Бөрі батыр: аңыз және дерек

Мақала Арғын-Қаракесек ішіндегі Сарым руының белді тұлғаларының бірі – Бөрі КЕНЖЕБАЙҰЛЫНЫҢ өмірбаяндық тарихына арналады. Бірінші бөлімде ғылым пәлсапасы мен зерттеу әдіснамасындағы өзгерістерге қысқаша сипаттама беру арқылы өлкетану, тұлғатану саласындағы тарихи-антропологиялық зерттеулер алдына қойылатын талаптар анықталады. Екінші бөлімде тарихнама мен дерек көздеріне сыни талдау жасалып, тұлғаның нақты туған және қайтыс болған жылдары анықталады.

Осы тақырыптағы «Жақсы Жанқұтты: аңыз және дерек» және «Бәйсейіт би: аңыз және дерек» атты мақалалар 2008, 2009 жылдары жарияланған болатын. Онда көтерілген тарихи-антропологиялық зерттеу әдіснамасы мен тәсілдері және тұлғаның өмірбаяндық тарихы мәселелері осы мақалада да жалғасын табады.

Бөрі Кенжебайұлы (1776-1857 жж.):

  • Саржан Қасымұлы басқарған 1824- 1836 жж. аралығындағы көтеріліске атсалысқан ұйымдастырушылардың бірі;

  • Кенесары көтерілісі кезінде Қаратауға ауған және одан оралған елдің көшбасшысы; – Қоқан, Хиуа езгісіне қарсы көтерілісте қол бастаған батыр;

  • осы қиын-қыстау, жаугершілік замандағы ел ішіндегі қара мен төренің, ру мен рудың арасында да орын алған өзара дауда би қызметін атқарған ақылшы;

  • бұқара халыққа кейбір билеушілердің озбырлық жасап, өктемдігін асырып, күшке салу белең алса, атқа қонып, жәбір көрген елінің намысын қорғар ел панасы да болды.

Осы себепті далалық ауызша тарихта оны халық «Бөрі батыр» деп атады.

Биыл Бөрі Кенжебайұлының туғанына 240 жыл (қайтыс болғанына келесі 2017 жылы 160 жыл), Саржанмен бірге отаршыл Ресей үкіметіне қолына қару алып, қарсы шыққан көтеріліске 190 жыл толды. Сонымен бірге, Бөрі батыр тұлғасына арналған, ел ішіндегі аңыздардың негізінде жазылып, ұзақ уақыт жарияланбай келген «Бөрі батыр» поэмасының жарық көргеніне 25 жыл. Оның авторы – ақын Жәкен Байтуовтың туғанына 125 жыл толды.

Осы тұлға мен одан қалған мұраны ғылыми ой елегінен өткізіп, тұлғалық, азаматтық өнегесі болса, үлгі тұтып, тұлғаға тән алапат күшті мінезді игере алмай, пендешілікке бой берген қылығы болса, сабақ алып, әр ісінің ұрпақ үшін мән-мағынасы мен жеке басының қадір-қасиетіне қарай лайықты бағасын беру – елдік те, азаматтық та, перзенттік те парызымыз.

Жоғарыда келтірілген тұжырымдардың бәрі 1998 жылдан бері жинаған мұрағат құжаттарындағы нақты деректер мен осы кезге дейін жарияланған ауызша тарих мәліметтерін салыстыра, сыни талдаудың нәтижесінде анықталғандықтан, мақала басында тезис түрінде беріліп отыр. Бөрінің өмірінде орын алған елеулі оқиғалар мен ондағы тұлғаның орнын аңыз бен деректі салыстыра сыни талдай отырып, ретімен анықтаймыз. Оның толық нәтижесі баспаға дайындалып жатқан монографияда жарық көреді.

Ал, әзірге, осы мақаланың тақырыбы зерттеуде қолданып келген тарихи-антропологиялық зерттеу бағытының ерекшеліктері мен тұлғаның туған және дүниеден озған уақытын анықтауға арналады.

Жоғарыда көрсетілген Бөрінің туған және қайтыс болған жылдары мұрағат деректерімен анықталды. Онда Бөрі батыр Саржан көтерілісі кезінде тұтқындалып, жауапқа тартылғанда тергеушіге өз аузымен неше жаста екенін айтып, жаздырған. Қайтқан жылы да отарлаушы Ресей үкіметінің Қарқаралы дуанында 1832 жылдан бері әр үш жыл сайын жүргізіп отырған халық санағындағы мәліметтер арқылы анықталды. Оқырманға ең анық және нақты дерекке сүйеніп анықталған өмір жасын шектей созбай, мақаланың басында бірден түсінікті болу үшін беріп отырмын. Ал, бұл дерек анықталғанға дейін алдыңғы зерттеулерде қандай болжам, пікірлер болғанын және олардың негізінде жасалған тұжырымдардың қандай қателіктерге ұрындырып келгенін кейінгі жолдарда ретімен сыни тұрғыдан талдап шығамыз. Мұрағаттағы деректер осы талдаудың қорытындысы ретінде соңында келтіріледі.

Ғылым пәлсапасы мен зерттеу әдіснамасындағы өзгерістерге сипаттама. Зерттеу мақсатына жету үшін ізденушінің алдында бірінші кезекте таным мәселесі тұрады. Сонымен бірге, таным мәселесіне ерекше тоқталу қажеттілігі қолға алған тақырыптың тың қабаттарына бойлаудың шарттарына байланысты. Ол үшін қазіргі ғылымның жеткен деңгейі мен мүмікіндіктерімен танысу – зерттеуші үшін ғана емес, оқырман үшін де өте маңызды. Олай болатын себебі – ғылымдағы бұл өзгерісті «адамға бет бұру» деп атайды. Адамға сену, адамға үміт арту, болашақта қандай игілік пен ізгілік болса, соны адамнан күту – қазіргі гуманитарлық ғылымдардың болашаққа жетелер ұстанымы – ешкімді де бейтарап қалдырмайды. Болашақта өмірімізде не орын алса да, бәріне, алдымен, өзіміз жауапты боламыз. Сондықтан, осындай өтпелі шақта өткеннің адамы өмірлік бағдарын анықтап беретін құндылықтарын өз шешімдері мен іс-әректетері арқылы қалай сомдап шыққаны академиялық ғылым үшін ғана емес, осы жерде, қазір өмір сүріп жатқан адамның жаһандық толқынға қаншалықты сәтті бейімделіп, өмірін мәнді де, мағыналы жалғастыру үшін маңызды.

Осы мақалада таным мәселесін көтерудің тағы бір себебі бар. Ол өлкетану саласында осы кезге шейін қорланып жиналған аңыз, хикаят, естелік және тағы басқа деректердің қазіргі зерттеулерге азық болып отыруы – көбінде ғалым емес, мамандығы тарихқа жатпайтын, кейде, тіпті, кәсібі де ғылым мен білім саласына қатысы жоқ әуесқой ізденушілердің құйма құлақ, көкейі тұнған шежіре ақсақалдардан естіп-білгенін өз түйсігімен талғап, бар ниетімен «білсем, ел білсе екен» деп, әрі ізденіп, күшін сарқып жұмсаған қажырлы еңбектерінің арқасы.

Осы Бөрі батырға қатысты да біраз дүниенің әртүрлі тақырыптар мен тұлғаларға қатысты ізденістерде жарияланып келуі осы әуесқой ізденушілердің өз әл-қадарынша ғылымға қосқан үлестері екенін ерекше атап өту керек. Оған тек шексіз алғысымды білдіремін. Шындығында, бұл біздердің – ғалым мамандардың міндеті еді. Бірақ, қазіргі ғалымдардың (материалдық мұқтаждықтан туындайтын) күнкөрістің қамы мен (білім беру саласындағы негізгі жұмысындағы) қағазбастылықтан мойындарын бұл мәселеге бұру қиындап, үйелеп қалған жағдайы бар.

Ал, енді, маман болмағандықтан, алдыңғылардың жазған дүиелерінде орын алған олқылықтарға келсек, оның бәрі де сын елегінен өткізіліп, шындыққа жол аршылу керек. Бұл сын алдында ешкімнің үлкендікішілігіне, атақ-абыройына, алыс-жақындығына … орын жоқ. Бәріміз сын алдында теңбіз. Мақсатымыз – шындыққа қол жеткізу. «Платон маған дос, бірақ ақиқат одан да гөрі қымбатырақ» дегендейін, бұл қағида ғылымға, тарихқа, елтануға, тұлғатануға, адамтануға үлесімді қосам деген кез келген жанның ізденісте ұстанатын ең басты принципі болу шарт.

Ал сынның нәтижесін қорытқаннан кейін әуесқой жанның әрі қарай ізденуі үшін таным және ғылыми зерттеудің ең болмаса көкжиегін көз алдында елестетіп көру, қырсырын түйсігімен сезу, жауапкершілігін мойнына алу деңгейіне көтерілуі керек. Осы мәселе дұрыс түсінілсе, бәріміз де мақсатқа анық жететініміз сөзсіз.

Қазіргі тарих ғылымының да заман талабына сай болуы ғылым пәлсапасы мен зерттеу әдіснамасында соңғы ширек ғасырда әлемде орын алған түбегейлі өзгерістерді игеруіне байланысты. Оны түйсініп, қалыптасып қалған өткен кезеңнің қасаң қағидаларын сын тезінен өткізіп, күрт өзгерістер мен үздіксіз түрленуге бет алған әлеуметтік шындықты игеруде өзіндік рөл атқаратын тарихи таным мүмкіндіктерін көрсететін тың тақырыптардың терең қабаттарын қозғау – қазіргі күннің ең өзекті мәселесі.

Аталмыш өзгерістің нәтижесінде ғылым пәлсапасы мен зерттеу әдіснамасында қалыптасқан қазіргі жағдайды қысқаша қалай сипаттауға болады?! Мысалға, тарихтағы адамды бұрын біз қалай түсіндіріп келдік, қазір қалай түсінуіміз мүмкін?!

Алдыңғы тоталитарлық тәртіп аясында адамда еркіндік болмады. Оның құзырында ел басқарушы билік және партия «нені дұрыс» деп шешсе, «неге нұсқаса» – соны «қабылдап, орындау, іске асыру» ғана болды. Осы тұрғыдан келіп, өткендегі адам іс-әрекетіне тарихшы баға беріп, үкім шығарғанда сол адамның өзі емес, оның еркінен тыс тұрған, оны мәжбүрлейтін қоғам өмірінің әр саласындағы (экономика, саясат, әлеумет және тағы басқа) әмбебап заңдылықтарға сүйенді. Бұлай жазылған тарихты қазір «жоғарыдан» жазылған тарих деп атайды. Бұл тарих адамның емес, оны билеп тұрған үкіметтің, билік институттарының мүддесін қорғайтын, соны ақтайтын, соның тұрақты жағдайын идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету қызметін атқаратын тарих болды. Бұл тарихта адам құқы, мүддесі, қалауы, тілегі толығымен биліктің мүддесіне бағындырылды. Адам өмірі қажеттіліктерінің қоғамда қаншалықты қамтамасыз етілуінің сапасына билік жауапты болды. Сондықтан да ол қалай танып, қалай түсіндіру керектігін өзі анықтап, өзі бағдар беріп, өзі бақылап отырды. Бұлай жазылған тарихты біз тек қазіргі өзгерген жағдайға қатысты ғана «дұрыс емес» деп үкім шығара аламыз. Ал өз уақыты мен кеңістігі аясында қалыптасқан жағдайда бұл тарих міндетін қалай атқарғаны биліктің өз түйсігімен алдына қойған мақсатына жетужетпеуімен өлшенеді. Таным тұрғысынан бұл ғылым тарихын және білім мен биліктің арасындағы өзара қарым-қатынастың қандай жағдайда қоғам мен адамға тиімді, нәтижелі болатынын түсіну үшін маңызды және өте күрделі мәселе. Сын ол тарихқа емес, уақыты өтіп кетсе де, соның ықпалынан шығып, қазіргі өзгерген жағдайды өз талабына сай түйсінуге мойынымыз жар бермей жүрген өзіміздің жан тыныштығын күйттеген тоғышарлығымызға бағытталуы керек.

Қазіргі жалғасып жатқан өмірге келсек, жаһандану мен демократия жағдайында еркіндік ең басты құндылыққа айналды. Адамға берілген еркін ойлау, өз еркімен қалау, шешім қабылдау құқығы, сонымен бірге оның салдарынан туындаған жағдайларға жауапты енді, тек билік қана емес, адам да өз мойнына алады деген сөз. Осы жағдайда өткендегі адамның ойы мен іс-әрекетіне, қабылдаған шешіміне, жасаған қадамдарына деген көзқарас қалай өзгеруі мүмкін?!.

Танымдық тұрғыдан ең басты айырмашылық «түсіндіру» мен «түсіну» ұстанымында жатыр. Өткен кезең зерттеушісі адамды «түсіндіруге» құқығын, өзінің объективті шындықты «тани аламын» деген сеніміне негіздеген болатын. Ол бойынша барлық тұжырым объективті танылған, адамның еркінен тыс тұрған заңдылықтарға сүйеніп жасалады. Сондықтан да ол: «түсіндіруге» толық құқылымын», – деп ойлады.

Ал, қазіргі кездегі жаратылыстану саласындағы ашылған жаңалықтар таным және ғылым пәлсапасының негізін 400 жыл бойы мызғымас қамалдай ұстап келген рационализм қағидаларының алдамшы екенін мойындауға мәжбүрлеп отыр. Бұл өзгерісті талдап жазу мақаланың негізгі тақырыбы болмағандықтан түйінін ғана қайырайын. Ең бастысы – адамның таным мүмкіндігі шектілі. Адам танымының көкжиегін өзі өмір сүріп отырған уақыты мен кеңістігі анықтайды. Өткен тарихты білуге қажеттілік өзімізді осы жерде және қазір толғандырып тұрған мәселелерді шешуге байланысты ғана туындайды. Өткен тарихқа қоятын сауалдарымыз арқылы ғана оның бізге қатысты қырын түйсініп, түсіне аламыз. Тарихи шындыққа жақындай аламыз. Ал толығымен оның нақты қалай болғаны біз үшін «өзіндік зат», тылсым құбылыс ретінде қала береді. Бұдан, «тарихты қазбалау бос әурешілік екен ғой» деген ой тумауы керек. Керісінше, тарих – адамды қазірде толғандырып отырған мәселелердің өз кезінде қалай шешілгендігін бойында сақтаған тәжірибенің сан қабатты, шексіз қазынасы. Оның бізге ашылуы – сұрақты қалай қоюымызға байланысты. Қазіргі жағдайда тарих ғылымында біз өткенмен емес, көпшілігінде «өзімізбен-өзіміз сөйлесіп жүргендей» кейіптеміз. Қазіргінің мәселесін тарихсыз-ақ, «өзім білемнің» керімен немесе қазір өмір сүріп жатқан өзгенің тәжірибесіне еліктеумен шешуге ұмтылу, тарих емес, өзімізді тарих күресінінде қалдыратыны сөзсіз.

Сондықтан, ендігі жағдайда зерттеуші өткенді тек «түсінуге» ғана ұмтыла алатынын мойындауға мәжбүр. Өз мәселесін шешу үшін өткенді түсіну, өткенді түсіну үшін өзінің жағдайын терең түйсіну шарт. Ендігі тарихшының танымы «түсіну» ұстанымына негізделеді. Мұндай жағдайда зерттеушінің өз туындысында жазылған ой мен берген түсініктемелері үшін жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түседі. Олай болатын себебі, бұрынғы зерттеуде автор: «мен «объективті шындықты» жаздым, кінарат іздесеңдер сол заңдылықтардан көріңдер, оны анықтап берген ұлы ғұламалар (Маркс, Энгельс, Ленин, «Сталин» және тағы басқалары)» – деп, өз басын арашалап алатын. Ғалым алдында зерттеу барысында өзінің қалау-тілегін, нені жақсы деп, нені жек көретінін, қысқаша айтқанда, өзінің жеке басына тән ортамен қарым-қатынаста ұстанатын дүниетанымдық көзқарастарын ысырып қойып, бейтарап қалып, назар тек зерттеу объектісіне бағытталып, оны жіктеп, сипаттап, талдап, қорытып нәтижесін «шындықты адекватты түрде таныған» мәтін ретінде жариялау керек деген талап қойылатын. Ал, қазіргі кезде мұның бәрі алдамшы екенін, автор ешқашан өзі танып отырған құбылысынан тыс қала алмайтыны, тіпті керісінше, оның мақсатына жетуі – зерттеп отырған құбылысты бейнелейтін мәтінімен тіл табыса алуына байланысты екендігі, екеуінің арасында сенімді диалог орын алғанда ғана және қорытынды мәтінде оқырман сырласқан екеуінің де «дауысын тыңдай алғанда» және сырласудың «куәсі бола алғанда» ғана мүмкіндігі анықталып отыр. Нәтижесінде дүниеге келген мәтіннен біз тек зерттелген құбылыс, тақырып туралы ғана емес, сонымен бірге, мәтінге автор қандай сұрақ қойды, одан алған жауабына қандай мән берді, қорытып жазғанда неліктен дәл осындай түсініктемелер бергені туралы, қорыта айтқанда, автордың өзін де бейнелейтін ақпаратты аламыз. Осы тұрғыдан келіп, бұрын жазылған өлкетану саласындағы тарихи тұлғаларға қатысты кейбір шығармаларды сын елегінен өткізсең – ол мәтіндер тұнып тұрған: өзінің айтқысы келіп тұрған ойын тарихтағы адамға таңушылық, осыдан келіп мақсатты түрде естіп біліп тұрған және болған оқиғаны бұрмалаушылық, болған жайттың уақыт пен кеңістік аясынан ауа жайылу, адасушылықтардың энциклопедиясы іспетті. Оның бір «жарқын» үлгісі ретінде Шет өңірінің тарихына арналған, аңызбен жазылған Кәмел Жүністегінің «Құба белдер» трилогиясын атауға болады (1-ші кітабы). Жоғарыда айтқандай, автор «өзімен-өзі сырласып кетіп», мәтін тек тыңдаушыға айналып, «не айтты, не істеді» десе, «соған көнуші» болып қана қала береді. Оның кейбір мысалдарын Жанқұтты мен Бәйсейіт би тұлғаларының өмірбаян тарихына қатысты жасалған зерттеуде келтірген болатынмын. Бөрі батырға қатысты жазылған дүниелерде де осы келеңсіз құбылыстың қаншалықты кең жайылып, әлі күнге шейін оқырманның ой-санасын еркін билеп, ойына келгенін істеп отырғанына куә боламыз.

«Түсіну» ұстанымымен жазылатын тарихты кейде «төменнен» жазылатын тарих дейді. Оның мәнісі: бұрынғы «жоғарыдан» жазылған тарихта зерттеуші адамның іс-әрекетін «қоғам», «мемлекет», «халық» және тағы басқа жалпы ұғымдарға сүйеніп, сол бірліктердің мақсат мүддесіне сай келу-келмеу тұрғысынан бағаласа, ендігі «төменнен жазылатын» тарихта адамның сыртқы құбылыстарға қандай мән беріп, қалай қабылдап, санасында әлем мен қоғамның бейнесін қалай қалыптастырып, онымен өзіне тиімді түрде әрекеттесуге негіз болатын қандай мінез-құлық моделін түзіп, әрекет етіп, шешім қабылдарда ол қалай ықпал ететінін түсінуге тырысады.

Бейнелеп айтсақ, ас үйде тамақ қалай дайындалса, біз зерттейтін тарихи факті де солай – адамның ішкі жан-дүниесі, санасезімі, жүрек қалауы, түйсік талғамы қазанында пісіп шығады. «Төменнен» тарихты жазу – тарихтың «ас үйіне» үңілу десе де болады.

Яғни, барлық болған оқиға мен оның себеп-салдарына сол тарихты жасаушы адамның көзқарасымен қарауға тырысады. Біздің таңдап алып отырған тақырыбымыздың қаншалықты ашылып, қазіргі адамның өзін және ортасын түсінуге септігі тиері осы аталған мүмкіндіктерді іске асыруға байланысты.

Таным мәселесіндегі өзгерістерді сипаттауды қорыта келгендегі есте ұстайтын мәселе: «жоғарыдан» және «төменнен» жазылатын тарихты бір-біріне қарсы қою үлкен қателіктерге ұрындырады. Себебі, адам қоғамда өмір сүреді. Оның бақытты, бай-қуатты өмір сүруін өзі сияқты басқамен арадағы және осының бәрін ұйымдастыру, бағыттау, бақылау қызметін атқаратын билік институттары мен адам арасындағы үйлесімді тіл табыса алу, түсінісу ғана анықтайды. Бұрынғы «жоғарыдан» тарихты жазуда адам «көзге ілінбей» келсе, ендігі «төменнен» жазылатын тарих биліктің «көзін ашуға» міндетті. Одан кейінгі мәселе: екі тарихтың сырласуы, диалогы арқылы тіл табысып, түсінісуінде болады. Идеалды түрде екеуі де қатар жүргені абзал. Өкінішке орай, «төменнен» тарихты жазу әлемнің дамыған елдерінде жарты ғасыдан астам бұрын қолға алына бастаса, көрші Ресей елінде ХХ ғ. 90-шы жылдарынан бастау алса, Қазақстанда әлі де оған онша мән берілмей келеді. Сондықтан, әзірге, зерттеушілердің алдындағы бірінші міндет «тарихты төменнен жазудың» қыр-сырын игеру және іске асыру. Өмірбаяндық тарих осы әдіспен тарихты «төменнен» жазуға ең ыңғайлы тақырыптардың бірі.

Бөрі батырдың туған және қайтыс болған жылдары. Өмірбаяндық тарихта ең бірінші кезекте тұратын мәселе – тұлғаның туған және қайтыс болған уақытын дұрыс анықтау. Оның қандай қателіктерге ұрындыратынын алдағы зерттеулерде көзіміз жеткен. Бөрі Кенжебайұлының да туған жылын анықтап алмағандықтан, осы уақытқа дейін жарияланып келген жеке авторлар қаламынан шыққан дастан, әдеби-тарихи роман, көсемсөздік мақала, шежірелік зерттеулерде осындай қателіктер орын алған.

Оның мысалын, өзін-өзі тану үшін әр қазаққа ауадай қажет шежірелік зерттеулерден бастайық. Шежіре – әр қазақ үшін өзін-өзі танудың бастау көзі.

Бөрінің шыққан тегін баяндайтын Сарым шежіресінің бір нұсқасын 2001 жылы Тұрсынбек Жақсыбайұлы мен Амангелді Ілиясұлы жариялады.

Онда Амангелді Ілиясұлы Смағұлтегі: «Мен, өзім тарихшы болмағаннан кейін, … нағыз деректер болмағаннан кейін, ел аузынан, үлкендерден естігенімізді ғана жазып отырмын» дей келіп: «Сарымнан шыққан Дербісалы, Жалаңтөс, Торақ, Бөрі, Едіге, Қалқаман, Жоламан батырлар бар. Бұлардың барлығы да қалмақ-жоңғар соғысына қатынасқандар» деген тұжырым жасайды. Осы шежіренің 2013 жылы қайта басылып шыққан нұсқасында жоғарыдағы мәтін түзетілмей, осы қалпында берілген.

Шежіренің Кенжебай ұрпақтарына арналған тұсында Тұрсынбек Жақсыбайұлы Бөріден тарайтын ұрпақтарды тізе келіп: «Бөрі елін, халқын сыртқы, ішкі жаулардан қорғаған батыр болған адам. Батырдың өмір жолдары кіріспе бетте жазылды» деп сілтеме береді.

Ал, кіріспеде Бөрінің «өмір жолдарына» қатысты бірде-бір нақты дерек жоқ. Тек алдыңғы келтірген екінші автор Амангелді Ілиясұлының пікіріндегідей, батырлардың атын: «Дербісалы, Бөрі, Торақ, Жалаңтөс, Ердене, Бабеке, Жоламан, Қалқаман» деп өз түсінігімен, ретін ауыстырып, басқа да тұлғаларды қосып, әрі қарай: «батырлардың әрбір күні, әрбір айы сан алуан – қым-қиғаш оқиғаларға толы өмір өтті емес пе. Байтақ қазақ жеріне қаптаған жау аяғын тарта басуға өз үлесін қосты емес пе. Тау асып келген жоңғарлар да, қыр асып келген қалмақтар да қазақты қажытып, түбінде аяқ асты ете алмайтынына, осы бабаларымыздың арқасы екенін кейінгілер біле бере ме екен?!» – деп толғайды. Автордың, «батырларын ел біле жүрсін» деген ниеті дұрыс қой, бірақ, әзірге, бірден көзге ұрып тұрғаны – екі батырға қатысты қателік:

1. Кенжебайұлы Бөрі дүниеге келерден жиырма жыл бұрын Жоңғар мемлекеті Қытайдың жаулауымен тарих сахнасынан кеткен болатын. Ал, Еділ бойындағы қалмақтардың өз отанына оралуы барысында орын алған «Шаңды жорық» оқиғасы Бөрі дүниеге келерден бес жыл бұрын орын алған. Бөрінің қазақ-қалмақ шайқастарына қатысы жоқтығы ескерілмеген.

  1. Шәндігенұлы Торақ та Бөрінің замандасы.

    Торақтың жасына қатысты бір дерек өз аузымен Құнанбайға айтылған өлең жолдарынан қалған деген аңыз бар. Ол аңызды 1998 жылы шежіреші Төрехан Майбас айтып беріп, оны үнтаспаға жазып, 2004 жылғы зерттеуде жариялаған едім. Сонда Торақтың Құнанбайға: «Торақты батырмын, Батыр емес, жаяумын. Көңiл содан қаяулы. Тоқсанға келдiк. Ендi тоғыз күн өмiр сүремiз ба, сүрмеймiз ба?! Сол тоғыз күндiк қызық көремiз ба, көрмеймiз ба?!» – дегенде, Құнанбай айтып қапты дейдi:

– Ата, бұның қалай? – деп. Сонда Торақты айтқан екен дейдi:

– Соның кiлтi сенде қалды-ау, – дегенде:

– А-а, Тоқа, көңiлiң Кердары атқа түскен екен ғой, – деп. Содан Кердары атты қалдырып кеттi дейдi Құнанбай» – деген екен. Бұл оқиға Құнанбайдың Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып тағайындалған 1849-1851 жылдардың аралығында орын алған. Бұдан 90-ды алсақ, Торақтың туған жылы 1759- 1761 жылдар аралығына келеді.

Екінші дерек Торақ батырдың Саржан көтерілісіне қолына қару алып қатысып, Бөрі, Ботантайлармен бірге тұтқынға түскендегі құжатта жазылған. Сондағы көрсетіндісінде өз аузымен қанша жасқа келгенін қолға түскеннен кейін тергеушіге айтып, жаздырған. Онда: «Той же (Айдабол) волости и рода Бий Торак Чандыгенев. 66 лет» деп жазған. Бұл дерек 1826 жылы 13 шілдеде жазылғанын ескерсек, Торақ батырдың анық туған жылы 1760 жыл. Оның батырлығымен қатар, би болғандығы да айқындалып тұр. Биыл Торақ батырдың да туғанына 256 жыл толады.

Сонда «Шаңды жорық» оқиғасы орын алған 1771 жылы Торақ небары 11 жаста. Торақтың да батырлығы қазақ-қалмақ арасындағы шайқастарға қатысты еместігі ескерілмеген.

Мәулен ЖАКИН,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ «Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының» аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.