Бас тақырыпОблыс әкімі

Қазыналы өңірге ерекше көңіл бөлінеді

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Қаражал мен Жәйремдегі әлеуметтік саланың дамуына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Жөнделген үйлерді кезекте тұрғандарға бөлу жоспарлануда. Мысалы, Жәйрем кентінде 112 адам пәтер кезегінде тұр.

– Келесі жылы кезекте тұрғандарға арналған 84 пәтерлік 5 қабатты үйді қалпына келтіруді жоспарлаудамыз. Бұдан басқа, тағы осындай екі үйді «Казцинк» компаниясы өз қызметкерлері үшін қалпына келтіруді ұсынып отыр. Осылайша біз баспанаға мұқтаж азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз, – деді Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев.

Жәйрем кентінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке кәріздік сорғы станциясының мәселесі де баяндалды. Соңғы 15 жылда нысан күрделі жөндеуден өтпеген.

 – Станция 40 жыл бұрын салынған. Желілердің әбден тозғаны көрініп тұр. Жақын арада қайта жаңартуды жүргізу қажет. Сіздерге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Қазіргі таңда Қаражалдағы мектептер де күрделі жөндеуді күтіп тұр. Соның бірі – №1 орта мектепте аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек болып қайтты. Облыс әкімі білім беру мекемесін жөндеуге және қосымша спорт залын салуға қаражат бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол қаланың басқа да мектептерін жөндеу қажеттігін атады.

Қаражалдағы жаңа нысандардың құрылысына келер болсақ, жоспар бойынша 2021 жылға қарай мұнда дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруі тиіс. Болашақ кешеннің жобасы дайын. Тиісті жұмыстар алдымыздағы жылы басталады деп жоспарлануда.

***

2020 жылы Жәйремде қорғасын және мырыш концентраттарын ала отырып, полиметалл кенін өңдейтін жаңа байыту фабрикасы жұмыс істейді. Құрылыс жұмыстарының барысымен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек кентке жұмыс сапары кезінде танысты.

– Инвестициялық жобаның құны – 145 млрд. теңге. Фабрика 4.0 Индустрия элементтерін қолдана отырып, ең заманауи стандарттар бойынша құрылады. Өңір үшін бұл 1000 жаңа жұмыс орны және даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді облыс әкімі. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 5,0 млн. тоннаға дейінгі полиметалл кендерін қайта өңдеуді, 72 мың тоннаға дейінгі қорғасын концентратын және 308 мың тоннаға дейінгі мырыш концентратын шығаруды болжайды.

Кен орнындағы жұмыстардан басқа, кәсіпорын әлеуметтік міндеттемелерді де өз мойнына алады. Мәселен, соңғы төрт жылда Жәйрем кентінің әлеуметтік саласын дамытуға компания 1 млрд. 800 млн. теңге бөлді. Жергілікті аурухананың күрделі жөндеуіне, мешіт құрылысына және әлеуметтік дүкеннің ашылуына қаржы жұмсалады. Сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін екі бес қабатты үйді қалпына келтіру жоспарланған.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ-да Жеңіс Қасымбекке компания өз қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін қалай шешетіні туралы баяндап берді. Аймақ басшысы «Центральный» көмір разрезін, коксохимиялық цехын және «Центр» вахталық кентінің 120 орындық жаңа жатақханасын аралап көрді. Тағы да осындай 3 нысанның құрылысы жоспарлануда. «Шұбаркөл көмір» жұмысшылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін футбол алаңы мен воркаутқа арналған алаң салынып, күрес кілемдері сатып алынған. Бұл туралы қызметкерлер кәсіпорын басшылығын өздері сұраған.

Облыс әкімі, сондай-ақ кәсіпорынның жоспарлары туралы хабардар етті. Қазір қуаттылығы жылына 1000 тонна болатын өнеркәсіп үшін белсендірілген көмір өндіру жобасы іске асырылу сатысында. «Шұбаркөл көмір» өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде ондай көмір өндірмейді, негізінен Ресей мен Қытайдан әкелінеді.

 Сонымен қатар, 175 жұмыс орнын құрумен арнайы кокс өндіретін зауыт салу жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button