Тұлға

Ғазиз жүрек

Иә, аты да, заты да – Ғазиз менің кейіпкерімнің. Қарқаралының тасынан сұраңыз, кәрісі мен жасынан сұраңыз. Майда қоңыр желден, ол аз десеңіз, елден сұраңыз… Белгілі дәрігер, КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі, абзал аға, ардақты ардагер Ғазиз Жақыпұлы жайлы. Бәрі айтады, жаппай растайды бұл сөзімді.

…Қасиетті Қарқаралының бір дөңіне шығып тыныстаған қария айналасына көз жүгіртті. Дөңгеленген дүниенің демінде өз тағдырының тынысы бар. Тағдырының сыйынан сынағы басым болған екен. Тіршіліктің тірнегінде жұмыр басты пендеге тән соқпақты шиырлап өткенімен, өз үні, өз биігі, өз жолы болғанын бағамдайды. Өткенге деген аңсар көңіл жүйрік қиялын тым алысқа шығандатып әкетті. Артта қалған күндердің де өз өрнегі бар екен-ау. Әкеден жастай қалып, жетімдікпен басталған тағдыр жолының тарам-тарам иірімі терең-терең әжім болып, нұрлы дидарына көшіп алған. Бесіктен белі шықпай бейнетке жегіліп, қанша сүреңсіз күндерге шаттығын ұрлаттым десе де, есін білгеннен бергі өмірінің әр сәтінде тәп-тәтті сағыныш бар.

 Тап бүгін өмірінің сексенінші белесін бағындырып тұрса да, санасы – сергек. Он сегіз мың ғалам деп аталатын дүниенің дидары Ғазиз ағаның ғазиз жүрегінің төріне қонақтап, жанарында жарқылдайды. Бәрі-бәрі – кешегідей көз алдында. Өткір жанарында – өмірдің өзі, ғазиз жүрегінде – мейірбандықтың көзі бар. Ой орманы – Қарқаралының қарағай орманынан қалың. Алайда, адастыра алмады. Абыздық биігінен базары кемшін бала күндеріне тіке тартты.

 ***

Тағдыры әу баста маңдайынан сипамаған. Жігері мен өмірге деген құштарлығы мақсатына жеткізіп, жақсы атын шығарды. Төрт жасында әкесі майданға аттанған. Әкесін содан қайтып көрген жоқ. Сұрапыл соғыстан оралмады. Анасы марқұм төрт баланы жалғыз өзі жеткізіп, ел қатарына қосты. Алдарында – колхоздың 20 сиыры. Оның күтімі де, жем-шөбі де, өнімі де – анасының мойнында. Жалғыз өзі сауып, сүтінен май айырып, мемлекетке тапсырады. Арасында егін орағы, астық бастыру, қой қырқу деген секілді шаруашылықтың науқандық жұмыстары бар. Қысқасы, таң бозында жұмысқа аттанған анасы байғұс өлім-қонаға келеді үйге. Өзі 5 жасынан анасына көмектесті. Жазда бұзау бақты, қыста қора тазалады. Бозторғай шырылымен оянып сауыншы анаға қолғабыс етіп, бұзау тартты.

Осынша бейнеттің өтемі деген де болмайтын. Еңбеккүн жазылады, әйтеуір. Сол еңбеккүнге берілетін астық пен ас-судың көлемін басқарманың патша көңілі біледі. Не керек, ішер ас, киер киімге жарымай өсті. Шешесі сауған сүттен шикі күйінде бір кесе ішіп алса, екі күн тоқ жүруші еді ғой. Тағдыр тауқыметін тартып бақты. Жасыған жоқ. Қайратын қазық, жігерін азық етіп, жетілді-ау…

Мектепке де кеш барған. Бірақ, оқуға деген ынтасы жоғары еді. Өнерге әуестігі бар-тын. Қазіргідей төрде ілулі тұратын домбыра қайдан болсын?! Әлдебір үйден домбыра, баян көре қалса, ұстап көруге құмартып тұратын-ды. Ақыры, баян тартып, ән айтуды меңгеріп алды.

Ол кезде музыка мектебі деген ұғым жоқ. Мектепке бір баянды әрең алғызғандары есінде. Сол жалғыз баянмен үйірме құрып, ән айтатын. Әнді ауыл ортасындағы бағанда ілулі тұратын радиодан үйренді. Сол жылдардағы «соғыстың жетімдері» атанған қара сирақтар барынша қажырлы, мақсатшыл, рухты еді ғой, шіркін… Парталас құрбысы Мағауия, сыныптас құрбылары Ораз, Санақ, Руслан, Еркін, Рүстем, Сәкендермен ғұмыр бойы аралары ажыраған жоқ. Ауыр күндер арқаға батып, қиын күндердің тауқыметін бірге тартқан достар ғой…

***

 Мектепті медальмен бітірді, Қарағанды мемлекеттік медицина институтын үздік тәмамдады. Институт бітірген жылы аспиратураға қалу жөнінде ұсыныс та болды. Ауылдағы анасы мен бауырларына алаңдаған Ғазағаң сол жылы отау құрып, «Қарқаралы, қайдасың?» деп, ауылға тартып отырды. Өзінен үлкен ағасы мектепті жақсы бітіргенімен, жоғары оқуға бармаған. Рымкүл апасы екеуін оқытып, анасын бағып ауылда қалды. Алматы кен барлау партиясында 4-5 жыл істеп келген ағасы бар табысын студент бауырларын оқытуға, ауыр бейнет салдарынан денсаулығы сыр берген анасын емдетуге жұмсады. Сонша қамқор, арқа сүйері болған Әбдірахман ағасының алдындағы парызын өтеуге де мұрша бермеді тасыр тағдыр. Қарқаралы орман шаруашылығында жұмыс істей жүріп, Алматы ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып жүрген ағасы аяқ астынан айықпас дертке шалдығып, 34 жасында өмірден озды. Артында қалған алты баласын ағаның аманатындай қабылдап, өзі пана болды.

Анасының науқасы мен ағасының мезгілсіз қазасы жас дәрігердің қайратын жанып, өз кәсібіне деген жауапкершілігін арттыруға сеп болды. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Ауыл дәрігеріне терең білімнің қажеті қанша деген сыңайлы тоқмейілсуді білген жоқ. Өзі денсаулықтың залалын тартып баққан. Институттың екінші курсында оқып жүргенінде аяғына ота жасалып, оқудан екі жыл қалғаны бар. Оқудан қалғаны ештеңе емес, ота дұрыс жасалмай, бір аяғы кеміс болып қалды. Осының барлығы «Диплом алған сәттен бастап халыққа қалтқысыз қызмет етемін! Ешбір адамның денсаулығына бей-жай қарамаймын» деген мақсатқа жетуіне негіз болды.

Зайыбы Қарлығаш екеуі институт бітіріп, Қарқаралының «Бақты» совхозына қол ұстасып бірге барды. Жас дәрігерлер отбасын совхоз директоры Ыбырай Әбілұлы құшақ жая қарсы алып, совхоздың «ГАЗ-51» жүк көлігін ауыл ауруханасына бекітіп берді. 25 төсектік аурухананың материалдық-техникалық базасы – жұтаң. «Жедел жәрдем» көліктерінің түрі – әлгі жүк көлігі. Орта буын медицина мамандары жетіспейді. Оның үстіне, шалғайдағы «Еңбек», «Прогресс» совхоздарына да қызмет көрсету Ғазекең басқаратын ауруханаға жүктелді. Қылдан таймай қызмет етті. Алыс қыстақ, жақын жайлаудың барлығын мезгілінде аралап, малшылар отбасының денсаулығын жіті бақылауда ұстады.

Сырқат дегенің ауыл ауруханасының мүмкіндігіне қарай ма? Небір тығырыққа тірелген сәттерге душар болды. Жоқтан бар жасаған кездері көп. Қарқаралыдан «Қызыл крест» қоғамы оқытқан алты баланы алып, тәрбиелеп, көмекші етіп алған. Жан серігі Қарлығаш екеуі үнемі желдің өтінде жүріп, елге мінсіз қызмет етті. Арасында оқыс жағдайлар жиі орын алып, жарақат алғандардың бейдауа жағдайымен бетпе-бет келіп жатады. Ондай сәттерде де тығырықтан жол тауып, сырқат жандарға емін дарытып жатты. Әлі есінде, ауылдың қадірлі ақсақалы Ыбырай Омаров жол апатына ұшырап, ауыл ауруханасына аса ауыр халде жеткізілді. Бас сүйегі жарылып, қансырап қалған екен. Бар мүмкіндікті пайдаланып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Аудан, облысқа жіберуге болар еді, жағдай жол көтермейді. Ауданнан да, облыстан да санитарлық топ келді. Науқастың жағдайы тасымалдауға келмейтіндіктен, 10 күнге Ғазекең қарауында қалдырылды. Науқасқа жеке пост ұйымдастырып, тәуліктік кезекшілік қойылды. Кейін облыс орталығына жіберген. Облыстық аурухана алғашқы көмектің өте сапалы көрсетілгендігін айтып, алғыс жолдапты. Ыбекең 3-4 ай емделіп, елге оралды. Ғазиз бен Қарлығашқа алғысын жаудырып, батасын берді.

Тағы бір күні ауруханаға жүкті келіншек түсті. Ішінен құлын тепкен. Қан кетіп жатыр. Облыстан санавиация шақырды. Ол келгенше қарап отыруға болмайды. Шұғыл шешім қабылдап, қажетті шаралар дер уағында қолданылды. Ғазекеңнің өзі екі сағат бойы науқастың жанынан бір елі ажырамай, қан тоқтатудың амал-шарғысын түгел жасады. Ақыры, келіншектің өмірін сақтап, ажалға араша тұрды. Ауылда да өмір бар. Өмір болғанда да, қайнаған өмір. Шаруашылық болған соң, науқандық жұмыстар бірінен соң бірі жалғасып жатады. Үкіметтің жоспары деген тағы бар. Ауыл еңбеккерлерінің өндірістік жарақат алып, Ғазекеңнің кәсібилігі сынға түсетін сәттер жиі ұшырасады. Аллаға шүкір, сүрінген сәті болмапты. Жарақаттың ауыр-жеңілі, сырқаттың күрделі-қарапайымы болатын шығар, жауапкершіліктің жеңілі болмайды. Осы қағиданы қазық еткен Ғазекең аудан, облыс басшыларының назарына ілікті. 1974 жылы аудандық аурухана дәрігерінің орынбасарлығына жоғарылатылды. Абыройсыз болған жоқ. Бірнеше баракқа орналасқан аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңіріп, жаңа типті аурухана құрылысына белсене қатысты. Кейінгі жылдары сол аурухананы өзі басқарды. Сол жылдары еді ғой, бөлімшелерді ұлғайтып, лор, стоматология, урология, жан сақтау бөлімдерінің ашылғаны. Жылжымалы амбулаториялық кешен ұйымдастырып, шалғай ауылдарға медициналық көмек көрсету ісін жолға қойған да өзі еді ғой… Міне, осының барлығы бүгінде сағымдай бұлдырап, сағынышқа айналды. Сол кездері аудан медицинасының ауыр жүгін бірге көтеріскен әріптестері Мәжит Оспанов, Камел Қалиев, Жеңісқали Құспанов, Мәулен Мусин, келдібек Керімбаев, Бек Бейсенаев, Совет Нұрмағанбетов, Зұлқия Аленова, Айтбала Әбдікова, Ольга Глуховецкая, Әния Нұрмағанбетова, Рая Жасымбекова сынды майталман мамандардың қажырлы еңбегін қалай ұмытсын?!

Негізгі бас дәрігерлік қызметінен бөлек, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, 1974-1980 жылдары медицина саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына жетекшілік етті. 1980-1990 жылдары бастауыш партия ұйымының хатшысы лауазымын мінсіз атқарды. Ол аз десеңіз, зайыбы Қарлығаш екеуі де – аудан көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі. Аты аңызға айналған «Салтанат» ән-би ансамблінің ұйымдастырушылардың қатарында ерлізайыпты Ғазиз бен Қарлығаштың есімдері де құрметпен аталып жүр. Тіпті, бірі – Төлеген, бірі – Қыз Жібек болып опера орындағандары да – халықтың жадында. Кейін Қарқаралыда құрылған «Қайран, жастық» ансамблінің құрамында өнер көрсетсе, қазір Кеншілер Мәдениет сарайы жанындағы «Көзкөргендер» ардагерлер хорына қатысып жүр.

Еңбек елеусіз, ізденіс ізсіз кеткен жоқ. Зайыбы Қарлығаш екеуі де КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі атанып, екеуі де «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Төріне ырыс ұялап, босағасына бақ байланған шаңырақта өнегелі ұрпақ өрбіп, кешегі тауқыметтің өтеуі немере-шөбере қызығымен өтелуде. Бір кездері төрлеріне жайғасып, Қарлығаштың даладай кең дастарқанынан дәм татқан Әлжаппар Әбішев, Ғабит Мүсірепов, Ебіней Бөкетов, Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймерденов, Хафиз Мақажанов сынды біртуар тұлғалардың бата-тілегі қабыл болған шығар, Ғазекең шаңырағы өнеге өрісіне, ұлағат ұясына айналды. «Көсегесі көгеріп, көрпелері ұлғайған» шаңырақта тәрбиеленген перзенттері де ұядағы ұлағаттың дәнін өз ұрпақтарына сеуіп жүр. Бақыты мен Айгүлы мектепті медальмен бітірсе, Назым мен Ләззат үздік тәмамдады. Барлығы да музыкалық сауат алып, жоғары оқу орындарын бітірді. Немернің тұңғышы Берік мектепті «Алтын белгіге», Мәскеу мемлекеттік таукен университетін қызыл дипломға бітіріп, өндіріс саласында білікті инженер болып қызмет етуде. Бүгінде 12 немере, 1 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже Алланың бергенін қанағат тұтып отырған жайлары бар. 2014 жылы Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасы мен іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Отбасы – мемлекет тірегі» атты фестивальде Ғазекең әулеті «Үлгілі дәрігерлер отбасы» аталымын жеңіп алды.

***

Сексеннің сеңгірінен артына үңіліп, сергек көңілмен жасаған Ғазиз ағаның шолуы тауқыметпен басталып, абыроймен кемелденген, шаттықпен көмкерілген тағдыр жолын әп сәтте ой елегінен өткізіп тастады осылайша. Көркем із көмескіленбейді екен. Ғазиз жүректі Ғазиз ағаның ғибратты жолы да – дәл осындай өнегелі жол. Айналасын тағы бір мұқият шолған сергек қарт дөңнен ылдиға ығысуға асықпады. Келесі бір белеске көтеріліп, туған жердің көркем келбетін бұдан да биік тұрып тамашалағысы келді де, өрге беттеді. Өзімен бірге абыройы да асқақтап, адами келбеті қасиетті Қарқаралысындай ажарланып бара жатты…

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button