Абай

“Қазтесттің” берері мол

Абай ауданында 2015-2018 жылдар аралығында 287 мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйым қызметкерлері «Қазтест» стандарты негізінде тест тапсырған. Оның 207-сі өздерінің мемлекеттік тілді түрлі деңгейде білетіндерін растаған. Ал, 81 адам (28,2%) қазақ тілін орта деңгейде (В1) білетіндерін, сондай-ақ, 15 адам (5,2%) жоғары деңгейді (С1) көрсетті. Бұл көрсеткіштер қызметкерлерді тест тапсыру жұмыстарына әлі де тыңғылықты дайындалуға міндеттейді.

Осы мақсатта Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі облыстың тілдерді оқыту орталығымен бірлесіп, «Қазтест жүйесінің ерекшелігі және тест тапсырмаларын орындау жолдары» тақырыбында семинар өткізді. Мамандар мемлекеттік қызметшілерді «Қазтест» тапсыруға дайындап, әдістемелік көмек көрсетті. Оған қоса мемлекеттік тілді «Қазтест» стандарты негізінде оқытудың жаңашылдықтарымен таныстырды. Семинар барысында аудандық тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Э.Есембайқызы «Қазтесттің» маңызы мен өзектілігіне тоқталды. Мемлекеттік бағдарламаның басты нысаналы индикторлардың бірі – мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін айтып, аудан бойынша сынақ тапсырған қызметкерлердің көрсеткіштерін баян етті.

Жиында облыстық тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Динара Әбілсейітқызы «Қазтест» жүйесінің құрылымы, тапсырмалардың мазмұны, тіл білімін бағалауға лайықтылық дәрежесі, ересек тұрғындардың қазақ тілін меңгеруге деген құлшынысын баяндады.

– Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында насихаттық-әдістемелік семинарлар өткізген тиімді. Мемлекеттік тілді меңгерту бағытындағы тіл оқыту әдістемелерін жетілдіру мен жалғастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі, – деді Динара Әбілсейітқызы.

Семинар жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға сертификат табыс етілді. Ұйымдастырушылар «Қазтест» жүйесінің бөліктері – тыңдалым, жазылым, оқылым мен лексика-грамматикалық бөліктер бойынша тапсырмалардың мазмұнын түсіндіріп, тыңдаушыларды қызықтыратын сауалдарға жауап берді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button