Басты тақырып

Бүгінгі ауыл – көркею ұшқыны

   «Ол кезде Шудың бойын қыстап, ерте көктем қар-суын қуалай көшіп Арқаға құлаймыз.

Арқаға іліккенде қой төлдеп болады. Көшу – қазақтың төл кәсібі болғандықтан ба, бірде бір қабақ шытқан жанды көрмейтінбіз. Әйтеуір, бір қуаныш, елден бұрын аттанып, көшті бастау да өзінше бір мақтан. Мына жаман шешең алдына көш түсіріп көрген жоқ. «Итің-ау» десем өкпелеп, «қасқырың-ау» дегенге мәз болатын. Жап-жас кезі ғой. Шуда қыс дегенді білмейміз. Ептеп суытқанының өзі жұмсақ, малға жайлы. Бір жылы «күн суытады, қамданыңдар» деген хабар келді, ол кезде рация. Менің бағып отырғаным – кілең қозы-лақ. Әлгі хабарға елең еткен жан байқалмайды. Шудың қасқашуағы сыр білдірер емес. Содан шешеңді ертіп, қамыс қора салуға кірістім. Нарқамыстан арасын бес қадамдай етіп екі қатар қалың шалыны арқан бойы тартып апардым да, түбі көмілген қамыс басын кеуде тұстан ішке қарай сындырып бір-біріне байладым. Жадағай төбеге түскен қар мал буымен тамшыламас үшін басы буылған нарқамысты тағы да жетерлік етіп дайындап алдым да, төбеге жондап салған шөпті бастыра көлденең тастадым. Әлгім жып-жылы қойқора болып шықты.

Хабар расталып, нағыз қыс түсті. Паналайтын жері жоқ мал жегені жұқпай қырыла бастады. Елден бір топ адам кәмисә шығып, сонда Нұғыман марқұмның «жұрт таяқ ұстап қалып жатқанда тышқақ лақ бермегенің – ата-баба аруағының қолдауы шығар» дегені әлі есімде. Құдайға тәуба, ұятқа қалған жерім жоқ…»

Біз атбасын тірегелі келе жатқан белгілі қожалық иесі Зейнұллаға әкесі Әбілданың сан мәрте қайталайтын әңгімесінің бір үзігі осылай аяқталатын. Неміс тұтқынынан қашып, соғысты пулеметші болып аяқтаған Әбілда елге келген соң көпке дейін жауапқа шақырылып тұрды. Заман өзгергенмен өмірбаяндағы дақ алдынан шыға берді. «Жеңіс» кеңшарының маңдай алды шопанына «Еңбек Ері» бұйырмады. Тек, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденін иемденді. Бала сүйіп бақытқа бөлену де Әбілдаға зарықтырып барып келді. Осы жалғызы – Зейнұлласын он жылдан асқанда көрді. Бар білгенін осы жалғыздың бойына сіңірді. Кер даланың жалбызы – жұпар, жалғызы – сұңқар келетініне сенді. Әбілда Кенжебай-Самайдағы кең өрісін Зейнұлласына мұра етіп қалдырып, тоқсанға таянғанда дүниеден өтті.

«Мал баққанға бітеді» деген рас. Бүгінде мал аяғы сиреген құмның майкөдесі құт болып отыр. Өрістен тарлық көрмеген жылқы жаңбырлығын тез жауып, жақсы табыс әкелуде. Жер шалғайлығы мал сүтін базарға шығаруға қиындық келтіретіндіктен, бұзау да, құлын да көбіне енесінің бауырында. Күзгі базарда торпақтың тайынша, жабағының тай таразысын басатыны сондықтан.

Ұшақтан күтіп алған курстасым, қоярда-қоймай, Қарағандыдан өз көлігімен алып шықты. Құмның жайлы жолымен қайқаң қағып келе жатқан ақ «Лексус» иесінің бір иекартпаның астынан шыға келген ауылға жақындай бергендегі бірінші сұрағы «мына жарқырап тұрған баз бір дәудікі шығар?» болды. Оның сұрағына жауап беруді кейінге қалдырып, көлігін сол базға бұрғыздым.

Баз алдына келіп тоқтаған бізді елеген ешкім болмады. Баз бен үйдің арасындағы атшаптырым арандағы қойды өргізіп жүрген адам да біз жаққа бұрыла қоймады. Базды аралап, әкесі Әбілданың тап-тұйнақтай ісінің ізін байқадым. Мал тұратын қалта тіреулерінің түбін цементке орнатып, жоғарғы жағын арқалыққа бұрандамен бекітіпті. Қалта еденіне ұра жақ басын сәл биіктеу етіп, ара-арасынан саңылау қалдырып, ағаш (шпал) төсепті. Саңылау майда құммен толтырылған. Мал астының құрғақ болуы әбден ескерілген. Содан, манағы кісіні шақырдым. Біз келе жатқан үйдің ұлы Алмасбек екен. Сәлемді кісі үстінен беріп қала бермекші. Өз жағыма шақырып, арқадан қақтым.

Анасынан шарана күйінде жетім қалған Алмасбекті Зейнұлла қойынына тығып әкеп, бала емізіп отырған әйелі Розаның бауырына салды. Жетімек жарымайды деп, тинемдей қызын суалтып, туыстарына шырылдатып беріп жіберді. Сәлемді кісі үстінен беріп тұрған сабаз, сол шақалақ – Алмасбек.

Зейнұлла Әбілданың жалғызы болғандықтан, оны Ысқақ әжі әулеті төбелеріне көтерді. Оның түнде үйден шыға қашатын әдетін Бекейі (Берген – әкесінің інісі): «Есіктен шығып кетпеуі үшін көлденең төсек салып жататынмын» деп есіне алады. Айбаланың өскен ортасы оны тинемдейінен домбыраға, әнге баулыды. Ол халық ақыны Бұралқы Құдайбергенұлының «Игенсерісінің», нағашысы Сейілбектің, құлыным Рахманым жүз әннің сөзін жатқа білетін еді, ең алдымен «Жоныпалдыны» жеріне жеткізе айтуды үйреніңдер деп отыратын әжесі Тәженнің тезінен өтті. Бұрекең Игенге: «Сұрасаң менің атым Игенсері, Күнде той, күнде думан жүрген жері. Бәріміз ұйымдасып ел болайық, Қыздары Камунардың келсін бері», – деп басталатын небір күлдіргі өлеңдер үйретіп, жұрт алдында айтқызатын. «Жанымда былғарыдан қыным барда, Қыз десе бозбалада тыным бар ма? Солқылдап екі шекем жүргізбейді, Япыр-ау, қыз дегенде жыным бар ма?!». Бұрекеңнің 4-5 жастағы «серісінің» репертуары осылай жалғаса беретін. Игенсері – Әбілданың Бергеннен кейінгі інісі.

Зейнұлла домбыраны нағашысынан үйренді. Секеңнің бір қасиеті – сұлу атты, сәнді киінгенді ұнататын. Ал, оңашада құйқылжытып отырған домбырасы бір адам кіріп келсе бірден кібіртіктеп қалатын. Ертеректегі ғажайып күйші Төбел атамыздың да жұрт алдында жүрісінен жаңылатын әдеті болса керек. Бір кезде, домбыра үйреніп жүрген жас балаларға үлкендер «Төбелше жыбырлатпай, қадап тарт» деп зекуші еді. Арқа шертісінің күзетшісі екен ғой солар… Солардың талғам-тезі сұлу шертісті осы заманға жеткізіпті… Жезқазған базарына ет өткізіп, таң ата келген Зейнұлла мен Берді біздің дабырымызды естіп, түпкі бөлмеден шыға келді. Бауырыма қысып, маңдайларынан иіскедім. Жүрек шым етті… Бір дәнін бөліп беріп, татулық туын тігіп кеткен ағатайым (Әбілда) түсті еске… Шайдан соң Зейнұлла құлын көруге апарды. Желідегі бес құлынның біреуі қылқынуға таяныпты. «Көрдіңіз бе, Керайғырдан аумайды. Бір жеті болып қалды, жуасыйтын түрі жоқ, уытты» деді, атқұмар Берді. Шаруашылықта тірек болып отырған, негізінен осы Берді. Зейнұлла әкесінен үйренген темір тәртіпті Бердіге сіңірген секілді.

Біз құлынды тамашалап тұрғанда, бір құла төбел байтал құйрығын шаншып шұрқырай кісінеген бойы бір төбені бетке алып шыға жөнелгенде, әлгінің артынан кісінеп енесі ілесе беріп еді, желіден шыға шапқан Тоқпақ жал торы айғыр биені қайырып әкеп желіге тықты. Сөйтті де шұрқыраған бойы төбеден асуға таянған байтал жаққа құлағын тіге бір қарап алды. Біздің аң-таң болғанымызды байқаған Зейнұлла: «Күйлеген өз байталын ұзатқаны ғой. Ана қырдың астында Белтайдың жылқысы бар», – дей салды. Мәселені ежіктеп түсіндірген соң, курстасым «не вероятно, не вероятно» деп бас шайқаумен болды. Зейнұлланың ат десе ішкен асын жерге қоятынын, өз өңірінде талай бәйгіні қанжығаға байлаған атбегі екенін ол қайдан білсін?! Енді ат жаратумен Берді айналысып жүргенінен бейхабар ғой.

Уыз қымыз бойға тарап, мұрын терши бастағанда бағыланның еті келді. Теңкиіп жатқан Сарыарқа қойы қозысының құйрығы екенін, кемінде 25 келі ет беретінін серігіме мақтана айтып жатырмын. Жеңістен алпыс-ақ шақырым Кенжебай-Самайдың малы ерекше семіз, еті дәмді келетінін, шіркін жол салып беретін бір мұсылман табылса, қыстағы қатынас жақсаратынын да жеткізгендеймін.

Ет желініп, бал қымыздың бірер кесесін сімірген соң, дауыстың ескіргеніне қарамай, Сәкенге арнаған «Дарабозым» деп аталатын әнімді айттым. Ондағым – «Ат тұрмас аяғының желі болса, Тұсынан шапса біреу қиқу салып» дегендей Зейнұлланы селт еткізу. Зейнұлла ойымды түсінгендей, сүйкімді жымиысымен домбыраны алды.

– «Айбозыма» бір басшы, – дедім қомданып.

– Ағатай, домбыра ұстамағалы талай заман. Анада Ілия Жақанов Жаңаарқадағы халықпен кездесуіне шақыртыпты, бір жағынан, аудан әкімі де өнерге жаны жақын адам, сол кісі айтты ма екен, әйтпесе… – деп Зейнұлла өзінің құлақ күй, майда бүлкіліне салып біраз отырды.

– Әуелі өзіңіздің «Түгіскеніңізді» айтып көрейін. «Кер дала сағым буып шаршатқанда, Кез болып Қаражартас тар шатқалға, Түгіскен жер жаннаты құлпырыпты, Сарысу бір бұрымын тарқатқанда…», – деп Зейнұлла әнге сүңги жөнелді. Әсем әуен… Домбыра… Тылсым тыныштықта осы екеуі ғана… Маңайдағы дүние атаулы балбырай жұтылып бара жатқандай…

Зейнұлла бабында екен. Садағаң кетейін Арқаның топырағы, небір дүлдүл әншілерді дүниеге әкелдің. Мына Зейнұлла солардың жұрнағы. Біз заманында Қосымжан Бабақов, Жүсекеңдерді көзбен көрсек, олардың әнге деген биік талғамын Зейнұллаларға жеткізген Игіліктер, Қайрат, Бекболаттар.

Бір ғажабы, Арқа, әсіресе, Жаңаарқадан сан жетпейтін сері шыққан деп, жайың жәннатта болғыр, Ақселеуше мақтанбағанның өзінде, соның жүзге таяуы бүгінде біздің ортамызда жүргені шындық. Мұны белгілі домбырашы, сазгер, өнер жанашыры Жақсылық Мағзұмұлының «Жаңаарқа әншілері» деп аталатын зерттеу еңбегі дәлелдей түседі. Сол үлкен шоғырдың ішінде еңбектің сірі алақаны, қысқаш саусағын дегеніне көндіріп, домбыраны бебеу қақтыра бастаған Зейнұлла да бар. Кезінде фольклорлық экспедициямен қазақтың ән-күйлерін жинауға шыққан музыка зерттеуші ғалым Аида Әбдірахманқызы Зейнұлланың үніне ерекше ризшылығын «нағыз академиялық дауыс» деп білдірген екен. Бүгінде алпысты алқымдап қалған, заман талабына сай ауылды көркейтуде көш бастап жүрген Зейнұлланың әнге деген жоғары талғам-түсінігі сол дат шалмаған қалпында. Қыранша қайқаң қағып өрлеп барып, төмен сорғалайды. Мосқал тартқаннан, әлде ыстық-суықта көп жүргеннен бе, дауыста сәл ысқырған жарықшақ бар. Бұрынғы мамықтай, тап-таза дауысты іздеймін. Зейнұлла сонымды сезгендей: «Шаруадан бір минөт босау жоқ. Бірінен соң бірі туып жатқаны. Таңның атысы-күннің батысы», – деп маңдайтерін бір сүртіп тастады.

«Бәрі орнында. Тек биіктеген тұста көкіректі іске қос, үн көмейден шықсын. Ал, «Жоныпалдыға» басып көрші»,– дедім, даусының ашыла түскеніне жаным жадырап. «Дарабозым», «Айбозым», «Жамбассипар», «Ақбақай»… Дауыстағы жарықшақ жайына қалды. «Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген…». Қайран қазақ, сөзбен сурет салуға неткен шебер! Алды аяңдағанда, арты желген, сұлу жүрісті сәйгүлігін, «қызға бермес жануарын» бұдан артық қалай мақтасын, әнге қалай қоспасын?! Апыр-ай, «шаппай желген» немесе «арта желген» дейтін ұрпақ та пайда болды. Алла ақырын берсін.

Кенжебай-Самайдың майкөделі құмында мыңғырған малын, шұрқыраған жылқысын өсіріп, «Айбозын» мөлдірете бір шырқауға қолы тимей жүрген фермердің жұртқа үлгі боларлық істері мол. Сәңкитіп салған қора-жай, мал азығын әзірлейтін техника, қыста жылқы аралайтын қаршана (снегоход), базарға ет таситын арнайы көлік. Бәр-бәрі шаруаны бір күндік емес, мың күндікке лайықтап ұйымдастыратын зерделі шаруа иесінің тірлігі. Ерінбей еңбек етсең – емесің. Қазір тізгінді Берді қолға ала бастаған. Айында, жылында бір келгенде, өрістен қайтқан сиыры самаурынын құлатып кететін, ашылып-шашылып жататын ауылым етек-жеңін жинаған. Дуалы жарқыраған шатырлы үйлер көз қуантады. Туған ауылыңнан қазақ елі көркеюінің бір ұшқынын көріп қайту – жан-сарайыңды сәулелендіріп тастайды екен.

Иген ХАСЕНҰЛЫ.

Алматы қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button