Жаңалықтар

Бәсекеге қабілеттілік біліктілікпен бағаланады

Экономикамызды арттыру үшін халықаралық рейтингтер аясында жүргізілген реформалардың мәні зор. Қазақ елінің бәсекеге қабілеттілігі Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі (ДЭФ БЖИ) нәтижесімен бағаланады. Оң нәтижеге барлық мемлекеттік органдар жауапты. Халықаралық аренадағы ел абыройын арттыру, Президент тапсырғандай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру бағытындағы жұмыстарды әділет органдары да жұмыла атқаруда. Облыстағы Әділет департаментінің басшысы Асхат Жүсіповпен бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі жайлы сұхбаттасқан едік.

– Асхат Нұрғазыұлы, сұхбатыңызды аталмыш рейтинг және ондағы біздің еліміздің алатын орны жайлы бастасаңыз?

–Жаһандану жағдайында көптеген мемлекеттер соның ішінде, Қазақстан үшін де халықаралық рейтінгілердің маңызы зор. Олар мемлекеттің дамуын салыстыруға, табыстарын бағамдап, кемшін тұстарын шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күнде әртүрлі мемлекеттер қатысатын көптеген рейтінгілер бар. Соның бірі – Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі. Ол әлемнің 137 елінің басын қосып отыр. Рейтинг 114 көрсеткіштен тұрады. Оның 12-сі ұлттық бәсекеге қабілеттілікті анықтайды. Институттар сапасы, инфрақұрылым, макроэкономикалық орта, денсаулық сақтау және бастауыш білім, жоғарғы білім және кәсіптік дайындық, тауарлар нарығының тиімділігі, еңбек нарығының тиімділігі, қаржы нарығының дамуы, технологиялық дамудың деңгейі, ішкі нарық өлшемі, компаниялар мен инновациялардың бәсекеге қабілеттілігі – аталған 12 көрсеткіштің негізі. 2017-2018 жылдары Қазақстан рейтингтегі 137 елдің ішінде 4,35 орта балмен 57- ші орынға табан тіреген болатын.

– Мемлекет басшысы айқындағандай, қазіргі мақсатымыз – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру. Құқықтық мемлекет құру – бұл көздегенімізге жетудің негізі екені айтпаса да түсінікті. Әділет органдарының осы бағыттағы жұмысына тоқталып өтсеңіз.

– Әділет министрлігі бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексіндегі «Әкімшілік реттеудегі заңнаманың тиімділігін даулау», «Даулы мәселелерді шешудегі заңнама тиімділігі», «Меншік құқығы», сондай-ақ, «Зияткерлік меншік құқығы» көрсеткіштерінің нәтижесіне жауапты. Осы бағыттар бойынша еліміздің көрсеткішін жақсарту мақсатындағы жұмыстар жіті назарда.

Әділет министрлігі әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша өндірістерді жетілдіруде «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының қабылдануына мұрындық болды. Ол заң әкімшілік-жазалау құқығын әрі қарай ізгілендіруге, әкімшілік құқық бұзушылық істерін қарауда заңдылықты нығайтуға, сонымен қатар, уәкілетті органдардың және лауазымды тұлғалардың арасындағы құзыретін ажыратуға бағытталған. Заңдағы түзетулер бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті жұмсартуды көздейді.

Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес осы жылдың үшінші тоқсанында Жоғарғы сотпен бірлескен Әкімшілік рәсімдік-іс жүргізу кодексінің жобасы ҚР Парламентінің қарауына ұсынылатын болады. Ол азаматтар мен мемлекеттік органдардың арасындағы дауларды шешуде көмек көрсетуге, әкімшілік реттеудің даулау механизмдерін жақсартуға ықпал етуге, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына жақын арада енуіне бағытталған.

– Асхат Нұрғазыұлы, рейтинг көрсеткіштерінің бірі «Даулы мәселелерді шешудегі заңнаманың тиімділігі» екенін атап өттіңіз. Қазірде қоғамның түрлі саласында түрлі тарап арасында дау-дамай жиі орын алып жатады. Бұл мәселеде ілгерілеу бар ма?

– Аталған көрсеткішті сараптау кезінде мамандар «елдегі даулы мәселелерді шешу кезінде құқық қорғау және сот жүйесі қаншалықты тиімді?» деген сұраққа жауап іздеді. Осы көрсеткіш бойынша рейтингті есептеу кезінде негізінен оның нормаларын қолдану мәселесі ескеріледі. Бұдан басқа, дауларды соттан тыс шешу әдістерінің дамуы бағаланады (медиация, арбитраж, қатыстырушылық келісу рәсімдері).

Сот және құқық қорғау жүйелерін заман талаптарына сай жаңғырту азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау институтын, бірінші кезекте адвокатура жүйесі мен адвокаттық қызмет туралы заңнаманы реформалау қажеттігін көрсетті. Адвокатура институты жаңа құқықтық нақтылықтарға бейімделуі және бағытталуы қажет.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот реформасын жүзеге асыру жөніндегі есепті қабылдау кезінде адвокатураның нашар дамуына назар аударған болатын. 20 жыл бұрын қабылданған «Адвокаттық қызмет туралы» Заң бұрынғы кеңестік кеңістікте ең алдыңғы қатарлы болды бірақ, заман өзгереді. Осы жылдар ішінде заңға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бүгінгі күнгі басты міндет – адвокатура институтын тұтастай жетілдіру.

Осыған байланысты, Елбасы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заңға қол қойды. Осы заң азаматтардың білікті заң көмегін алудағы олардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру кезінде азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды барынша күшейтуге сондай-ақ, оны көрсету механизмдерін жетілдіруге бағытталған. Заң азаматтарға заңгерлік көмек көрсетуді жетілдірудің басқа да нысандарын қөздейді. Бүгінгі күні заңгерлік қызмет көрсету нарығында азаматтардың мүддесін қорғайтын заңгерлер саны артқан. Олардың жұмысы бейберекет және көрсетілетін заң көмегі үшін жауап бермейді. Оларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға, заң кеңесшілері палатасына біріктіру қажет. Сонда ғана көрсетілген сапасыз заңгерлік көмегі үшін жауапкершілік белгіленеді. Заңгерлік қауымдастықтың қызметін реттеу азаматтардың біліксіз заңгерлік көмек алу қаупінің алдын алады.

Сонымен қатар, аталмыш заңда әлеуметтік және қаржылық жағдайы төмен азаматтар үшін оның құқықтық жағдайын толықтай сүймелдей отырып адвокат немесе заң кеңесшісінің көмегін алу қарастырылған. Мұндай көмекті көрсету тараптардың келісімімен ерікті түрде және тегін көрсетіледі.

Қазіргі уақытта өз жұмысына ықылассыз қарайтын адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қызметінен қорғайтын механизмдер жоқ. Өз қызметтерін жүзеге асыру кезінде олар пайда келтірмейтін және мүліктік залал келтіретін қателіктерге жиі жол береді. Осыған байланысты, адвокаттардың, заң кеңесшілерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі. Ол сенім білдірушілерге білікті заң көмегін алуға және келтірілген залалдың орнын толтыруға кепілдік береді. Сақтандыру институты 2020 жылдан бастап енгізіледі. Заң адвокаттар мәртебесін көтеруді ғана емес, адвокаттардың қоғам мен азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Бұдан басқа, 2016 жылы Әділет министрлігі әзірлеген «Төрелік туралы» Заң қабылданды. Ол біздің заңнаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының 1985 жылы қабылдаған «Халықаралық сауда төрелігі туралы» Юнситрал Типтік заңға жақындастырды. Типтік заң халықаралық коммерциялық төреліктің айрықша тұстары мен қажеттіліктерін ескеру үшін, мемлекеттерге олардың төрелік рәсімдері туралы заңнамасын қайта құру мен жаңартуға көмек көрсетуге негізделген. Ол төрелік үрдістің барлық сатыларын: төрелік келісімді жасаудан, төрелік сот құрамын анықтаудан бастап, төрелік шешімді мойындау және орындауға әкелу мәселелеріне дейін қамтиды.

Сондай-ақ, «ҚР меншік құқықтарын қорғау және төрелікті күшейту мәселелері жөнінде кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Ол Президенттің Жолдауда жүктеген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Оған сәйкес, барлық заңнамаға меншік құқығын қорғауды күшейтуге тексеріс жүргізу керек және «Төрелік туралы» жаңа заңды қолдану тәжірибесіндегі кездесетін проблемаларды шешу қажет. Келешекте Ұлттық заңнаманың нормаларын ЮНСИТРАЛ Типтік заңының ережелеріне, сыртқы сауда төрелігі туралы Еуропалық конвенцияға сондай-ақ, шетелдік төрелік шешімдерді мойындау және орындауға әкелу туралы Нью-Йорктік конвенцияға сәйкестендіру ұсынылады.

– Бұл шаралардың кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға ықпалы қандай болмақ? Әділет органдары кәсіпкерлерге қаншалықты қолдау жасауда?

– Біздің қызмет кәсіпкерлерге заңдық тұрғыдан қолдау жасайды. Оларға өз кәсібімен айналысып, нәпақасын табуға мүмкіндік беретін заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Былтырғы жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Соған сәйкес «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңына банктік шотты электронды ашуға өтініш беру және заңды тұлғаны тіркеу кезеңінде «Электронды үкімет» веб-порталында жұмыскерлерді сақтандыру шартын жасау бөлігінде толықтырулар енгізілді. Бұл түзету шағын және орта бизнес субъектілеріне автоматты түрде банктік шот ашуға және заңды тұлғаны тіркеу кезеңінде «Электронды үкімет» веб-порталында жұмыскерлерді сақтандыру шартын жасауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметтерді ұсыну механизмін қысқарту бойынша қолданыстағы заңнамаға енгізілген түзетулер еліміздегі инвестициялық климаттың жақсаруына және бизнес қауымдастықтың дамуына әсер етеді.

Бұл реформалардың нәтижесі дәл бүгін көрінбесе де, жақын болашақта жемісін берді деп ойлаймын. Барлық мемлекеттік органдардың бизнес қауымдастықпен бірлесе жүргізетін жүйелі жұмысы ғана алдағы мақсаттарға қысқа мерзімде жетіп, еліміздің бәсекеге қабілетті елдер қатарынан орын алуына мүмкіндік береді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Жансая ОМАРБЕКОВА.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button