Жаңалықтар

Бұқара сенімі – селкеусіз

Жұртшылық пен жергілікті билік арасында көпір болу міндеті жүктелген облыстың Қоғамдық кеңесі кешегі күні жартыжылда атқарған жұмыстарын сарапқа салды. Өткен алты айда кеңес мұрындық болған мәселелердің шешімін және оның бүгіндегі барысын байыптады. Кеңес төрағасы Ерқара Аймағамбетов мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысы туралы ақпар берді. Алғашқы отырыста Президент Ұлттық кеңестің бағыт-бағдарын айқындап берген-ді.

Бұдан кейін қоғамдық кеңестің жарты жылда тындырған ісі жария етілді. Төраға орынбасары Любовь Багирова осы уақыт аралығында қоғамдық кеңестің 6 отырысы өткізілгенін мәлімдеді. Кеңес құрамында 4 комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссиялардың алты айда 15 отырысы ұйымдастырылған. Аталған комиссиялар салалық бағыттары негізінде жұмыстар жүргізген

Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Серік Төрегелдин Қоғамдық кеңестің жоспарына сай және де облыс тұрғындарының арыз-шағымдарына байланысты бірқатар шаралар қолға алынғанын айтады. Мәселен, Қоғамдық кеңеске Саран қаласының тұрғындары қазандық сапасына, жылу беру маусымы қарсаңындағы қазандық басшыларының дайындық жұмыстарына қатысты шағымданған. Сонымен қатар, Саран қаласы әкімдігі тарапынан қысқы әзірлікті қолдау шараларының жоқтығына да наразылықтарын жеткізген.

– Осыған орай, коммуналдық шаруашылыққа басшылық жасайтын облыс әкімінің орынбасарымен, қала әкімімен, облыстағы құзырлы орындар басшыларымен Саран қаласында шағым берушілерді қатыстыра отырып, кеңес өткізу туралы сөйлестім. Нәтижесінде Саран қаласында Қоғамдық кеңес мүшелерінің көшпелі мәжілісі өтті, – деді Серік Төрегелдин.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңестің жоспарына сәйкес Жезқазғанда да көшпелі мәжіліс өткізілді. Онда өзекті үш мәселе қаралды. Біріншісі – 3 жыл бойы құрылысы аяқталмаған 320 орындық балабақша болса, екіншісі – жүк және жолаушылар көліктері жүретін көпірді қайта жөндеу, үшіншісі – Жезқазғанды ауыз сумен қамту.

Балабақша құрылысына қатысты қазіргі таңда қаржыландыру көздері қарастырылуда. Ауыз су жөнінде Экология министрлігі су ресурстары комитетінен жауапты мамандар шақырылып отыр.

Ұлытау ауданы Жезді кентінің тұрғындары кен-байыту фабрикасының көптен бері жұмыс істемей тұрғанына налыпты. Кент тұрғындары күнкөрістің бірден-бір көзі – фабриканың тарап, жабылып қалу қаупіне алаңдапты. Компания басшылығымен кездесіп, мәміле жүргізілген. Соның нәтижесінде қыркүйек айында инвестор кен-байыту фабрикасының жағдайы туралы тұрғындарға баяндайды.

Ал, Ақтау кентінің тұрғындары электр қуатына тарифтің жоғары екендігіне, Ақтау цемент зауытында жалақының төмендігі, шағын және орта бизнестің дамымай, кенже қалғандығына арызданыпты. Алдағы уақытта Ақтау кентінде қыркүйекте мәселенің мәнісін талқылауға қатысты жиын өтпекші.

Қоғамдық кеңестің құқықтық комиссиясы жұмыс жоспарын бекітіп, сол арқылы бірқатар жұмыстардың басын қайырыпты. Атап айтқанда, осы мерзімде комиссияның екі отырысы болды. Бұдан бөлек, облыстық мемлекеттік мекемелер өтініші бойынша 18 жазбаша қорытынды қаралды. Комиссия төрағасы Болат Жұмабековтің мәлімдеуінше, комиссияға 13 мемлекеттік мекеме жүгініпті.

Оған қоса, мәжілісте Ресей Федерациясы Свердлов облысының Қоғамдық кеңесімен ынтымақтастық туралы меморандум жобасы кеңес мүшелері назарына ұсынылды. Бұл меморандум аясында екі елдің кеңестері іскерлік байланыстарды жетілдіріп, өзара іс-тәжірибемен алмасады. Мұнда экономикалық, әлеуметтік салаларды дамытуға басымдық берілмекші.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button