БӨКЕЙХАНОВТЫҢ АТАЛАСЫ РЕСЕЙ ПАТШАСЫ БОЛҒАН

   Ой қозғайтын тақырыптар болады емес пе!? Адамзат шежіресіндегі ең ұлан-ғайыр мемлекет  Алтын Орданың тарихы мен  аясынан шыққан   елдерге  ықпалына  байланысты   жаңаша пайым,   пікір-толғам  соны дәйектер арқылы назар арттырып келеді. Оны Еуразия кеңістігіндегі барша халыққа ортақ  деп тануға жетелейтін  жәйттер жеткілікті.

Мына әңгімемізді де  қалың қауымның біле  бермеуі мүмкін. Тегінде ғасырлар бойы жұмбағы ашылмаған сырлар сирек емес қой. Бірі әдейілеп бүркемеленсе, кейі шынымен бойлатпай қояды. Көршілес мемлекетпен  қатпарлас тарихымыздағы бұл әлі таңдандырарлық  шындықты  айтуға, мойындауға заманында әмірі жүріп тұрушылардың  әсіреастамшылық саясаты құрық бермегені анық- ақ.    Әйтпесе, Ресей патшасы тағында  аз уақыт  болса да Алтын Орда ханының тұяғы отырған  оқиғаны айналып өтіп келудің не құпиясы  бар еді деп  ойлайсыз. Бұдан былай қарай тартыншақтай  берер ештеңесі жоқ шығар, елдеріміздің ежелгі байланысын байыптау үшін түбегейлі зерттеуге тұрарлық мәселе десек артықтығы болмас.

Мұның өзі атышулы қаһарлы Иван Грозныйдың тұсында болыпты. 1575 жылы осы алақұйын патша аяқ астынан биліктен еркімен тайқып, орнына Симеон Бекбулатович деген ортасынан нәсілі бөлек бөтен біреуді қондырады. Өзі Мәскеуден алыс емес Петровка қалашығына кетіп, уақытша бой тасалай тұру қулығына көшуі жайлы болжам сан қилы. Мәселен, сол кездегі  Англия елшісі Даниил Сильвестердің естелігіне қарағанда боярлардың бүлігінен үріккен билеуші сонда жатып, аңдысын аңдуы, біріне -бірін айдап салу арқылы іріткі салуы айтылады. Сырт көз қылып па, әлде расы ма, былайша жазып жолданған хатының бірі  сақталған.  «Государю великому князю Симеону Бекбулатовичу Всеа Русии Иванец Васильев с своими детитками с Ыванцом да с Федорцом, челом бьют» деп бас ұрып тұрыпты  қанқұйлы әмірші.

Бізге ең ғажаптығы, хат арналған кісі кім десек, Алтын Орданың соңғы ханы Ахметтің Ноғай ордасын билеуші немересі  сұлтан Бекболаттан туған Сайын Болат  атты шөбересі екен. Ал бұлардың Жошы ханның он үшінші баласы Тоқа Темірден тарайды. Мұнымен бірге Қазақ хандығын құрушы Жәнібек ханның  түпкі тегі сол бұтақ, Алашорда көсемі Әлихан  Бөкейхановтың осы  даңқты бабаларымен қаны бір тектес екендігі  де  біздерді мағмұрландырады.

Жер-жаһанды үш ғасыр дірілдеткен Алтын Орда ыдырап, басынан бақ тайып, дүние шыркөбелек айналған шақта әкесімен бірге кешегі бодан  елдің жаңа   билеушілеріне қызмет етуге қосылған Сайын Болат жастайынан дінінен бездіріліп, шоқындырылса керек. Симеон деген есім алып, болмыс-бітімі  мүлдем  өзгереді. Әкесінен ерте айрылған баланы Грозныйдың   қамқорлығына алуы да ойландырады. Арғы нағашы жұртынан шыққан, сол кездегі жорықтарда таңдаулы жасақтарға басшылық жасаған, зеректігімен көзге түсуші әрі екінші әйелі  Мария Темрякованың туысқанын байқампаз патша жанына жақын тартуы сондықтан болар. Айтқаны екі етілмейтін қолдаушысының талабымен князь Иван Федорович Мстиславскийдің жесір қызы Анастасия Черкасскаяға үйленуі айналасындағылардың мысын басып,  абыройын асырады. Ұлы князь мәртебесі беріліп, әміршінің адал нөкеріне айналады.

Орыс жылнамашылары мойындауы бойынша күшейе бастаған Мәскеу князьдігі билігіне Алтын Орданың бұрынғы хан-сұлтандарынан тараған бекзадалар «честию бояр выше» дейтіндей зор құрметте болған. Мәселен, Ресей саяси өміріне елеулі із қалдырған Аксаков, Юсупов, Бердяеев, Тенишев, Урусов, Карамзин, Кутузов, Третьяков,Шереметев, Шайдяков, Чаадаев сынды князьдер  тегі кім екенін жеке таңбалары арқылы білеміз.

Ал  ұлы князьдер өзі тар жол, тайғақ кешу  сәттерде боярлар мен воеводолардан көрі алтынордалықтарға үлкен сенім артуын мысалы, 1477    жылы  Иван III-тің Ұлы Новгородқа жорығындағы барлық іс-әрекетті ханзада Мұртазаға немесе 1518  жылы Василий III-тің Қырым ханының Мәскеуді  қоршап алуында қорғанысты қызметіндегі  хандар  ұрпағына артуы  көрсетеді. Егер қолға қонған мүмкіндіктерге орай бабаларының бойындағы ғажайып  қасиеттерін кайталай алғанда, әсіресе,Симеон Бекболатовичке   Ресей тарихын мүлдем басқаша қалыптастыруы қиын еместей көрінеді. Қалай дегенмен де жастайынан желеп-жебеушісіне  қалтқысыз адалдықтан айнымайды.

Иван  Грозный  11 айдан кейін  орнына қайтып оралғанда өзіне деген қылаусыз қызметін бағалап, Тверьге билік етуге жібереді. Онда да мәскеудегілер тыныш қалдырмай, ұзақ жасамаған жаңа патша  Федор Ивановичтің  орнын басуға айқасушы Борис Годуновқа қарсы төңірегіне топтасуды сездіреді. Оның бұған құлықты болу-болмауы  белгісіз.  Алайда, қулығы құрық бойлатпаушы Годунов ақыры арманына жетуінде де әр боярға  «Царя Симеона Бекбулатовича и его детей и иного никого на Московское Царство не хотите видети» деп крест сүйгізіп, уәде бекіткізуі  мәлім. Қаны алтынордалық  ол да  бәсекелесін оншалықты  қудаламай еркінше өмір сүруіне мүмкіндік береді.

Міне, уақыт мұнары көлегейлеген бұл адамның тағдырынан тұтас  бір дәуір болмысы сезіліп, есіп тұрғандай  демейтін несі бар.    Саяси жымысқылықтың айласы болғанмен   Ресей патшасы атанған Сайын  Болат  Бекболатұлы, яғни Симеон Бекбулатович турасында  қысқаша бір үзік сыр осындай.

Айқын Несіпбай.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.