Жаңалықтар

Бұқаралық спорт – ұлт саулығы

Елбасы халыққа арнаған әр Жолдауында бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу ұлт денсаулығының ажырамас бөлігі екендігін атап айтып келеді. Қоғамның қозғаушы күші саналатын халықтың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бүгінгі күндегі өзекті мәселенің бірі.

Осы орайда, халықты жаппай спортқа тарту мақсатында, ауданда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының тестілерін ұйымшылдықпен өткізуге арналған аудандық семинар өтті. Шараға қала, кент, елді мекендердегі мектептердің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен ауылдық округ және мекеме-кәсіпорындардағы спорт саласына жауапты мамандар қатысты. Аталмыш семинарды аудандық спорт бөлімінің басшысы Н.Қасымов ашып, Президенттік тестің маңыздылығына тоқталып өтті. Жалпы, бұл сынақ, жылына екі рет: қыста – шаңғы тебу мен жүгіруден, жазда – арнайы бекітілген бағыттар бойынша өткізіледі. Биылғы жылы енгізілген өзгерістер жайында аудандық спорт бөлімінің маманы Е.Ихсанов пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Смолин хабарлама жасап, арнайы бейнеролик көрсетті. Алғашында сынақ ұлттық деңгей және президенттік деңгейден тұрса, биылғы жылдан бастап оған бастапқы деңгей қосылды. Бұл деңгейдің жеті функциясы бар. Оны орындағандарға арнайы сертификат, президенттік деңгейді орындағандарға алтын түстес арнайы белгі мен куәлік, ұлттық деңгейді орындағандарға күміс түстес белгі мен куәлік беріледі. Бұл деңгейлерден өту талабы жас ерекшеліктеріне байланысты болады. Сонымен қатар, бұл сынақтан өткендерді тіркейтін құжат та өзгеріске ұшыраған. Деңгейлерді тапсырған адамдардың аты-жөндері жазылған құжатты дене шынықтыру пәні мұғалімдері ауыл әкімдігінің жауапты маманына беріп, қорытындысы шығарылып, хаттама толтырылып, мөр қойылады. Шымырлық пен ептілік, спорт ізбасарлары, күш пен батылдық, шынығу, жүзу, жетілдіру сатыларынан тұратын сынаққа аудан тұрғындарының жаппай қатысқаны дұрыс. Айта кететін бір жайт, кең ауқымды жарысты бір мезгілде ұйымдастыра алмаған жағдайда, оны бірнеше бөліп тапсыруға болады. Ауданда бассейн болмағандықтан, жүзу сынағы тапсырылмайды.
Халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру әрі жүйелі түрде спортпен шұғылдануды насихаттау мақсатында жүзеге асырылып отырған сынақты тапсыруға аудан тұрғындарына бір айға жуық уақыт берілді. Тоғыз жастан бастап, жетпіс жасқа дейінгі адамдар қатысатын бұл сынақта саннан гөрі сапаға басты назар аудару керек екендігін баса айтты аудандық спорт бөлімінің басшысы. Спортқа бейім әрі сол салада еңбек етіп жүрген мамандардың басын қосқан семинарда көкейде жүрген сұрақтар да қойылды. Спорт бөлімінің басшысы Н. Қасымов аудандағы спортты дамытуға қолдан келгенше материалдық тұрғыда көмек көрсететіндігін жеткізді. Жалпы, Президенттік тесті тапсыруда ауданның көрсеткіші 30.5 пайызға жетіп, облыс бойынша тоғызыншы орынға табан тіреген.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.
Сағыныш Әбілова

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button