп тұрғандай тоңазытқыштағы ірі қараның еті таусылуға жақын. Бұл да болса ет өнімдерінің сұранысқа ие екенін аңғартады,– дейді дүкен иесі Дамир Омаров.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button