Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Бұл – біздің Жеңіс

Майдангер Ахмет Бабашев туралы біз үзік сыр

«Бұл – біздің Жеңіс емес». Менің замандастарым осылай дейді қазір. Тым қатал үкім емес пе бұл?!

Бір сәт өткенге көз жүгіртейікші. Қазақстаннан аттанған 1 200 000 сарбаздың жартысына жуығының сүйегі жат жерде қалды. Сол жарты миллионның артында қанша ана күнбатысқа қарай-қарай, құсадан көз жұмды. Аңырап қалған жар қанша, қанша бала жаутаңкөз жетім атанды? «Жеңіс» деген жалғыз сөзді олар қанша күтті десеңізші?! Осының бәрін біле тұра «Біздің жеңіс емес» деп айтуға құқымыз бар ма?

«Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар». Сырбай ақынның осы бір өлең шумағында сұм соғыстың күллі қасіреті тұр емес пе?!

Иә, соғыстың жалыны шарпымаған бірде-бір отбасыны таба алмайсыз. Алапат дауыл менің үлкен атам Бабаштың отбасын да айналып өтпеген. Қан майданға үш ұлын бірдей аттандырып, ауыл үйлі жанның бейнетін жалғыз арқалап Іңкәр әжеміз қала берген. Сол үш ұлдың кенжесі – менің атам Ахмет еді.

 Көзін көрген үлкендеріміздің айтуынша, Іңкәр әжеміз көріпкелдігі бар, сұңғыла кісі болған екен. Үш ұлын соғысқа шығарып салғанда: «Алтынымнан (үлкен ұлы) топырақ бұйырмайды, бірақ аман-сау келеді. Ахметім (кенже ұлы) қиындық көреді, бірақ ол да келеді, мені жөнелтетін сол болады» деген көрінеді. Ортаншысы Қауыр туралы айтқанда күрсініп, «Жүрегім қорқады, қайтейін, бірақ үмітімді үзбеймін» деген екен.

Дуалы ауыз әжеміздің айтқаны айнымай келеді. Ахмет ауыр жараланып, бір қолын беріп оралады соғыстан. Елге келген соң көп ұзамай дүниеден озған шешесі Іңкәрді ақ арулап жөнелтеді. Алтын атамыз соғыс аяқталғаннан кейін мобилизацияға қатысып, кешігіп оралады да, анасына топырақ сала алмайды. Ал, Қауыры қан майданнан оралмады. Сұрау салғанымызбен, әлі күнге «хабарсыз» дегеннен басқа дерегін біле алған емеспіз. Ана жүрегі сезген екен-ау…

ЖОРЫҚ ЖОЛЫНДА

Атамыз Ахмет 73 жыл ғұмыр кешіп, 1982 жылы өмірден озды. Көз алдымда үзік-үзік суреттер қалғаны болмаса, болмысын танып білетін жаста емес едік. Әкем Жұмағалидың айтуынша, атамыз соғыс туралы көп айта қоймайды екен. Әжеміз Күлшар Қалыбекқызы: «Аталарыңның майданда жүріп жазған өлең дәптері, хаттары бар еді» дейтін. Өкінішке қарай, оның бәрі қолдан-қолға өтіп, кейінірек жоғалып кеткен деседі. Соғыста болғаны туралы құжаттарының да қайда қалғаны белгісіз.

Қай жылы аттанды? Қай майданда, қандай әскер құрамында болды? Қиян-кескі шайқастарға соғыстың қай тұсында араласты? Осының бәрі біз үшін жұмбақ болатын.

Әкемнің айтқан әңгімелерінен атамыздың 1909 жылы қазіргі Ақтоғай ауданына қарасты Сарытерек ауылының Қарақия қыстағында дүниеге келгенін, сауат ашу курсын бітіріп, ел ішінде ағартушылықпен шұғылданғанын, алғашқы ұйымдастырылған «саужой» мектептерінің бірінде сабақ бергенін білдім. Соғыс басталғанда алғашқылардың қатарында аттанып, алғы шептегі қанды қасаптың ортасында болғанын, ауыр жараланғанын, оң қолынан айырылғанын, елге оралған соң колхозда еңбек еткенін де әкемізден естіп білдік. Бар дерек осы төңіректен аспайтын. Өстіп жүргенде ғаламтордағы сайттардың бірін ақтарып отырып, мол олжаның үстінен түстік.

Көмбеге бергісіз құнды деректерді тауып, өлгеніміз тірілгендей болғаны.

Мен іздеген мәліметтің барлығы самсап алдымнан шықты. Бұл құжатта Ахмет Бабашевтің майданға 1942 жылы 15 шілдеде Шет ауданының әскери комиссариаты арқылы шақыртылғаны айтылады. Одан әрі «Красноармеец Бабашев Ахмет в Отечественной войне участвовал на Ленинградском фронте в 533 стрелковой дивизии в должности автоматчика с 9.01.1943 года» дейді әлгі құжат.

Атамыздың әуелі 1943 жылғы 12 қаңтарда, сосын 1944 жылғы 16 қаңтарда сұрапыл шайқастарда ерлік көрсеткені аталып өтеді. Осы ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған екен. Ұрыс қимылдарында екі рет жараланғаны да егжей-тегжейлі жазылған. Алғашқысында жамбасынан оқ тиіп, емделіп шықса, екіншісінде Новгород көшесіндегі ұрыста ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жарақаты асқынып кеткендіктен, дәрігерлер оң қолын кесуге мәжбүр болады. Бес ай бойы, 1944 жылғы 16 қаңтардан 10 маусымға дейін емделіп, беті бері қараған Ахмет атамыз соғыстан елге оралады.

АЛҒАШҚЫ АҒАРТУШЫЛАРДЫҢ БІРІ

Жіптің ұшы қолға іліккеннен кейін там-тұмдап деректерді жинақтай бастадық. Жоғарыда атамыздың алғашқы сауатсыздықты жою мектебінде сабақ бергенін атап өттік. Ол жай мектеп емес, қазақ даласындағы Алаш арыстары ашқан алғашқы білім ошақтарының бірі еді деседі көз көрген зиялылар.

Қабылсаят ӘБІШЕВ, белгілі заңгер, тарихшы:

– Мен Ахмет атаңның әңгімесін талай тыңдадым. Үйлеріміз жыл сайын көрші тұратын. Ол кездің адамдары аристократ еді ғой. Олар отырықшы өмірге мойынсұна алмады. Орталыққа сыймайтын. Көктем шыға жүгін артып, жайлауды бетке алатын. Жаз бойы биесін байлап, қымызын ішіп, малын жайлап, суық түсе бірақ оралатын колхоз орталығына. Бір әңгімесінде Ахаң маған Әлихан Бөкейханды да, Смахан төрені де көргенін айтты. Көретін жөні бар. Әлекең отызыншы жылдары атамекені – Қасым қыстағының жанында алғашқы мектепті ашқызған. Сол мектепте осы төңіректегі сенің атаң қатарлы адамдар білім алған. Кейін олардың арасындағы зеректерін таңдап алып, ұстаздыққа шақырған. Ахмет атаң 1934 жылдан бастап сол мектепте мұғалім болып, сабақ берген.

Тарихи деректердің көмбесі, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан бұл мектепті Әлекеңнің нұсқауымен Әзіхан төре ашқанын жазады. «Жаңадан ашылған бұл оқу орнына Қарқаралы уезіне қарасты Қотан-Бұлақ болысының білімдар азаматы Бижанның Хасені өзінің бұрыннан ашылған мектебінен оқу құралдары мен оқулықтар бергізген. Бұл мектеп 1939 жылға дейін бала оқытқан» деп жазады зерттеуші. «Ақтоғай – Алаш арыстарының  атамекені» (2016 ж., 15 сәуір, «Егемен Қазақстан»).

Филология ғылымдарының докторы, əлихантанушы Айгүл Ісімақова да «Әлихан Бөкейхановтың балалық шағы» атты мақаласында осы мектеп туралы: «Біз барған Ақтоғайдан Балқаш жаққа қарай жүргенде Желтау деген тау бар. Сол таудың етегі Бөкейхандардың қыстағы болған. Қыстауда мектеп ашылып, 1939 жылға дейін жұмыс істеген. Əлихан атылып кеткеннен кейін «төрелер салған мектеп» деп жермен-жексен етіп бұзып тастапты» деп жазады.

Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті мекенде ағартушылық қызметпен шұғылданып, талай жанның көкірек көзін ашқан атамыздың осы бір еңбегі соңында жақсы атын қалдырды. Көзін көргендер әлі күнге дейін құрметпен еске алады. 2017 жылы Ахмет Бабашевтің есімі мектеп ұжымының ұсынысымен туған топырағы – Шабанбай би ауылындағы бастауыш сыныптардың біріне берілді.

Түйін Атамыз қан майданнан оралғаннан кейін де, жарымжан екенмін деп қол қусырып отырмаған. Ұзақ жыл колхозда еңбек етіп, соғыстан кейін күйзелген шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарының бел ортасында болады. Әжеміз Күлшар Қалыбекқызы екеуі Жолтай, Жұмағали, Сейтқали, Рыстай, Төлеуғали, Күләш, Байғали атты ұл-қыз өсіріп, ақарлы-шақарлы әулетке айналады.

Бүгінде кей адамдар соғыс пен Жеңіс тақырыбын қаузап, ескіні қозғаудың қажеті жоқ деседі. Алайда, бұған жауап боларлық бір ақиқат бар: ол соғыста біздің әкелеріміз бен аталарымыз қасық қаны қалғанша шайқасты. Ел мен жерді қорғаймын деген сеніммен кеудесін оққа тосты. Жан төзгісіз сұмдықты бастан өткізді. Қол созым жер қалғанда қаңғыған оқ қағып түскен тағдыр қаншама?! Берлинді алған шайқастың өзінде Кеңес одағының 78 мың солдаты оққа ұшыпты. Күллі жорық жолынан өтіп, күні ертең әке-шеше, жарымен, балаларымен қауышамын деп асыққан жандар еді олар.

Менің Ахмет атама да қарша бораған оқтың бірі туралап келсе, бүтін бір әулет ғайып болады екен-ау. Аллаға шүкіршілік етеміз! Қан майдан қансыратса да, ол ердің ері ғана шыдайтын осынау сынақтан кеудесін тік көтеріп, еңкеймей өтті.

Ендеше, бұл – біздің Жеңіс, аталарымыздың Жеңісі!..

Қамбар АХМЕТ,
«Saryarqa Aqparat» ЖШС директоры

Басқа материалдар

Back to top button