Жаңалықтар

Бұқара бизнеске бет бұрды

Орта және шағын бизнестің буыны қатып, бекем болуы үшін мемлекет аянып отырған жоқ. Кейінгі жылдарда қарқын алған, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға жүктелген міндет – ауқымды. Бұл бағдарламалардың Үкімет артқан сол міндетті аударып алмай, кәсібін нәсіп қылғандарға қаншалықтықты септігі тиді? Ресми деректерге жүгінсек, бұл күні мұндай бағдарламалардың шарапаты тиген жұрт – қалың.

Мысалы, Қарағанды облысының кәсіпкерлері осы уақыт аралығында «Даму» қоры арқылы 484,6 млн теңгенің несиесіне ие болған. Ал, «Бизнестің жол картасы – 2020» Бірыңғай бағдарламасының жүзеге асырылуынан бастап, субсидиялау бойынша облыстың аймақтық үйлестіру кеңесінде жалпы сомасы 102,8 млрд теңге болатын 657 жобасы мақұлданған.

Оның ішінде 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында несие сомасы 12,4 млрд теңгенің 61 жобасы қолдау тапқан. Оның қатарында сомасы 7,1 млрд теңгенің 36 жаңа жобасы бар. Биыл жаңа жобалар бойынша қол қойылған субсидиялау шарты саны бойынша белсенді екінші деңгейлі банктердің қатарында «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» ЕБ АҚ бар» деп хабарлаған «Даму» қоры.

Қордың ресми мәліметтеріне үңілсек, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кепілдік беру құралы бойынша «Даму» Қорының филиалы облыстың жалпы несие сомасы 484,6 млн теңге болатын 23 жобасын мақұлдаған көрінеді.

Сонымен қатар, қордың филиалы қаржылық емес қолдау бағытында да жұмыстарды жүйелі атқарып келеді екен. Айталық, «Шағын және орта бизнес топ менеджерлерін оқыту» жобасы бойынша аймақтың 15 кәсіпкері «Назарбаев Университет» ДБҰ-ның Жоғарғы бизнес мектебі базасында оқудан өтіпті. «Даму-Көмек» бағдарламасының жүзеге асырылу аясында мүмкіндігі шектеулі 10 кәсіпкерге демеушілік көмек және көрсетілген.

Айтпақшы, қор «Студент жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау» жобасы бойынша облыстың жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының 52 студенті оқудан өткендігін мәлімдейді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button