Жаңалықтар

Бұқар баба атындағы аудан

Байтақ дала төсіндегі Бұқар жырау ауданы. 14,6 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан астықты өлке. Кемел келешекке қадам басқан Мәңгілік Елдің ажырамас бөлшегі. Қадым заманнан қазақ тұлпарының тұяғы шиырлаған қасиетті өңір. Бүгінде сан ұлт сая тапқан құтты қоныс. Бірлігі бекем, түтіні түзу тұрмыстың мекені. Бұқарша айтсақ, «…Бас-аяғың бай болып, Бәсеке дәурен сүрген жұрт…»

КЕШЕГІ КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢ

Көшпелілер өркениетінің бесігі болған бұл жерге Шыңғыс қаған мен оның ұлдарының жер қайысқан атты әскерінің тұяғы тигеніне тоқталмай-ақ қоялық. Тек, сол қаһарлы Шыңғыстың бір бұтағы хан Абылайға ақыл айтқан абыз Бұқар осындағы Далба тауына жақын жерде мәңгілік тыныс тапқанын алға тартсақ, жеткілікті болар. Аталған ауданға бабаның есімі берілуінің әбден орынды екендігін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Бұдан 21 жыл бұрын, яғни, 1997 жылы аудан Бұқар есімін иеленді.

Негізі, аудан сексен жыл бұрын құрылған. 1938 жылы. Әуелі, қызыл революционер Ворошиловтың атымен аталды. Уақыт өте – 1961 жылы Ульянов есімі берілді. 1997 жылға дейін осы атауды алып жүрді.

Тек, тәуелсіздік таңы атқан соң жоғымызды түгендеп, өткенімізді жаңғыртуға қол жеткізгеніміз белгілі. 1997 жылы қоңсылас орын тепкен Тельман мен Ульянов аудандары біріктіріліп, Бұқар жырау есімімен атала бастады. Ботақара кентіне 2001 жылы тарихи атауы қайтарылды.

Бұқар жырау ауданы – ежелден ауыл шаруашылығы қарқынды жүргізілген өңір. Кеңестік кезеңде де еліміздегі маңдайалды агроөнеркәсіпті аймақтардың біріне айналды.

 1985 жылғы дерекке сүйенсек… Ол кезде Ульянов аталған ауданда 2 мамандандырылған шаруашылық бірлестігі, 6 құс фабрикасы, 12 сүт, ет, астық, көкөніс пен картоп өндіруге, құс, жылқы өсіруге бағытталған совхоз болды.

Сол жылдары ауданда нан зауыты, ет-сүйек ұнын өндіру зауыты, сүт фабрикасы үздіксіз жұмыс істеп тұрды.

Тың игеру науқаны белсенді жүргізілген өңірлердің бірі – осы аудан. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, негізінен, дәнді дақылдар мен мал азықтық өсімдіктердің ең үздік сұрыптарын өсіру бағытында пайдаланылды. Облыс көлемінде өндірілген астықтың – 13 пайызы. Яғни, аудан жерінің басым бөлігі егін шаруашылығына бейімделді.

Дәнді дақылдармен қатар, көкөніс, картоп өнімдерін өндіруге де баса назар аударылды. Сол еңбек дәстүрінің жалғасы – Бұқар жырау ауданы қазіргі таңда да астық өсіруде облыс көлемінде алдыңғы қатардан орын берген емес.

 Аудандағы мал шаруашылығы сүтті және етті-сүтті бағытта дамыды. Облыстағы ірі қараның 15 пайызы Ульянов ауданының жайылымдарында жайылып жүрді.

Сәйкесінше, КСРО Азық-түлік бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау жұмыстары қарқынды жүргізілді. Мыңғырған малдан алынған тонна-тонна сүт-май орталыққа іркілместен жөнелтіліп жатты.

Сол шақта жер көлемі 10,8 мың шаршы шақырымды құраған ауданда 36,8 мың адам өмір сүрді. 1979-1985 жылдар аралығында халық саны 9,3 пайызға өсті. Мұндағы қазақтардың үлесі – 41,6 пайызды, орыстар – 27 пайызды еңсерді. Сондай-ақ, тұрғындар арасында украин, белорусь, неміс, татар ұлттарының саны біршама болды.

Шаруашылықпен қатар әлеуметтік салаға да барынша көңіл бөлінді. Ауданда 25 балабақша, 16 мектеп, 4 музыка және 1 спорт мектебі, 2 кәсіптік-техникалық училище, 1 музей, 363 мыңнан астам кітап қоры бар 40 кітапхана, 8 аурухана, 20 фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа қызмет көрсетіп келді.

БҮГІНГІ БАҚУАТТЫ МЕКЕН

Бүгінгі Бұқар жырау ауданы жер көлемі жағынан облыстағы 9 аудан арасында Абай мен Осакаров аудандарын артқа тастап, жетінші сатыға табан тіреп тұр.

Жетінші орын да оңай көрсеткіш емес. Біле білсеңіз, қызық іздеген жұрттың аңсары ауып тұратын Багам аралдары (13940 шаршы шақырым) мен Балқандағы аты шулы Черногория (13812 шаршы шақырым) біздің ауданнан кіші. «2022 жылғы әлемдік футбол додасын қабылдаймыз» деп дайындыққа кірісіп кеткен бақуатты Катар мемлекеті – Бұқар жырау ауданының жанында шағын көрінеді – 11437 шаршы шақырым. Тіпті, желдей жүйткіген желаяқтарымен, қара маржан Усейн Болтымен атағы шыққан Жамайка да жер аумағы бойынша Бұқар жырауға есе жібереді. 10991 шаршы шақырым. Егер, мемлекеттер тізіміне қосып жіберсек, аудан 154-ші орынға жайғасады екен. Бұл, әрине, бізге бабаларымыздан қалған сарқылмас қазына, мәңгі мұра.

Облыста жер көлемі жағынан соңғы лектен орын алса да, халық саны бойынша көш бастап тұр. 61157 адам (2018). Экономиканың қозғаушы күші – адам капиталы ғой. Мұны ауданның өзге өңірлер алдындағы артықшылығы деп білеміз.

Тұрғындардың 61,9 пайызы – қазақ. 1985 жылдан бері қазақтың үлесі 20 пайызға артқан. Бұдан бөлек, орыстар 25,8, немістер – 3,80, украиндар – 3,07, белорустер – 1,20 пайызды межелейді.

 Бүгінгі аудан экономикасы, тек, ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсіпке де арқа сүйейді. Аудан аумағында тас көмір кені табылған Қушоқы, Жоғарғы Соқыр, қоңыр көмірге бай Күмісқұдық кен орындары орналасқан. Сондай-ақ, ауданда құрылыс материалдарын өндіруге мүмкіндік беретін кеніштер барлануда. Биылғы қаңтар-маусым аралығында өндірілген өндірістік өнім сомасы 19448,7 млн. теңгеге жетті. Бұл дерек аудандағы өнеркәсіптің даму деңгейін көрсеткендей…

Ал, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 12784,7 млн. теңгені межеледі. Мал шаруашылығы өнімінің ауқымы артты. Яғни, тірідей өткізілген мал мен құс – 1,6 пайызға (8391,4 тонна), сүт – 3,2 пайызға (36 638,5 тонна), жұмыртқа – 45,8 пайызға (192072,8 мың) ұлғайды.

Аудандағы мал қарасы да көбейіп келеді. Яғни, өсім сиырда – 9,4 пайызды (91359), жылқыда – 2,2 пайызды (31602), құста – 7,1 пайызды (2463477) құрады. Әйтсе де, қой мен ешкі саны 2,3 пайызға (114 293) кеміп отыр.

Инвестиция – өркендеу кілті. Алты айда ауданға 10564,2 млн. теңге инвестиция құйылды. Физикалық көлем индексі – 101,5 пайыз. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны артып келеді. Бүгінде ауданда 2598 бизнес нысаны бар. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10,8 пайызға артық.

 Құрылыс қарқыны да жаман емес. Жыл басынан бері 4046,9 млн. теңгеге құрылыс жүргізілді. 5885 шаршы метр баспана өз қожайынын тапты.

Баспана демекші, әлеуметтік салада да атқарылған жұмыстар баршылық. Бүгінде ауданда 169 адам жұмыссыздар санатында тіркеуде тұр. Қаңтар-маусымда 1067 адам еңбекпен қамтылды. Қоғамдық жұмыстарға 166 адам қатыстырылды. Тұрмысы төмен отбасылар мүшелерінің саны 703 адамға жетті. Қазіргі таңда аудан билігі осы мәселемен бел шеше күресуде.

 Ауданда 61 білім беру, 65 денсаулық сақтау және 73 мәдениет ошағы халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мектеп жасына дейінгі (1-6 жас) 3150 бала бар. Олардың 2993-і балабақшалармен қамтылған. Ауылдық жер болса да, мектептердегі компьютерлендіру деңгейі жоғары межеде. Бес балаға бір компьютер ортақ. Бұлар – бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуді мақсат қылған мемлекеттің болашағы.

Біз көрген Бұқар жырау ауданы – кемел келешекке селкеусіз сеніммен қараған жұрттың қонысы. Елмен бірге арайлы ертеңге нық қадам басқан қауым. Түрі басқа болса да, тілегі бір жандардың атамекені.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button