Бөрі батыр: аңыз және дерек

Бөріге қатысты нақты деректер осы күнге дейін жарияланбағандықтан алдыңғы қателіктің кетуі түсінікті болғанымен, Тораққа қатысты дерек Сарым шежіресінің соңғы 2013 жылғы басылымынан 9 жыл бұрын жарияланған болатын. Шежірешілердің кейінгі басылымдарда ғылыми айналымға енгізілген тың деректерді қолданбайтыны өкінішті жағдай.

Келесі мысал, Бөрі мен Жарылғап батырдың кенжесі Мырзабектің арасында «болыпты-мыс» деген оқиғада Кәмел Жүністегі де, Төрехан Майбас та Мырзабекті Бөріден едәуір жас, «бозбала» деп көрсетеді.

Кәмел Жүністегі: «Жас Мырзабек құдасын кешкі алаң-белеңде танымаса керек. Ашу қысқан Бөрі Жарылғап ауылына сол сәтте барады…» дейді. Төрехан Майбас: «Жарылғап батыр бақилыққа озғанда Мырзабек іште қалған екен. Шаңырақ кенжесі болғандықтан бұла өседі. …Бала кезінде атақты Бөрі батырды аттан түсіріп кетеді… Сонда Мырзабек он алты жастағы бозбала ғана екен» дейді.

Ал, енді, осы Мырзабектің Бөрімен арадағы жас алшақтығын тексеріп көру үшін оның әкесі Жарылғаптың қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғанына көңіл аудару керек. Кәмел Жүністегі де, Төрехан Майбас та оның 51 жас жасағанын бірауыздан аңызға сүйеніп дәлелдейді. Жарылғаптың өмірбаянына арналған талай зерттеулер мен әуесқой ізденушілердің оның жасын біресе көбейтіп («ұзақ жасаған» 1786, 1789 жылдарға дейін), біресе азайтып («51 жас»), біресе ерте тудырып (1718 ж.), біресе кейін тудырып (1733, 1735 жылдар) жасаған әртүрлі болжамдарын талдай келіп, ең соңғы қорытынды – «қаймағы» деп, 2013 жылы шығарған Шет ауданы энциклопедиясында туған жылы – 1718 деп, қайтқан жылы 1759 жыл деген тұжырымға келген. Онсыз да даудамаймен әрі тартып, бері тартып шығарған басылымда Жарылғаптың жасаған жасынан тағы 10 жас түсіп қалған. Қайтқан жылының 1759 емес, бұл техникалық қателік екенін, 51 жаста қайтыс болғандықтан, дұрысы – 1769 жыл деп, түзетуге де мұршалары келмеген. Төрехан Майбастың 800 беттей материалды жинап, құрастырып, жазып берген энциклопедия материалдарын редакция алқасының төрағасы Кәмел Жүністегінің 390 бетке дейін қысқартып, шығарғандағы нәтижесі осы.

Енді осы келген тоқтамға сүйеніп, Мырзабектің жасын анықтасақ, 1769 жылы Жарылғап батыр қайтқанда «іште қалған» Мырзабек 1770 жылы туған. Сонда ол Бөріден 6 жас үлкен болып шығады?!

Ал, аңызға сүйенсек, Кәмел Жүністегі жазғандай «құдасы» десе, Бөрі кем дегенде қыз баласы кәмелеттік жасқа келіп қалған 40-тың шамасында болуы керек. Осы кезде Мырзабек Төрехан Майбас жазғандай «16 жастағы бозбала ғана екен» десек, Бөрімен арасы 20-24 жылдай болып шығады. Олай болса, Кәмел Жүністегінің Жарылғап 1786 жылы қайтты дегені де дұрыс болмай шығады.

 «Ең қызығы» екі автордың алдыңғы берген мәліметтеріне сүйеніп, дұрысы сол нұсқа десек, бұл оқиға 1816 жылдың тұсына келеді. Сонда, Мырзабектің әкесі Жарылғапты қайтеміз?! Оның да қайтқан жылын 1800-ге әкеп тірейміз бе?!.. Бұлай етсек, Жарылғаптың туған жылын 1749-ға алып келуіміз керек. Сонда Жарылғап батырдың 17 жасқа келгеннен кейінгі, яғни, «(1718) 1735 пен (1749) 1766 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларға қатысты» деп жазылған дүниенің бәрі бос сөз болып шығады ғой.

Әлде, буыны толық қатпаған «бозбала» Мырзабектің, өзінен екі мүшел жас үлкен, қырықтың шамасындағы бойында күш қайраты тасып тұрған Бөрі батырды «аттан түсіріп кеткені» туралы аңыз кекету-мұқатуды мақсат тұтқан, күндестіктің қиялынан туындаған автордың не басқа күндестердің біреуінің қолдан жасаған дүниесі ме?!.. Екі тұлғаның арасында оқиға орын алған да шығар. «Күш атасын танымайды» дегендейін, Бөріден де күш-қайраты, айласы асып туған тұлға дүниеге келген де шығар. Бірақ, осы оқиғаны «Құба белдер» трилогиясында 1996 жылы алғаш жариялап (кейін 2009 жылы осы басылымды қайта бастырып) отырған Кәмел Жүністегінің алған бетінен оңайлықпен қайтпайтын, бір-беткей, мінезі ауыр батырды «көзіне жас алғызып», буыны бос, сезімтал жан қылып көрсеткісі келгені оқырманға тек езу тартқызып, «әсірелеудің де шегі болу керек қой» деген ойға келтіреді. Ең болмаса жазушылардың шығармаларында болған оқиғадағы кейіпкерінің ішкі-жан дүниесін терең түйсініп, көркемдік шешіммен ойдан қосу тәсілін қолданып, сенімді баяндау талабын да орындамаған, тарихи шындықты былай қойғанда.

Міне, оқырман және қолына қалам ұстап, тарихты жазып жүрген және жазамын деген үміттегі жас ізденуші қауым, барлық адасу мен шатасудың басы осылай – тұлғаның туған және қайтыс болған жылдарын дұрыс анықтамаудан басталады. Мақала Бөріге қатысты болғандықтан, жоғарыдағы әртүрлі авторлар түгілі, кейде, бір автордың дерекке сүйенбей, «дейді-дейдіге» «негізделген» деп, өз пайымдарымен бір шығармасының ішінде жазылған болжам мен ұсынылған пікірлерінің бір-біріне қалай қарама-қайшы келіп жататынын әрі қарай талдап, ақтарып жатуды бұл жерде көлем көтермейді. «Авгийдің ат қорасын Гераклдің тазалағанындай» өлкетанудағы мұндай шығармаларда орын алған қателіктерді түзету кейінгі жылдары қаптап ашылып жатқан ғылыми зерттеу орталықтарының ең басты міндеті.

 Бөрінің Жаңабай деген баласының ұрпағы Түтай Сағытайұлы 1994 жылы Бөрі батыр бабасына арналған мақала жазған екен. Ол «Орталық Қазақстан» газетінде басылған. Сонда: «Бөрі батыр XVIII ғасырдың тоқсаныншы жылдары дүниеге келіп, XIX ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін өмір сүрген» деген пікірін ұсынады. Бұл пікір де автордың қолында нақты дерек болмаған соң тұспалмен берілген. Қайтқан жылы шындыққа жақын болғанымен, туған жылы қате көрсетілген.

Бөрі мен Дербісалы арасындағы жас айырмашылығы көрсетілген келесі аңыз Жәкен Байтуовтың «Бөрі батыр» дастанында жарияланған. Алдын ала айта кететін жайт: Бөрі батыр өмірбаянына қатысты деректердің ішіндегі ең шоқтығы биік, шұрайлысы және бізге далалық ауызша тарихтың (ДАТ) көзқарасы мен берген бағасын авторлық нұсқада жеткізіп отырған – осы шығарма. Тарих және ұрпақ ақын Жәкен Байтуовтың алдында шексіз қарыздар.

Дегенмен, ДАТ-тың дерегі негізінде жазылған бұл шығарма осындай бағаға лайық болғанымен, авторлық түсініктеменің алдыңғы мысалдардағыдай сыни талдау елегінен өткізілу қажеттігі еш күман тудырмауы керек. Жәкен Байтуовтың өзі:

«Екі ердің «әңгімесін» жаздым теріп, Ұрпақтар оқысын деп, көңіл бөліп.

Қарттардан бұл тарихты жаздым сұрап, Болғаны оқиғаның анық бірақ», – дейді.

Осы соңғы жолдағы «бірақ» деген сөзге көңіл аударсақ, ақын өз аузымен нақты болған оқиғаның заман талабына сай, еріксіз түрде өңделгенін паш етіп тұрғандай.

 Енді талдауға көшейік. Дербісалдың жасы туралы мәтінде: «Сол кезде Деріпсалдың жасы жеткен, Өмірден тозық жетіп, күдер үзген, …Сол жерде жас Бөріге бір ой түсті, «АтаАға, жүрмеңіз деп, бұл сапарға. Осы жолға, Дебеке, Жүргенді қой, тоқтаңыз, Сырттан көрген адамға, Көрініп тұр мініңіз. Жасыңыз келді сексенге, Бұрынғы жоқ күніңіз», – дейді. Ал Бөрінің жасы туралы: «Өлтірген Ақсеркені он жетіде, Атанған Бөрі батыр сол сапарда», – дейді. Сонда екеуінің арасы шамамен 63 жас. Бұл шығармада оқиғаның қай жылы болғаны жазылмаған. Оны анықтау үшін Дербісалының туған жылын анықтаған зерттеулерге жүгіну керек. Ол қай жылы туды? Жоғарыда аталған Шет ауданы энциклопедиясында Бөрі батыр түгілі, Абылай заманының батыры Дербісалы туралы да жазылмапты. Дербісалының өмірбаянына арналған тарихи танымдық оқу құралын құрастырып жазған Мұса қажы Әрінұлы, мұраларын жинаушы Мұсатай Ғалымұлы Есмағанбет. Онда: «Дербісалы Айдаболұлы шамамен 1707 жылы туып, 1794 жылы дүниеден озды» деп жазады. Бұл пікірге сүйенсек, Бөрі мен Ақсеркенің оқиғасы кезінде Дербісалы 80 жаста болса, 1787 жылға келеді. Бұл кезде Бөрінің шын жасы 11-де ғана. Ал «80 жаста» дегені шамалап көрсетілген, шын жасы одан да үлкен болуы керек десе, және Бөрінің шын 17 жасында болды бұл оқиға десек – 1793 жылға келеді. Осы нұсқаны ұсынып отырған Мұса қажы Әрінұлы неге «1707-1794 жылдар» деген нұсқаны алып отырғанын ешқандай дерекпен дәлелдемейді. Бұл деректі қайдан алғанын да, кімнен естігенін де атап жазбайды. Осы кітапты жазу барысында арнайы келісіп, кездесіп, Дербісалы мен Бөрінің нақты туған жылдарына қатысты мұрағат деректеріндегі мәліметтерге сүйеніп, қандай болжалды пікірге келгенімді 2-3 сағаттай ұзақ тәптіштеп, түсіндіріп, айтып бергем. Және де әзірге анығы Бөрінің туған жылы ғана екенін ескерткем. Осының бәрін ұмытып, ағамыз кітаптың кіріспесінде: «Мәулен Жахин інімізге тарихи салада еңбек етіп жүргенін тілге тиек етіп Дебекең жайында білгеніңіз болса бөліссеңіз жөн болар еді дегеніме қазіргі жағдайда экспедицияда жүргендігін айтып кешірім сұрады», – деп жазады. Шындығында, ағамыз телефон шалғанда, 2013 жылдың мамыр айының аяғы мен маусым айының басында Қытай елінің Алтай округінде ғылыми зерттеу жобасы бойынша; одан келген соң, тамыз айының ортасында Шығыс Қазақстан облысының аудандарында; осы екі экспедицияның арасында маусым мен шілде айларында Шет ауданының жер-су атауларына қатысты далалық экспедиция мен Алматыдағы мұрағаттық зерттеулермен жүргем. Ағамызға: «Білетінімнің бәрін айтып бердім ғой, басқа қосарым жоқ», – дегем. Кейін, «ағамыз, осының бәрін ұмытып, неге бұлай жазды екен», – деп ойласам, менің айтқанымның бәрін, енді «шайнап бер», «қағазға түсіріп, жазып бер», – дегені екен. «Шайнап бермеген соң» маған өкпелеп, көрсеткен қыры екен. Бірінші кездескеннің өзінде бұл пікірді дәлелдеу үшін әлі де, бір жағынан, оның растығын қуаттайтын сол кездің басқа да мұрағат құжаттарының талайын ақтару қажеттігін, екінші жағынан, осы күнге дейін жарияланып келген зерттеулердің, ауызша мұралардың мәліметтерімен салыстыра отырып, күрделі сыни талдау қажеттігін; Бұған кірісу үшін едәуір дайындықтың және уақыттың қажеттігін ескерткем. Қалмұқан Исабаев «Шоң биді» жазу үшін қырық жыл материал жинадым дейді ғой. Атүсті, «биыл ас беріледі екен» деп, мен қолымнан келмейтін нәрсеге бел шешіп кірісе алмайтынымды ашық айтқам. Бұның бәрін не үшін жазып отырмын?! Бұл жәй бір, екі ізденушінің арасындағы мәліметті бір бірінен қызғанған пендешіліктен туып жатқан әңгіме емес. Ғылыми зерттеуге деген осындай көзқарас өлкетану саласында үлкен дертке айналған. Бір-бірінің материалын айдың-күннің ашығында «барымталап алып», еш сілтемесіз, өз атынан жариялап жіберіп, қарап отырады. Кейбір ағаларымыздың үйде жатып алып, жастарға: «Әй, мен бәленнің тарихын жазайын деп жатырмын, әлгінде білетін бірдеңең бар деп едің ғой, соны маған әкеліп таста», – деп жататыны құлаққа үйреншікті әуен болып кетті. Сол мәліметті айтып берген күннің өзінде оның шикі күйінде қалай түрленіп, ұсынылатынын Мұса қажы ағамыздың мысалынан көріп отырсыздар. Бұл дерт болса, оның емі өткір сынның инесімен шаншылып, емделуі керек. Әйтпесе, өлкетану саласында орын алған былықтардан ешқашан арыла алмаймыз. Әр мерейтой сайын әр аудан энциклопедия шығарып жатады. Онда не жарияланып жатқанын бір алла біледі. Бірде-бір зерттеу орталықтарының шындап солардың не шығарып жүргендерін сын тезіне алуына күнкөріс пен қағазбастылық мұрша бермей жүр… Ал, енді осы Дербісалының жасына байланысты 1707-1794 жылдары деген нұсқаның дұрыстығына күмән тудыратын, Бөрі мен Ақсеркенің оқиғасының нақты қай кезде болғанын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметті «Бөрі батыр» дастанындағы әртүрлі мәліметтердің өз арасындағы және олардың мұрағат құжаттарымен арадағы қарамақайшылықтарынан, және де, керісінше, кей тұстарындағы мұрағат дерегі мен аңыздың мәліметтерінің бір-бірін растауынан көреміз. Бірінші мысал: Ботантай мен Бөрінің арасындағы жас алшақтығына байланысты. Дастанда: «Ботантай қыз береді, Ақсерке алмақ» – дейді. Ал, Бөрі мен Ақсеркенің жекпе-жегі болғанда Бөрі «он жетіде» – деп жазады. Дастанның осы мәліметтеріне сүйенсек, Ботантай қызын ұзатып жатқанда, яғни, ол кем дегенде 40-50 жасқа келген кезінде Бөрі 15-17-дегі «бала болған» екен-мыс. Ал, осы мәліметті мұрағаттағы дерекпен салыстырсақ мынадай қарама-қайшылық туындайды: Ботантай мен Бөрінің екеуі де Саржан көтерілісін ұйымдастырушылар ретінде ұсталып, тергеу жасағанда өз ауыздарымен неше жасқа келгенін айтып, жаздырған. Бұл мұрағат дерегі 1826 жылы 13 шілдеде тұтқынға түскендерден тергеу жауабын алған сотник Карбышевтің Қарқаралы сыртқы дуанына жазған №8 рапортында жазылған. Онда Ботантайдың көрсетіндісінде: «Сарымовской волости рода Айдабульского зовут его Ботантай Чувашев, от роду 54-х лет», – деп жазылған. Ал, келесі Бөрінің көрсетіндісінде: «Той же волости и рода Бии Бурю Кенжебаев, 50 лет» – деп жазады. Сонда екеуінің арасы 4-ақ жас. Бұл жерде «Бөрі батыр» дастанында Жәкен Байтуов екі түрлі себеппен: бірінші – МҚК (КГБ)-ның қырағы көзі цензураның тырнағына өзін және Бөрінің ұрпақтарын іліп бермес үшін болған оқиғадағы саяси астарды толығымен алып тастап, ру арасындағы тартыс, ағайын-туыс арасындағы күндестік орын алатын тұрмыстық деңгейге түсіруге; екінші – шығарма идеясы оқырманға тартымды болу үшін жазушылардың кең қолданылатын қыз бен жігіт арасындағы бозбалашылық қатынастар тақырыбына бұруға мәжбүр болған. Сол үшін Бөрінің жасын 37 жасқа кемітіп көрсеткеніне көзіміз жетеді. Бұдан шығатын қорытынды: 1-ден, Бөрі батырдың туған жылы – 1776 жыл екендігі; 2-ден, дастанда баяндалатын Бөрі мен Ақсеркенің оқиғасы 1826 жылдың тұсында орын алғаны; 3-ден, Дербісалы «1707 жылы туды» — деген пікір қате екендігі анықталды. Дастан бойынша Дербісалы Бөрі мен Ақсеркенің оқиғасы кезінде 80 жаста болса, (1826-80=) туған жылы 1746 жылға келеді. Ал, бұл шамалап алған жас, шындығында 80-нен асып, 90-ға қараған жаста десе, (1826-89=) 1737 жылға келеді. Дербісалының жасын анықтауға септігі тиер әзірге бір ғана мұрағат дерегі анықталып отыр. Оның қалмақ қызынан туған баласы Қыдырәлі Саржан көтерілісі кезінде Бөрі, Ботантай, Торақтармен бірге қолға түскенде берген жауабында «65 жастамын» деп көрсеткен. Сол 1826 жылы 65-те болса, туған жылы 1761 жылға келеді. Қыдырәлі Дербісалыұлының туғанына биыл 255 жыл толады. Ал Дербісалы бұл кезде 24 жаста. Әрине бұл нақты жасы болмағанымен, ең ерте дегенде, оның туған жылы – 1737-нің тұсы екені аңыз бен мұрағат дерегімен дәлелденіп отыр. Екінші мысал: Бөрі мен Ақсеркенің арасындағы оқиғаға қатысқан тұлғалардың өмір сүрген кезіне байланысты. Мысалы, дастанның бір тұсында: «Батыр деп сан соғыста аты шыққан, Ішінде осы қолдың ер Қашқынбай» деген жолдар бар. Бұл тұлға жөнінде Қояншы-тағай шежіресін дайындауға атсалысқан Төрехан Майбас: «Қашқынбай Қожабергенұлы Кенесары Қасымұлының он жылға созылған азаттық күресі кезінде көзге түскен батырлардың бірі», – дейді. Мұрағат дерегінде де Қашқынбайдың Кенесары көтерілісі кезіндегі оқиғаларға қатысқанын айғақтайтын құжаттар бар. 1859 жылы 9 маусымда жазылған құжатқа Қояншы-тағай болысының 51 адамымен бірге «Качкынбай Кожабергенев» те қолын қойған екен. Яғни, ең жас дегенде 1859 жылы Қашқынбай Қожабергенұлы 70-80 жастың шамасында. Бөрінің құрдасы болып шығады. Яғни, Қашқынбай батырдың Бөрі мен Ақсерке оқиғасында 1787 жылы емес, ең ерте дегенде Саржан көтерілісі кезінде болғанын дәлелдейді. Бұл дерек дастанда баяндалатын оқиғаның 1826 жылдың тұсында болғанын тағы да айғақтай түседі. Үшінші мысал: Бөрінің Ақсеркені жекпе-жекте өлтіруіне себеп болған қыз бала Күңілдік туралы «Бөрі батыр» дастанында: «Сол кезде бір қыз туған Итқұлыдан, Кем көрмейді қыз да болса айдарлы ұлдан. Он төрттен он беске аяқ басып, Жақсыны, жаманды да танып қалған», – деп жазады.

Бұл жерде келтіріп тұрған Күңілдіктің 14- 15 жаста болғандығы Бөрі мен Ақсеркенің арасындағы жекпе-жектен 3 жыл бұрын басталған құдалыққа баланысты айтылып тұр. Жекпе-жек 1826 жылдан кейін орын алса, құдалық 1824 жылы басталған. Бірінші кезескенде құдалыққа келіскен. Оны дастанда: «Келісіп екі жағы құда болды» – дейді. Бұл 1824 жыл. Одан әрі: «Ұзатпақ қызды ауылдан келер жазда. Ақсерке Ботантаймен қол алысты, Келмек боп туар жылдың мамырында» – дейді. Осыдан кейін: «Ботантай өзі жүрді он бес кісі, Алуға қалың малды еріп бірге» дейді. Бұл да Ақсеркенің ауылына келген 1824 жылғы оқиға. Құдаларын күтіп алғаннан кейін: «Ақсерке көпшілікке айтты бәрін, … Барамыз келер жазда қыз береді» дейді. «Ботантай Ақсеркемен қош айтысып, «Қыс өтіп, жаз шыққан соң келіңдер» деп жазады. Одан кейін келесі 1825 жылы: «Қыс өтіп, қар да кетіп, жаз да шықты. Жүретін уәделі күні бітіп, Ақсерке жүрмек болып талаптанды. …Басшыға Асан деген Биін қосты, …Он адам жүріп кетті күйеуді ертіп, …Жол жүріп алты күндей екі ортада, Күн бата күйеу, құда келді жетіп» дейді. Осы жылы: «Ботантай ақ үй тікті, қызды ұзатты. …Күңілдікті күңдікке қоса берді» дейді. Ботантайдың қызы мен Күңілдікті алып келгеннен кейін: «Той қылды жан-жақтағы елді жинап. Үш күндей ат шаптырып, ойын болды, Кәріжас, қыз-бозбала бәрі де дулап. …Осындай сауықпенен күндер өтті, Қыс өтіп, келесі жаз тағы жетті. «Күң-күң» деп Күңілдікке күн көрсетпей, Қорлықты Ақсерке енді көрсетті» дейді. Бұл келесі 1826 жыл. 1824 жылы 15-те болған Күңілдік 1826 жылы 18-ге келеді.

 Ал, енді мұрағат құжатында 1826 жылы 13 шілдеде Ботантайдан алған тергеу кезіндегі жауаптың бір тұсында: «потерялись из аула их два мальчика и одна 18 летняя девка» деп көрсетеді. Бұл жерде «жоғалып кеткен» 18 жастағы қыз өзінің ұзатылған қызымен бірге жіберілген Күңілдіктің дастандағы Ақсерке ауылынан қорлыққа шыдамай қашып шығып, ессіз далада күздің қара суығындағы қарлы жаңбырда үсіп өлген оқиғасымен дәл келеді. Оқиға 1826 жылдың қара күзінде болған. Қыздың өлігін келесі жылдың көктемінде тауып алса, Бөрінің Ақсеркемен арадағы жекпе-жек оқиғасы 1827 жылы орын алған. Бұл дастандағы Бөрінің басынан өткен тағы басқа оқиғаларға байланысты алдағы жарияланатын мақалалар мен монографияда баяндалатындықтан, әзірге оны талдауды осы тұсынан қайыра тұрамыз.

 Ал осы жоғарыда келтірілген аңыз бен мұрағат дерегіндегі үш мысал да:

  1. Бөрінің нақты туған жылы 1776 жыл екеніне.
  2. «Бөрі батыр» дастанында аттары аталатын кейіпкерлердің бәрі де Саржан Қасымұлы және одан кейін Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан, сол заманның тұлғалары екеніне.
  3. «Бөрі батыр» дастанында баяндалған оқиғалар Саржан көтерілісі кезінде 1824 жыл мен 1827 жылдың және одан арғы кезде орын алғандығына.
  4. Аңыз бен мұрағат дерегі барлық баяндалған оқиғалардың болған уақытын бірбірімен дәл келетін шынайылықпен көрсетіп тұрғанына көзімізді жеткізеді. Бөрінің шыныменен 1776 жылы туғандығын мұрағаттың 1851 жылы 28 қарашасында жазылған тағы бір дерегі дәлелдейді. Онда: «Бюри Кенжебаеву въ настоящее время, какъ видно изъ собственнаго его показания, отъ роду 75 летъ», – деп жазады. 1851-ден 75-ті алсаң, туған жылы – 1776 жыл. Ал, Бөрінің қайтыс болған жылына келсек, әзірге, 4 дерек анықталды.

Біріншісі – 1855 жылғы санақтың дерегі. Онда «Рода Сарымъ-Токсанъ. Отделение Айдабулъ. Подразделения: 1-е, Кенджебай. … Бурю Кенжебаевъ» — деп, жылқысы – 117, ірі қара малы – 2, қойы — 475 – деп көрсетілген. Бұл дерек Бөрінің 79 жасында ауыл ақсақалы болып отырғанын көрсетеді.

Екіншісі – 1858 жылы 21 шілдеде жазылған екі құжат. Онда Әлтеке-Сарым болысының ауыл старшындары мен оның құрамындағы қазақтардың бәрі 18 шаңырақтан тұратын Естемесовтерді Дүйсенбай-Шекшек болысына ауысуына және Дүйсенбай болысындағы: «…Чальджана, Чегебаева, Куркенбая Боздаковых и Кудучу Барлыбаева…» – деп аталған қазақтарды Әлтеке-Сарым болысына қабылдауға «қарсы емеспіз» деп 40 адам қол қойған тізімде Бөрінің аты жоқ. Екі құжатта да оның орнына «Жанабай Бурин» қол қойған.

Үшіншісі – 1859 жылы 2 маусымда жазылған құжат. Онда 1855 жылмен салыстырғанда 1858 жылғы мал басының кемуін: «в течении минувшаго 1855-1858 год. трехлетия мы от падежа лишились более 5 т. лошадей, до 33 т. баранов и до 800 рогатаго скота» деп, Сібір қазақтары облысының әскери губернаторы жанындағы ерекше тапсырмалар шенеунігі Менделевке ӘлтекеСарым болысы қазақтарының берген мәлімдемелерінің соңында қол қойған 78 адамның да тізімінде Бөрі жоқ. Орнында тағы да «Жанабай Бурин» қол қойған.

Төртіншісі – Бөрінің 1858 жылға дейін қайтыс болғандығын дәлелдейтін ең нақты дерек. Ол құжат: «СПИСОКЪ киргизамъ вошедшимъ съ 1858 по 1861 по случаю смерти начальниковъ семейства» деп аталады. Онда: «Алтеке-Сарымовской волости … №535. Ақболат Бурин», – деп жазылған. Кейінгі Сарым шежіресінде Бөріден тарайтын ұрпақтарды жазғанда кейбіреулері кірмей қалғаны анықталып отыр. Онда: «Шыңғыс, Байбала, Жаңабай, Аманбай, Базылбек, Батырбек, Егізбек, Сегізбектер» ғана жазылған. Мұрағат деректерінде кездесетін осы Ақболат, Жанбай деген балаларының аты шежіреден тыс қалған. Оларды Бөріден тараған ұрпақтарды қарастырған тақырып аясында тағы да қарастырамыз. Ал бұл жерде аталып тұрған Ақболат Бөрінің қарашаңырағын ұстаған ең кенжесі болуы мүмкін. Үлкен ағаларының бәрі бөлек отау құрып, өз алдарына еншілерін алып, бөлек ауыл болып тұрғандықтан, Ақболат кенже болғандықтан, әкесі Бөрі қайтыс болғанда қарашаңыраққа ие болып қалған.

Осы төрт деректі қорыта келгенде, Бөрі Кенжебайұлы 1857 жылы 81 жасында дүниеден озғандығы анықталады.

Сонымен бірге, 1858 жылғы санаққа кіріп, 1859 жылғы қайта жүргізген тексеру санағы тізіміне қайтыс болуына байланысты кірмей қалғандардың қатарында «№710. Торак Чандагенов» аталып, оның орнына баласы «№709 Малбасар Тораков» тіркелгені жазылады.

Зерттеп отырған тұлға өмірінің әр-кезінде орын алған оқиғаларды аңыздар мен мұрағат деректерін салыстыра талдап, әлі де талай құнды да, қызық фактілерді анықтай түсеміз. Әзірге, көтеріліп отырған мәселе, Бөрінің туған және қайтыс болған жылына ғана қатысты болғандықтан, жоғарыдағы сыни талдауды төмендегі тұжырымдармен қорытындылайық:

1 – Бөрі Кенжебайұлы — 1776 жылы туған.

2 – Бөрі Кенжебайұлы 1857 жылы 81 жасында қайтыс болған.

 3 – Дербісалы батыр шамамен 1737 жылы туып, 1827 жылдан кейін 90-нан асып қайтыс болған.

4 – Оның баласы Қыдырәлі 1761 жылы туған. 5 – Торақ батыр Шаңдыгенұлы 1760 жылы туып, 1858 жылы 98 жаста қайтыс болған.

Бөрі батырдың туған және қайтыс болған жылдарын анықтауда осы уақытқа дейінгі зерттеулерде жарияланған барлық нұсқалардың қателікке ұрынуының ең басты себептері:

Бірінші – Ауызша мұраны зерттеп жүрген ғалымдар Бөрі батырға қатысты жарияланған мәтіндерді осы уақытқа дейін сыни талдауға алып, ондағы орын алған мәліметтердің тарихи астарын анықтауды қолға алмаған.

Екінші – Өлкетанудағы зерттеулер біржақты аңыз бен жарияланған ғылыми, көсемсөздік, танымдық мәтіндермен ғана шектеліп, мұрағаттың дерегін қолданбаған.

Үшінші – Әуесқой зерттеушілер кез-келген зерттеу – алдымен өзіне дейін жазылған зерттеулердегі пікірлерге тарихнамалық шолу жасаудан басталып, одан кейін олардың қолданған және өзі ғылыми айналымға алғаш қосып отырған дерек көздерін сыни талдау арқылы шындыққа қатыстылығын анықтаудан, соңынан өзінің зерттеуінде басшылыққа алатын әдіснамалық ұстанымдары мен әдіс-тәселдерін анықтап алудан кейін басталатынына мән бермеген.

 Кез келген тұлғаның өмірбаянына қатысты зерттеу жоғарыда аталған талаптарды орындағанда ғана мақсатына жетеді.

Мақаланы аяқтай отырып, ел болып, іргеміздің сөгілмей, қазіргі тәуелсіздікке жетуімізге өзіндік үлесін қосқан тарихи тұлға Бөрі батырға арналған осы зерттеуді ұйымдастырып, қаражаттық шығынын қамтамасыз етіп, арнайы тапсырыс беріп, оның орындалуын далалық экспедиция, мұрағаттық ізденістер барысында бел шешіп кірісіп, қамқорлықпен қадағалап отырған «отызында – орда бұзар, қырқында – қамал алар, елуінде – ел ағасы болар» жасқа келген азаматтардың алдыңғы ағаларының ақылкеңесімен, үлгі-өнегесімен игілікті бастамаға себепші болғанына шексіз алғысымды білдіремін. Бұл «бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген халық даналығын айғақтайтын қадам. Ылайым, ұрпақ үшін маңызды істе әр бастаған бастамамыз баянды аяқталып, ел игілігіне айнала берсін.

Мәулен ЖАКИН,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының» аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.