Бұлбұлдар мен дүлдүлдер бақ сынасып…

Ән мен жырдың дариясы Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы осымен ІV рет қанат жайып, Қарағанды аспанында қалықтады. Кеншілер шаһарындағы «Шалқыма» концерт залында қазақ даласының түкпір-түкпірінен келген әншілер екі күн бойы Мәди әндерімен қатар, қазақтың халық әндері мен халық композиторларының небір таңдаулы әндерін шырқап, елді тәнті етті. Ашылуы «Сарыжайлау» кинотеатрында басталған кештің негізгі һәм қорытынды бөлімдері «Шалқымада» шалқыды.

Әншілер байқауы демесеңіз, бұл – тұнып тұрған қазақ классикалық әндерінің ағып жатқан ән дариясы ғой. Таң азаннан барып тыңдап, құмардан шығуға әбден болады. Қатысушылар – бірінен бірі өтетін әншілер. Әнші болғанда да, оқыған, сауатты бәрі. Осындай бұлбұл әншілер мен дүлдүл өнерпаздардың өнерін тамашалаушылар қарасы аз, бірақ. Бір өкініштісі – сол. Қазақтың басқа әндерін айтпағанда, жалғыз Мәди шығармашылығының өзі неге тұрады?! Ақын әрі композитордың «Қарқаралы», «Қаракесек», «Үшқара», «Шіркін-ай!» әндері Қазақ даласының гимні десе, артық емес. Мәдидің мұң-мұқтажы ғана емес, ХХ ғасырдағы қазақ рухының бейнесіндей елестейді. Қайғы мен зар қоса қабаттасса да биіктен асқақ қарап тұр өмірге. Кейбір әндері кешегі Жаяу Мұса иірімдеріне келіңкірейтіндей әсер қалдырады. Тағдырлас тұлғалардың таңғажайып ғұмырнамалары Қазақ елі кешірген күймен өзектес. Жаздым, жаңылдым демейді, кезіндегі алып ұлыстың баласына тән бекзаттық хабар береді туындыларынан.

Дәстүрсіз ән, дауыссыз әнші бола ма, ол заман да, бұл заман?! Бұған дейін де қаншама өнер өкілдері айтқан. Бұл әдеттен арылатын кез келді. Домбырамен қазақтың халық әндерін орындап жүргеннің көбі – қазақ ұлтының классикалық ән өнерін орындаушылар десе жарасады. Оны біз ғана емес, ұлттық өнердің жілігін шағып, майын ішкендердің бәрі мойындаса керек.

Қазақ даласында әншілікке тәрбиелейтін университеттер мен консерватория, академиялардың барлығынан 34 әнші қатысса, солардың өнерін бағалап, қазылық етушілер де Алаш ән өнерінің бағына туған бір-бір алып бәйтеректері. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов. Сонымен қатар, күміскөмей әншілер – Мейірхан Адамбеков, Ғалым Мұхамедин, Жақсыгелді Кемалов және Талғат Ыдырысов сынды тұлғалар бар еді қазылар алқасының құрамында.

«Осы жолғы конкурс өте қызықты әрі тартысты өтті. Қатысушылардың барлығы ыждаһаттылықпен дайындалып келген екен. Осылардың арасынан шын мықтыны, үздік өнерпазды таңдап алу бізге оңайға соққан жоқ. Сондықтан, күллі белгілерге мән беруге, тіпті, орындау мәнерінен бөлек, домбырасын қалай тартқанына шейін қарап отыруға тура келді. Былайша айтқанда, тырнақ астынан кір іздегендей жіті бақыладық. Осының бәрі – қазақ ән өнерінің қуанышы. Өйткені, жас әншілердің ізденісі күшті. Демек, жас орындаушылар үшін тың серпін, жаңа белес деген сөз. Бір-бірінің орындау ерекшелігін байқайды. Тәжірибе алмасады. Жан-жақтан, Қазақстанның барлық облыстарынан келіпті қатысушылар. Талантты жастар өте көп қазір. Теледидар, радиолар жақсылап насихаттаса нұр үстіне нұр болар еді бұндай әншілерді. Тойда жүрген эстрада әншілері көбірек насихатталып кетті, себебі. Ал, мына балалар – қазақ ән өнері мен әлемдік классиканы жан-тәнімен оқып шыққан нағыз ән өнерінің мамандары. Болашақтары. Сондықтан, жарқырап алда жүре берсін дегім келеді!» деді қазылар алқасының төрағасы, әнші Қайрат Байбосынов.

Сонымен, Мәди Бәпиұлы атындағы ІV республикалық дәстүрлі әншілер конкурсының бас жүлдесін қарағандылық Азат Әбдіғалым жеңіп алды. Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының орындаушысы Шыңғыс Сәрсенбай І орыннан көрінді. Түбі қарағандылық бұл жігіт те Ұлттық өнер университетін бітірген. Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Ақжол Өсербай мен Ұлттық өнер университетінің студенті Алуа Қалымбекова ІІ орын жүлдесін теңдей бөлісті. Алматылық Біржан Айтахметов, Дәуренбек Сламғали, астаналық Аяулым Қамажан ІІІ орыннан көрінді.

Жәнібек ӘЛИМАН