«Қазыналы Қарағанды» кітап-альбомы оқырманға жол тартты

Бүгінде қазыналы өлке – кеншілер астанасы күннен-күнге дамып, республикамыздың мақтанышына айналуда. ҚР Тұңғыш Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Қарағанды қаласының 85 жылдық мерейтойына орай, Қарағанды қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен жарыққа шыққан «Қазыналы Қарағанды» кітап-альбомының тұсаукесері М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада өтті.

Іс-шараның мақсаты – оқырмандардың тарихи ой-өрісін кеңейту, өз еліне деген сүйіспеншілігін нығайту.

Жиынға Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Сергей Лебедев, тарих ғылымдарының кандидаты Жамбыл Жұмабеков, ақын Серік Ақсұңқарұлы, ақжүрек шайырлар Қайрат Асқар мен Еркебұлан Елеусізұлы, кітапханашы мамандар мен оқырман қауым қатысты.

Қарағанды – түрлі өндіріс бағытындағы алып зауыттардың, көмір шахталарының, ірі жаңа құрылыстардың мекені. Кітапта қаланың қалыптасуы, тарихи кезеңдері, инфрақұрылымы, өнеркәсіптік орталықтардың пайда болуы, демографиясы, мәдениеті жан-жақты сипатталып, айшықты суреттелген.

Сонымен қатар, қаланың Құрметті азаматтары, дарынды тұлғалары, еліміздің дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан спортшылар туралы ақпараттарды қамтиды.

Кеш өте тартымды әрі тағылымды өтті. Шара барысында Олег Дроздовтың Қарағанды туралы картиналарының көрмесі, сондай-ақ, Қарағанды қаласының құрылуы туралы бейне-слайд көрсетілді.

Қаланың тарихына байланысты көптеген естеліктер айтылып, көрермендердің қойған сұрақтарына қонақтар өз жауаптарын қызықты естеліктермен әрлеп айтып берді. Ақындар өлең оқып, жұрттың жанына рух пен сезім сыйлады.

Кітап адамзатты ізгілікке бастайтын шамшырақ емес пе?!..

Осылайша аймақ кітапханаларының қоры, қазақ руханияты тағы бір құнды еңбекпен толықты. «Қазыналы Қарағанды» кітабы өз оқырманын тауып, көпшілік сұранысына ие болары сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.